Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Рухани жаңғыру – ұлттық экономиканы дамыту кепілі

Осыдан бірнеше жыл бұрын экономика ғылымдарының докторы, академик,  сол кезде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев ағамызға: «Қазіргі кезде сарапшылар әлемде орын алған соңғы қаржы дағдарысының себеп-салдарын да адамзат санасының рухани дағдарысымен түсіндіреді. Сіз осыған қосыласыз ба?» дегенімде:

- Сонау ықылым заманда Аристотель «Өркениет дамыған сайын руханият құлдырайды» деген екен. Мұны Платон да қолдаған көрінеді. Бұған мен де толық қосыламын. Экономикадағы дағдарысты болдырмас үшін әлем болып оны қайта қарап, оны жаңаша пайымдайтын кез келді. Дәл осылай болса, тағы да тығырыққа тірелуіміз мүмкін. Мұны Елбасы да айтып жүр. Дүниежүзіндегі валюта саясаты, жалпы экономика мен дипломатиялық саясат – осының бәрі адамның рухани құндылықтарды түйсінуінен басталады. Жақында газеттен бір мақала оқыдым. Онда «Кеңестік кезеңдегі ой сарқыншақтарының әлі де жүруін ішкі отаршылдық деп айтуға болады» деп жазылыпты. Біздің ой-санамыз бен келешекке деген бейімделуіміз 20 жыл бұрын басқаша еді. Қоғамның рухани негізі мықты болмаса, экономика осалдық таныта береді» - деп жауап берген еді.

Расында да, дүниежүзі ғалымдарының айтуынша, технологиялық үрдістердің қарқын алуымен ғаламдық проблемалар қатарына адамзаттың рухани дағдарысы да қосылған. Осы орайда Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақ­сат-міндеттері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстары­мыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», - деп, елімізді саяси-экономикалық дамытуда рухани жаңғырудың маңыздылығына зор мән берген болатын.

Шындығында, ұлтымызды дамыту экономикалық реформалардың сауатты жоспарлануына тікелей байланысты болса, ал оның табысты іске асуы қоғамның рухани деңгейіне, азаматтардың отаншылдық сезіміне аса тәуелді.

Осы орайда еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде жүргізілген негізгі қаржы-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда. Алайда, қабылданған шаралар еліміздің экономикасын тұрақты дамытуда өзінің толық нәтижесін бермей отыр. Неге, неліктен деген заңды сұрақтар туындайды. Осы мақалада біз аталған сұрақтарға жауап іздеп көрдік...

Адами капитал – ұлт дамуының негізі


Әрбір мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын сақтауда ұлттық байлықтың тигізер әсері зор. Өйткені, қоры жоқ елдің – соры бес елі. Біз, әдетте, ұлттық байлық дегенді терең түсіне бермейміз. Кейбіреулер мұны мұнай мен газ, жер асты кен байлықтары деп түсінеді. Бұл – қате түсінік. Ұлттық байлық дегеніміз – қоғамның өндірістік әрекеті негізінде жинақталған қаржылай түрдегі елдің экономикалық жағдайының маңызды көрсеткіші. Ал кең түрде алып қарастырар болсақ, бұл байлыққа бейматериалдық игіліктер де, яғни қоғамның руханы құндылықтары да жатады. Ұлттық байлықтың талас тудырмайтын үш көзі бар: жер, еңбек және капитал. Бұларды жинақтап айтсақ, табиғи, өндірістік және адам капиталы деуге болады. Осы капиталдың үш түрі және оның дамуы Ішкі жалпы өнім болып табылады. Енді ғаламдық және ұлттық байлықтың көрсеткіштеріне негізделген Қазақстандағы адам дамуының индексі мен оның бүгінгі ахуалы жөнінде ой қозғап көрсек.

БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі демографтар мен әлеуметтанушылардың, экономистер мен экологтардың және өзге де мамандық иегерлерінің ұсыныстарын жүйелей, сараптай келе, адамзат дамуының алдағы стратегиясы жөнінде маңызды құжат әзірледі. Бұл құжатта демографтардың тұжырымдамалық ұстанымдарына басым көңіл бөлінген. Десе де, оның басты міндеттерінің бірі – ғаламдық экономикалық даму бағытындағы адам факторының мәні мен рөлін ескеру болып табылады.

ХХІ ғасыр басталғалы бері адам капиталын бағалау мәселесі күн тәртібіне шықты. Алайда, кешендік көрсеткіштерді есептеудің бірыңғай принциптері әлі де жасалған жоқ. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі бүгінде ұлттық байлықты анықтаудың маңызды принциптерін бір ізге түсіруді қолға алды. Оған мыналар енеді:

-қазіргі бір буынның өмір сүру ұзақтығы;

-белсенді еңбек кезеңі;

-жұмыс күшінің таза балансы;

-жанұя өмірінің циклі және т.б.

Адам капиталын есептеуде тұлғалық факторлардың да маңызы зор. Бұл тұрғыда мынадай жағдаяттар қарастырылады:

-адамды тәрбиелеуге кеткен шығынды есептеу;

-оқуға кеткен қаржыны есептеу;

-жаңа мамандар даярлау және оның біліктілігін арттыру;

-сырқат адамға кеткен шығын;

-өлім-жітім және т.б.

Адам факторының қайта өндірісі кезінде кететін шығын туралы ақпарат алу барысындағы қиындық, негізінен, статистикада олардың қаржылық жиынтығы емес, ағымдағы тұтынысын білуге ғана мүмкіндік бар. Бұл орайда «капитал жиынтығы» ұғымының маңызды қағидаттарын ескерген жөн. Бұл көрсеткіш негізінен кең ауқымдағы экономикалық категориялар жиынтығынан құралады. Адам капиталын бағалауда осыдан 10 жыл бұрын жарық көрген «Әлем дамуының көрсеткіші» атты арнайы анықтамалыққа көз жүгірткенімізде, онда «шынайы жинақ» деген ұғымды кездестірдік. Бұл көрсеткіш 110 мемлекеттің Ішкі жалпы өнімдерінің тұтынған және жинақталған мөлшерін анықтайтын экономикалық өлшем бірлік болып саналады. Осыған сәйкес, инвестиция көлемінің жартысы негізінен ұлттық байлықты құрайды.

Адам капиталы – адамдардың өндіріс процесіне қатысу кезіндегі қабілеті мен білімі, еңбек ету дәрежесі. Адам капиталының инвестициясына – денсаулық сақтауға, оқуға, техникалық білім алуға кеткен шығынды айтуға болады. Қазіргі уақыттағы тәжірибе көрсеткендей, экономикалық жетістік жаңа білім мен технологиялық үрдістерді қамтамасыз етуден басталады. Бүгінде табысқа жету үшін адам капиталының ресурстарын арттырудың орны ерекше. Сонда ғана экономикада әлеуетті инновация дамиды. Өйткені, инновацияның өзі бәсекеге қабілетті адам ресурстарына негізделеді. Жаңа ақпараттық, өндірістік, ғылыми және өзге де технологияларды жасап, жедел дамыта алған ел әлемдік нарықты көшбасшылар қатарынан орын ала алады. Адам капиталының жиынтығы әлемдік экономикада адам дамуының индексі (АДИ) деп аталады. Бұл көрсеткіш орташа есептегі білім деңгейін, кіріс пен халықтың өмір сүру ұзақтығын анықтайды. Қазақстанда 1990-1995 жылдар аралығында адам дамуының индексі 50 пунктке дейін төмендеді. Бұны адамдардың өмір сүру жасының 4,6 жылға кемуі мен Ішкі жалпы өнім өндірісінің кісі басына шаққандағы көлемінің 1776 АҚШ долларына дейін азаюымен түсіндіруге болады. Әлемдегі ең төменгі өмір сүру жас ұзақтығының төмендігі 1995 жылы байқалды. Сол жылы оны мөлшері 63,5 жасты құраған.

2003 жылға арналған Әлемдік адамзат дамуы жөніндегі БҰҰ-ның 2001 жылғы есебінде адам дамуының индексі 0,765-тік деңгейде болды. Бұл көрсеткіш Румынияда – 0,773, Сауд Арабиясында – 0,769 деңгейінде тұрақтады. Сол есептеуде Қазақстан әлемдегі 175 елдің ішінен 76-шы орынға табан тіреген. Есептеулер мен сараптаулар көрсеткендей, адам дамуы индексінің өсімі ІЖӨ деңгейінің 5,8 пайызына 1 пайыздан келеді. Халықтың өмір сүру жасын ұзарту үшін 0,680-нен – 0,833-ке дейінгі кірістен тұратын Ішкі жалпы өнім мөлшерін 2 есеге ұлғайту керек. Ал 100 пайыздық сауаттылыққа қол жеткізу үшін 6-24 жастағы адамдардың білім деңгейін 50 пайызға арттыру қажет.

Білім деңгейіне негізделген адам дамуының индексі бойынша Барбадос пен Сингапур 27-28 орынды иеленсе, Италия, Израил мен Португалия 21-23 орындарға тұрақтаған. Қазіргі таңда дамыған шет мемлекеттерде өмір бойы оқу жүйесі кеңінен етек алуда. Бұл Ресейде үздіксіз оқу үрдісі бойынша жүргізілуде. Қазақстанда да үздіксіз білім беру жүйесі жолға қойылуда. Еліміз батыстық білім беру моделіне көшті. Бұл дегеніміз – жоғары білімнің үш сатыдан: бакалавриат – магистратура – докторантурадан (Ph.D) тұратындығын білдіреді.

Біліктілігі төмен жұмысшыларды қайта даярлауды ғылыми-техникалық прогресс пен ғылымның шапшаң дамуы қатаң талап етіп отыр. Осыған сәйкес ұлттық байлықты анықтау ғалымдар үшін қиынға соғуда. Зерттеулердің көбісі азаматтардың білім деңгейін халықтың әр түрлі топтарын жаппай ұдайы тексеру арқылы есептеуді жөн деп санауда. Қалай десек те, біздің елімізде білімді мамандарға деген сұраныс артып келеді. Мұның терең түсінетін Елбасы Н. Назарбаев жастардың «Болашақ» бағдарламасымен шетелдің алдыңғы қатарлы едерінде білім алуына зор мүмкіндік беріп келеді. Алайда, аталған бағдарламаның іске асқанына 20 жыл уақыт өткендіктен, оның экономика мен мемлекеттік басқару салаларын дамытудағы нәтижесі әлі толық деңгейде көрінбей отыр.

Ұлттық өндіріс ішкі тұтынысқа сай ма?


Ағылшынның саяси экономикасының классигі Адам Смит халықаралық еңбек бөлінісі жөніндегі мәселелерді талдай келе, қандай тауарларды экспорттау керектігі жайлы өз ойын былайша тұжырымдаған: «Егер де бөтен бір мемлекет өзіміз шығара алатынымызға қарағанда, арзан тауармен бізді қамтамасыз етуге қабілетті болса, онда сол тауарды өзіміз шығармай-ақ, шетелден сатып алу әлдеқайда тиімді» - деген. Бүгінде әлемдік астық экспортында алғашқы ондыққа кіретін Қазақстан осы тұжырымнан сабақ алуы керек тәрізді. Себебі, бізге экспорт пен импорттың ара-қатынасын білу өте қажет. Өйткені, Қазақстан бүгінде әлемнің 70-ке жуық мемлекетіне астық экспорттайды. Ел үкіметі астығы жоқ елге астық экспорттаған уақытта өзімізге импортталатын өнімді арзан бағамен алуға келіссе, экономикалық тұрғыдан тиімді позицияда болатын едік.

ХХІ ғасыр – технологиялық индустрия ғасыры.  Экономикалық интеграция мен геосаяси бірлестіктер өркениетке жету жолында түрлі маркетингтік, менеджменттік тәсілдерді пайдалануда. Капитал мен еңбек ресурстарын, жер мен жеке меншікті, өндіріс пен шикізатты тиімді үйлестіру ғана мемлекетке пайда әкеледі. Осы бағыттағы әлемдік шаруашылық жүйесі қалай жұмыс істеуде? Ұлттық экономиканың ғаламдық өндірістік даму үрдісіндегі рөлі қандай?

ХХІ ғасырдан бастап дамыған елдердің ЖІӨ өндірісіндегі қаржы және басқа да қызмет көрсету салаларының үлесі 46,3 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш жалпы дүние жүзінде – 42,5 пайыз, алпауыт АҚШ-та – 48,2 пайыз, Ұлыбританияда – 44,3 пайыз, Жапонияда – 39 пайыз болса, Германияда 32,4 пайызды құрап, экономикалық өсімнің тұрақтылығын көрсетті. Ал бұл бағыттағы Ресей ұлттық экономикасының қарқыны мүлде өзгеше. Ресей Федерациясында ауыл шаруашылығының үлесі жалпыәлемдік көрсеткіштен сәл аз, яғни 5 пайызды құрайды.

Ал енді Қазақстандағы макроэкономикалық үрдістер қай деңгейде, соған жауап іздеп көрсек. Қазақстан бүгінгі таңда экономикадағы даму тенденциясында тұрақтылыққа қол жеткізіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кластерлік технологияны дамыта отырып, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға мән беру керектігін,  сол арқылы әлемнің алдыңға қатарлы 50 мемлекетінің қатарына қосылу стратегиясын жалпыұлттық міндет етіп қойып отыр. Бұл бағытта еліміз әлемдік алпауыт мемлекеттермен иық теңестіре сауда-саттық жасап отыр. әрине, әзірге жыртығымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеуге шикізат саласынан түскен қаржы себепші. Сондықтан да, Елбасы алдағы уақытта қазба байлықтан түскен қаржыға қарап отырмай, өндіріс пен өнеркәсіпке, ғылыми технологияға мән беру керектігін шенеуніктерге шегелеп айтумен келеді. Қазақстан бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеге назар аударып, ғаламдық нарықты жаулаудың жолдарын үйренуде.

Еліміздегі бай шикізат қорын өнім ретінде алып шығу үшін тек қана жер бұрғылай берудің қажеті жоқ. Одан да технологиялық тиімді әрі экономикалық шығыны аз өңдеуші өнеркәсіп салаларын дамытуға мән бергеніміз жөн. Сонда ғана елімізде қаптап кеткен импорттық тауарлардың үлесі азаятын болады.

Алтыншы технологиялық даму өндірісін қалыптастыру өз кезегінде экономикалық құрылымдық моделді өзгеріске ұшыратады. Жобалық бағалау мен нақты өндіріске сәйкес дәстүрлі емес энергетика, жаңа материалдар өндірісі, байланыс жүйесі мен ақпарат өңдеу, биотехнология мен туризм салаларын дамыту қажет.

Жалпы алғанда, ұлттық экономика құрылымының дамуы өндірісті тиімді құру мен оны нарыққа шығарудың пайдалы көздерін табудан басталады. Егер де сұраныс зор болса, тауар тұтынысы мемлекетке толағай табыс әкеледі. Бұл – халықтың әл-ауқатының артуының ең басты кепілі.

Экономика ғылымдарының докторы, академик Кенжеғали Сағадиевтің айтуынша, АҚШ-та экономикадағы адамның тиімділігі 1,45 % болса, бізде оның көрсеткіші – 0,29 %. Бұл дегеніңіз, біздің адами фактор бойынша тиімділігіміз америкалықтардан 5 есе төмен дегенді білдіреді. Мұның барлығы, түптеп келгенде, еңбек өнімділігімен тікелей байланысты. Біздің артта қалуымыздың негізгі себебі адами капиталға жеткілікті деңгейде мән берілмеуінде болып отыр.

Біздің еліміздегі адам өзінің өмірге деген дайындығы бойынша өркениетті озық елдермен бәсекеге түседі. Азаматтарымыз бәсекеге қабілетті болғанда ғана, мемлекетіміздің әлеуеті артады. Олай болса, тек шикызат өндірумен шектелмей, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын технологиялық тұрғыдан қолға алғанда ғана, еліміздің бәсекеге қабілеттігі артпақ.

Халықаралық сауда көлемі, әдетте, ішкі ұлттық нарықтың жиынтық көлемінен аз келеді. Ал астық саудасы оның өндірісінің 10-ақ пайызын құрайды. Қазіргі экономикада трансакциялық кідірістерге жол беруге болмайды. АҚШ-та оның көлемі ЖІӨ-нің 45 пайызын құрайды. Бұл дегеніңіз – 4,5 триллион долларға тең қаржының уақытында бюджетке түспейтіндігін білдіреді. Аталмыш мәселе тек АҚШ-қа емес, өзге де дамыған елдерге тән. Бүгінде азық-түлік нарығы үнемі өтпелі теңсіздік жағдайына душар болуда. Нарыққа қатысушылар өз белсенділіктерінің орны мен жағдайы туралы әрқашан маңызды ақпаратқа ие. Сондықтан да олар өзге қатысушылар мен мемлекеттік реттеу мекемелеріне азық-түлік нарығының алда болатын сауда операциялары туралы ештеңе сездірмеуге тырысады.

Астықты сату құқығын әрбір компания иелене алады. Мұндай құқық өз кезегінде стандартты қаржы құралын, опционды (мерзімдік биржа мәмілесіне енгізілетін, екі жақтың біріне екіұдай мәміленің бірін таңдау құқығын беретін шарт) береді. Опциондар нарығы соңғы уақытта шапшаң дамуда. Соңғы 10 жыл ішінде фирмалар өзге фирмаға тиісті тауарға төлем жасау режимін пайдаланатын құқық алмасуды жүзеге асыра бастады.

Соңғы уақытта экономист мамандар «Әрбір ел өзінде бар өндірістік факторлар қатынасына қарай мамандануы керек» деген қорытындыға келді. Расында да! Мысалы, жерге бай, бірақ капитал мен еңбек ресурсына кедей Австралия өзінің Ұлыбританиямен айырбасында бидай өндірісіне, мал шаруашылығына, мал азығын дайындау мәдениетіне негізделіп мамандануы керек болды. Ал қаржы мен еңбек ресурсына бай, десе де жерге жарымаған Англия Австралияға дайын өнеркәсіп тауарларын шығаруға машықтанды. Сондай-ақ Белоруссия Қазақстанға трактор сатса, еліміз бұл елге астық сатуда. Осы екеуінің арасында да үндестік болуы керек. Бұдан шығатын қорытынды: қайсыбір мемлекет болмасын экономикадағы халықаралық айырбас механизмін өзіне сұраныс тудырып отырған тауарға қарай реттегені жөн. Ал бұл өз кезегінде әр елдің қарауындағы өндірістің ұлттық факторларын оңтайландыруға жол ашады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының болжамдарына сүйенсек, алдағы 20 жыл ішінде дамыған елдердің азық-түлік тұтынысы мен сапасында өзгерістер болады екен. Ал әлемдік экспортқа астық шығарудан алғашқы орындарды АҚШ, Австралия мен Жаңа Зеландия елдері иемденеді деп күтілуде. Шығыс Азия мен Шығыс Еуропаның біршама дамушы елдері ауыл шаруашылығының тауарларын тұтынушы импортер елге айналуы мүмкін. Ал ірі өндіруші-мемлекеттерде жаңа сауда нарығы пайда болады деп болжамдалуда.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің протекционистік шараларының әлсіреуі импорт көлемінің көбеюіне әкеліп соқтырады. Бұл өз кезегінде осы елдердің ауыл шаруашылығы құрылымдарында қайта құру процесін жүргізуге мәжбүрлейді. 2020 жылға қарай дамушы елдер өздерінің астық өндірісін 55-тен 59 пайызға дейін, ал ет өндіруде 54-тен 61 пайызға дейін арттырады. Бұл елдердегі кісі басына шаққандағы орташа астық тұтыну көлемі – 33 пайызға көбейсе, ал ет өнімдерін тұтыну 2 есеге өспек. Алайда бұл елдер өз тұтыныстарын толық қамтамасыз ету үшін 200 миллион тонна астық пен 7 миллион тонна ет өнімдерінің импортын қабылдауға тура келеді. Экономика сарапшылары алдағы болашақта азық-түлік өндіріснен мол пайда табатын елдерге АҚШ пен Жаңа Зеландияны, Голландия мен Канаданы жатқызады.

Әлемде ауыл шаруашылығы саласы дамыған, жерінің берер жемісі өзінен артылып жатқан, оны экспорттау арқылы байып жатқан бірнеше мемлекет бар. Солардың ішіндегі алтынға баланатын астықтан бірегейі – Канада болса, ет пен сүттен озығы – Голландия. Бұл екі елде әлемдік азық-түлік нарығына шығаратын миллиондаған тонна бидайдың, жүз мың тонналаған ет пен сүт қоры бар.

Бүгінгі таңда еліміз астық өндіруге маманданғанына қарамастан, бұл салада шешер мәселе жеткілікті. Дүниежүзілік экономикалық конъюнктураның құбылуы отандық астық саласы мамандарының ішкі нарықты шетелдік бағамен сәйкестендіруге ықпал етуде. Сарапшылар  Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі астық бағасы негізінен екі факторға тәуелді екендігін айтады. Оның біріншісі - экспорттық тасымал құрылымының жақындығы, екіншісі - жергілікті рыноктардағы сұраныс көлемі. Осы екі фактордың біреуінің өзі баға көтерілуіне мұрындық бола алады.

Даму тетігі – мұнай мен газда емес, инновацияда!

Кезінде ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен әлемді бағындырған Әмір-Темір: «Тай баптай білген, ат та мінеді» деп, даналық ой айтқан екен. Бабадан қалған бұл сөзді неге еске алып отырмыз? Бұған себеп те жоқ емес. Нарықтық қоғамның алғашқы ауыртпалығына шыдас беріп, дамудың даңғыл жолына көш бастап, белін тіктеп, буынын бекіткен Қазақстан әлемдік интеграцияның шеңберінен шет қалмай, бүгінге дейін тәуелсіздігін сақтап қана қоймай, (тфә-тфә!!!) экономикада да елеулі жетістіктерге жетті. Дегенмен, әлі де болса өңдеуші өнеркәсіптің кенжелеп қалуы, соның салдарынан экономиканың әртараптанбауы халқымыздың әл-ауқатының артуына қолбайлау болып отыр. Оған қоса, инфляцияның ауыздықталмауы мен бизнес субъектілері санының соңғы жылдары күрт азаюы мемлекеттік бюджетке түсетін салық мөлшерінің азаюына алып келуде. Мәселе неге бұлайша күрделеніп кетті? Енді оы жөнінде ой өрбітсек...

Еліміз егемендік алғалы бері экономикалық реформамен қатар жағаласып, бюджетіміздің бүйірін тесіп, ырысымызды сорып алуға дайын тұратын кенедей кеміргіш инфляциядан құтыла алмай келеміз. Зейнетақы мен жалақы, жәрдемақы мен төлемақы көлемі сәл артса болды, ақша құнсызданып, базар бағасының шарықтап кетуі – қалыпты құбылысқа айналғалы қа-шан... Әрине, инфляция әлемдік экономикада да байқалатын жағымсыз құбылыс деп, көңілді демдеп, өзімізді жұбата салуға болады. Алайда, инфляцияны жайдан-жай пайда болып, жайдан-жай жоғала салатын сағым дей алмаймыз ғой. Яғни, біз инфляцияны өз қолымызбен де жасай аламыз. Ақша айналымының шектен тыс көбеюі, жоспарланған қаржының уақытылы игерілмеуі, ел қаржысының талан-таражға түсуі, мемлекеттік табыстың әлі күнге шикізаттық өндірістен түсуі инфляцияның қарқын алуына таптырмайтын себеп болып отыр. Мұны отандық экономистер білмей отыр емес. Елбасы да бұл құбыжықпен күресудің тиімді жолы кластерлік экономикаға көңіл бөлуді, ол үшін әлемдік стандарттарға жауап беретін, бәсекеге қабілетті тауар өндіру керектігін талай мәрте айтты. Қара алтыннан түскен пайдаға иек артып, ертеңгі күні ол таусылғанда Крыловтың мысалындағы шегірткенің күйін кешіп кетпесімізге кім кепіл?!

Мұндай күйге түспес үшін мұнайға қарап отыра бермей, қайта өңдеу өнеркәсібін мықтап қолға алып, қолынан іс келетін кәсіпкерлерді қаржылай қолдап, олардың жұмысына кедергі болатын бюрократизм мен сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуіміз керек. Өйткені, адал еңбектің арқасында байыған адамдар бар ел ғана бай мемлекетке айнала алады. Бай демекші, бүгінгі қоғамда кедей – бай, бай – құдай болсам деп талпынып жатыр. Бірақ, бай болудың құйтыртқы жолын қуып, көлеңкелі бизнестің арқасында қалтасын қампитып, ел қаржысын қанап жүргендер қаншама?! Ал жалпы әлемде соңғы жүз жылда өзіндік бет-бейнесі бар 500-ге жуық миллардерлер қалыптасып үлгерген деген дерек бар. Бұлардың 200-ге жуығы ғаламдық дамуға әсер ете алатындай асқан байлар көрінеді. Міне, бұл адамдардың әулеттері бүгінде жер жүзін өз пайдаларының ошақтарына айналдырып келеді. Олар құрған трансұлттық корпорациялар инеден бастап, ұшаққа дейінгінің барлығын өндіріп, әлемдік шаруашылықтың жартысына жуығын өз уыстарында ұстап келеді.

Бүгінгі күні өмірімізге дендеп еніп, қолданысы кеңейе бастаған «инновация» термині ауызекі тілде ғана емес, қоғамдық қарым-қатынаста кеңінен қанат жайып келеді. Енді осы сөздің түп-төркініне үңіліп көрелік. «Инновация» ағылшын тілінен аударғанда «жаңалық енгізу, жаңашылдық» деген ұғымды білдіреді. Жаңа өндірістік процесті, өнімді немесе қызметті игеру, анығырақ айтқанда, жаңалықты инвестициялау деген мағына береді. Басты мәні – бұрын болмаған жаңалық, қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандырудың жаңа әдісі деген түсініктеменің жиынтығы дегенге саяды.

Өмірдің өзі дәлелдеп отырғанындай, дамып келе жатқан немесе өтпелі нарықтық жағдайдағы елдердің экономикалық дамуы – бұл жай ғана ішкі жалпы өнімнің адам басына шаққандағы өсу қарқыны емес, бұл экономиканың өсімі.

Жаңартылған жағдайдағы өндірістік аппараттар, озық технологиялар, өндірістің жоғары ғылыми-техникалық деңгейі, экономиканың шикізат өндіруге ғана емес, ғылыми негіздегі инновациялық жүйеге құрылуы - әлемдік нарықтың құбылмалы конъюнктурасына тәуелді болмауға, бәсекеге төтеп беруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда әлемдік экономикада инновацияның алар орны зор. Инновациялық тәжірибені өндіріске қолданбастан бәсекеге қабілетті өнім алу мүмкін еместігін дамыған елдер ертерек түсініп, бар күштерін осы салаға жұмылдырып келеді. Осыған байланысты нарықтық экономика кезеңіндегі бәсекелестікте инновация өнімнің өзіндік құнын азайту, инвестициялар ағымын арттыру, өнім өндірушінің имиджін қалыптастыру және жаңа рыноктарды бағындырудағы аса тиімді әрі таптырмас құралға айналуда.

Дүнежүзілік шаруашылық жүйесінде ұлттық экономиканың дамуы қоғамдық өндіріс құрылымдарына тәуелді екенін соңғы уақыттарда айқын аңғарғандаймыз. ХХ ғасырда әлемде негізгі жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 18 есеге өсті. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 6 есеге артты. Бірақ есесіне оның экономикадағы үлесі 3 есеге қысқарды. Дәл осы тенденция индустриясы дамыған мемлекеттерге де тән еді. Өткен жүзжылдықта дамыған елдерде ЖІӨ 15 есе, ауыл шаруашылығының өнімі 4,3 есе көбейіп, агроөнеркәсіп өнімі 3,6 есеге азайды. Бұл деректерге қарай отырып, дамыған елдердегі ауыл шаруашылығының үлесі жалпы әлемдік өндірістен 2 есеге аз екені байқалады. Десе де, дамыған елдің аты – дамыған. Олардағы ең басты жетістік – өнеркәсіптік өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамуы, сондай-ақ, қызмет көрсету салалары мен қаржы секторындағы тұрақтылық.

Экономика жүйесіндегі даму, ең алдымен, оның құрылымдық өзгерістеріне, өндірістік өнеркәсіп өнімінің көлеміне тікелей байланысты. Бұл процесс бесінші технологиялық төңкеріспен, ақпараттық технологиялардың өсуімен, телекоммуникацияның, электроника мен электрлік құрал-жабдықтар өндірісінің өсімімен, бұқаралық ақпарат құралдарының артуымен, дәрі-дәрмек өнеркәсібі ауқымының кеңеюімен басталып отыр. Жаңа технологиялар экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беруде және де ол қызмет көрсету саласында айтарлықтай шеңберде дамуда.

Озық технология АҚШ-та 1997 жылы 64 пайызға көтерілді. Супердержавада 1990-1997 жылдар аралығында ЖІӨ көлемі 18,5 пайызға артса, қайта өңдеу өнеркәсібінің өсімі 25,7 пайызды құраған. Өндірістің бір түрі екіншісіне дем беретіні бар емес пе? АҚШ-та осы кезеңде индустриялық машина саласындағы құрал-жабдықтардың өндірісі 1,9 есеге өсіп, өнеркәсіп құрылымы жаңа технологиялық күш-қуатқа ие болса, электронды және электрлік құрылғылар саласы 3 есеге артып, әлемдік дамудың озық үлгісін көрсетті. Автомобиль және автоқосалқы бөлшектер өндірісі  де жаңа технологияға көшіп, оның үлесі 37 пайызға артқан. Әлемнің көптеген елдерінде экономикалық дағдарыс белең алып, қарапайым сіріңкенің өзі сырттан сатып алынып жатса, ал енді бір елдер қалдықтарды қайта өңдеп, өндірістік пайдаға кенеліп жатыр. Бұл – соңғы он жылда болып отырған тенденция.

Дүние жүзінде аэроғарыш саласында, компьютерлік, кеңселік құрал-жабдықтар өндірісінде, фармацевтика мен медицина өнеркәсібінде біршама капитал жинақталған. Осы салалар өнімінің өсімі 1995-2000 жылдар аралығында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде орташа есеппен 18 пайызға дейін жетті. Ішінара өзгерістерге келсек, бұл көрсеткіш Финляндияда ең төменгі дәрежеде, яғни 11 пайыз болса, жасампаз Жапонияда ең жоғарғы, 34,5 пайыздық деңгейде болды. Осы салалардағы ірі компаниялардың қызметі де ерекше. Олардың жалпы капиталдарының жиынтығы әлемдік компаниялар табысынан 2-3 есе көп. Бесінші технологияның өндіріске енуі дамыған елдердің жыл сайынғы озық технологиялық өсімін орташа есеппен 2 есеге дейін көтерді. Ал өзге өндіруші өнеркәсіп салаларының орташа жылдық өсімі осы кезеңнің соңында 10 пайызға жетті. Бұл аталмыш елдердің әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілетін арттырып, экономикалық қуатын кемелдендіре түсті. Сондықтан да еліміз отандық кәсіпорындарды қолдап, олардың дамуына, шетелдік нарыққа шығуына көмекті аямау керек. Сонда ғана біз толассыз келіп жатқан импорт тасқынына тосқауыл қоя аламыз.

Кәсіпкерлікті дамыту – кемел келешек кепілі

Біздің елімізде кенжелеп қалған салалалардың бірі – кәсіпкерлік. Бұл салада әлі күнге мәселелер шаш-етектен. Айталық, кәсіпкерлерді несиелендіру саласында қағазбастылық пен жемқорлық басым. Кәсіпкерлерді оқыту, оларға кәсіби деңгейдегі заңгерлік көмек көрсету жағы жетіспейді. Мәселен, дамыған АҚШ тәжірибесіне сүйенсек, бұл алып державада кәсіпкерлерді оқыту мен оларды кәсіп салаларына бағыттауға бөлінетін қаржының өзі біздің бюджетіміздің жартысын құрайды және ол осыдан 1,5 ғасыр бұрын басталғанына қарамастан әлі күнге дейін жалғасып келеді. Неге кәсіпкерлікті дамыту керек деп отырмыз? Себебі, шағын және орта бизнес еліміздің бюджетіне қомақты салық төлеп қана қоймай, мемлекеттің әлеуметтік, инновациялық, индустриялық реформаларын жүзеге асыруда таптырмайтын институт саналады. Шағын және орта бизнес өкілдері елімізде асқынып кеткен жұмыссыздық мәселесін ретке келтіреді. Сондай-ақ, олар қаржы нарығына серпін беріп қана қоймай, экспорттық жөнелтілім көлемін арттыруға, осының есебінен халықаралық сауда балансын реттеуге болады. Әрине, ол үшін мемлекет кәсіпкерлерге салатын салық мөлшерін азайту керек, оған қоса шетелдік өндірушілерге протекционистік саясат ұстанғаны абзал. Біздің еліміздің базар нарығында қазір қытайлардың сапасыз өнімдері самсап тұр. Олардың кейбірі тіпті адам өміріне қауіпті. Мәселен, біз Қытайдан әкелетін аяқ киім өнімдерін өзімізде өндіруімізге әбден болады. Тек ол үшін жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау білдірсек жеткілікті. Елімізде жер асты байлығы мол деп мақтанамыз. Меніңше, осы саланы шетелдік бизнесмендерге сатуды қойып, ең болмағанда, осы байлықтың 30-40 пайызын өз кәсіпкерлерімізге игеруге берсек.

Қазір біз базарға не супермаркетке барып, зат сатып алар болсақ, сатушыдан оның сапасын сұраймыз. Егер ол «еуропалық сапа» десе болды, біздің оған шындап қызыға бастайтынымыз анық. Біздің тауарларымызды да алдағы 10 жылдықта осындай атымызды естісе, затымызды сатып алатындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіре отырып, еліміздің беделін түсірмейтіндей тауарлар шығаруымыз қажет. Әйтпесе, кірпияз Еуропа халқының көңілінен шығу оңай деп ешкім айта қоймас. Осы жерде туындайтын бір сұрақ, ол сапа стандарттарына қатысты болса керек. Егер ғаламдық нарық қақпасына бас сұғар болсақ, біздің тауарларымыздың құрамы мен оның сыртқы орамының өзі көз сүйсінтуі керек. Міне, осы тұрғыдан Үкіметіміз ел кәсіпкерлерін халықаралық бизнес тұрғысынан сауаттандырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Ұлы жазушы, академик Мұхтар Әуезовтің осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен «Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім» деген сөзінің өшпес қағида болып қалатындығын бүгінгі қоғам айғақтап отыр. Елімізде жүргізілген қаржы-экономикалық реформалардың мультипликативтік нәтиже беруі үшін рухани жаңғыру аясында адами капиталды дамыту қажет. Сонда ғана елімізде көлеңкелі бизнес пен сыбайлас жемқорлық түбегейлі жойылып, еліміз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енері анық.

Айдос САДУАҚАСОВ Астана, журналист

0
0
2329

Осы тақырып бойынша