Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Рухани жаңғыру Ленин кентіне қашан жетеді?

Шүкіршілік, тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына да жеттік. Қиындықтар болғанымен, атқарылған істер жеткілікті, жетістіктеріміз де баршылық, қоғамдық санамыз да жаңғыруда. Демографиялық жағдайымыз әжептәуір түзелді. 1959 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 30%, облысымызда 24% қазақ тұрды. КСРО ыдырағаннан кейін «темір шымылдық» алынып, көптеген депортациялаған, күштеп қоныстандырылған халықтар өз тарихи отандарына Германияға, Израильге, Болгарияға, Грекияға, Украинаға, Ресейге, Кавказға, Польшаға көшуіне мүмкіндік алды. Керісінше, Елбасымыз қабылдаған шаралардың арқасында шет елде жүрген қандастарымыз ата- бабалар жеріне орала бастады. Бүгінде қазақтар топтасып, Қазақстан халқының 70% -ын құрайды, Павлодар облысында – 52% . Павлодарлықтардың 36%-ын құрайтын орыстілділер өз отаны деп Қазақстанды санайды.

Облысымызда ономастикалық комиссияның белсенді қызметінің арқасында көптеген елді мекендердің, көшелеріміздің аттары өзгерді. Көшелерімізге есімдері әйгілі тұлғаларымыздың ескерткіштері орнатылды. Ленин көшесінің Астана көшесі болып өзгеруін Павлодарлықтар қуанышпен қарсы алды. Сонда да күтіп тұрған іс әлі де көп. Облысымыздың бас қаласы патшазада Павелге сыйлық болып әлі келе жатыр. Қазақтың қанын судай ағызған Ермак бір көшеміздің атын иеленіп тұр.

Рухани жаңғыру – ойымыз бен санамызды жаңғырту, мемлекеттік тілімізді өз тұғырына көтеру. Ленин кенті - Павлодар қаласының кіре берісінде тұрған бетке ұстар бөлігі. Коммунизмді утопия деп таныдық. Ресей барлық Ленин атауларын өзгертті, көрнекті жерлерінен ескерткіштерін алып тастады. Неге бізде социализм заманында қойылған Ленин атауы сақталуда? Кенттің атын өзгертетін мезгіл жетті ғой. Сол Ленин кентінде үш мектеп бар: үшеуі де аралас мектеп. Бұл жағдайда буыны қата қоймаған қазақ тілі, шұбарланып, басылып келе жатыр. Аты халқымызға белгілі жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай: «смешанный мектептерден «помешанный» түлектер шығады». Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін, тірек бола алатын, кем дегенде бір таза қазақ мектебі керек. Шенділердің бұған құзыры жетіп тұр. Қазақ тілінің мәртебесін өз қолымызбен түсірмейік!

Амангелді Елтін, зейнеткер. 4.12.2017 ж.

0
0
447

Осы тақырып бойынша

Рухани жаңғыру Ленин кентіне қашан жетеді? - Yvision.kz