Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Рухани жаңғыру: Қазақстандағы саяси сана мен ойлаудың жаңа үлгісі

Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн.

Аймағымыздағы келер ұрпақтың алдындағы ардың ісін арқалап жүрген зиялы қауым «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ықыласпен  түйсіне оқығаны анық. Олай дейтінім, мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ. Жыл басындағы халыққа жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталды деп жарияланды. Қайта жаңғырудың екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алынған.  Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін әрқайсымыздың санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, ябасты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.

Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы.  Адам – жердегі жалғыз ақыл иесі. Саналы тіршілік. Бұл біздің түсінікте. Бәлкім, бізден тыс әлемде өмір сүріп жатқан саналы тіршілік болуы ғажап емес. Марсқа сапар енді ғана басталды... Сана – адамның қоғамда болып жатқан құбылыстарды өзінде қабылдай отырып, ішкі «менімен» ойдың таразына салып салмақтап қарайтын психологиялық объектісі. Объекті деп қарастыру қателік болар, алайда бүгінгі қоғамда санаға субъективті тұрғысынан қарай беріп, оның шынымен де бізге қалай әсер ететінін, бізге ең керек құрал екенін ұмытып кеттік. 18 миллион адамның бәрі ақылды болуы керек деген түсінік жоқ. Табиғат әркімді жеке дара тұлға ретінде бөлек-бөлек қылып жаратты. Осы 18 миллионның болмағанда 100 тұлғасы ортақ сана туралы ойланса, ортақ шешім жасау, елдің келешегі үшін, халықтың ертеңі үшін ойланса жеткілікті. Жүздің артынан мың ерсе, мыңның артынан түмен қол ерсе, сананың қалыптасқаны деген сол. Ал сол 100 тұлғаның атын атап бере аласыз ба? Әркім өзінің «идеал» көріп жүрген таныстарын, достарын іздей бастайды. Ең ақыры еліне қызмет етіп жүрген адамдардың ісіне адал баға беруден де қалдық. Кім жақсы, сені мақтайтын адам жақсы. Алашордалықтардың «Алаш» деген алып мемлекет құрып, Жапониядан үлгі алуға ұмтылғаны, осы ортақ мақсат-мүдденің, миссияның жолындағы саналы әрекеттері еді.  Ахмет Байтұрсынұлының өзі жазғандай бірі – аққу, бірі – шортан, бірі – шаян болып, Әлихан – Жапонға, Ахмет – Батысқа, Міржақып – Шығысқа тартып, алауыз болып отырса, олардың діттеген дүниесі орындалар ма еді? Әрине, жоқ. Ең басты құрал – идея және миссия. Бұл екеуінің жолында қасық қаның қалғанша еңбектенсең, таптаурын болған үй мен күйдің мәселесі көк тиын болып қалар еді...

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.

Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді.

Осы тақырып бойынша

Рухани жаңғыру: Қазақстандағы саяси сана мен ойлаудың жаңа үлгісі - Yvision.kz