Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Құрсабаев Мұхамедрахим Қыдырбайұлы. Зар-заман (толғау)

ЗАР ЗАМАН

(бабалар мақамымен)

Сұрасаң халқым, болды ғой заман
Өшті ғой үміт үзілді арман
Ес кетіп елден, күш кетіп ерден
Бар жиған дүние – қалды ғой қараң

 

Береке елден, кеткен бір жаман
Келеке бізді еткен бір заман
Жамандық жайлап, сананы улап
Қаћарын бізге сепкен бір заман

 

Кадірі ердің кеткен бір заман
Түйедей жерге шөккен бір заман
Бабалар жұртын далаға тастап
Қалаға қашып, көшкен бір заман

 

Табиғат Ана уланған заман
Қысында қары буланған заман
Қасірет-қайғы  ауру жайлап
Сүзектей өңі сұрланған адам

 

Теңгемен бәрі өлшенген заман
Шыбындай кісі өлтірген заман
Тарылып өзен, суалып көлдер
Орманы күл боп өртенген заман

 

Бүркіттен қарға озған бір заман
Дәстүрі елдің тозған бір заман
Біреуді алдап, біреуді қанап
Долларға арам толды ғой қазан

 

Байлығы жердің тоналған заман
Қыздардың ары қорланған заман
Ішкені шарап, тартқаны наша
Жастары елдің қағынған заман

 

Ниеті елдің тарылған заман
Жаманға -  жақсы бағынған заман
Таршылық қысып, жоқшылық буып
Баға алмай жанын сорланған адам

 

Дарынды ұрпақ қаңғырған заман
Парақор билер жаңғырған заман
Әкесі өлсе – бір тас та қоймай
Алтыннан сарай салдырған заман

 

Халықты байлар жалдаған заман
Табанын кедей жалаған заман
Иттер көп сүйек тастасаң болды
Бас салып бәрін талаған заман

 

Тағы да нені – сұраймын дейсің
Кеткелі  қашан – әкімнен сенім
Не өсіп кетпей, не өшіп кетпей
Қаңғырған қазақ – не деген елсің

 
0
2
997

Осы тақырып бойынша

Құрсабаев Мұхамедрахим Қыдырбайұлы. Зар-заман (толғау) - Yvision.kz