Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Құрметті талапкерлер, мектеп ұясынан енді ұшқан түлектер, ата-аналар!

Біз сіздерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің психология бөліміне құшағымызды айқара ашып, зор қуанышпен шақырамыз. Психология бөлімінің студенті болу - бұл өміріңіздегі өте сәтті шешім және жауапты іс. Жалпы біздің университет - халықаралық стандарттарға сай заманауи технологиялар негізінде білім беретін, жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшы, еліміздің ең үздік университетердің бірі. Осы университетті, соның ішінде психолог мамандығын таңдау арқылы Сіз өз өміріңіздегі үлкен жетістікке жол бастайсыз.

Философия және саясаттану факультетінің құрамындағы жалпы және қолданбалы психология кафедрасы – Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бойынша ең жоғары кәсіби деңгейдегі психолог мамаңдарын даярлайтын ipi білім және ғылым орталығы болып табылады. Университеттің психология бөлімі осы заманға лайық, кәсіби деңгейі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандар дайындайды. Кафедра түлектері мемлекеттік және әлеуметтік басқару, қоғамдық ұйымдар, коммерциялық, ғылыми және білім беру мекемелерінде жұмыс жасайды.

Философия және саясаттану факультеті АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Қытай, Түркия, Иран, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея және тағы басқа да мемлекеттердің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен бірге білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алушылардың шетелдік ЖОО-да іс-тәжірибеден өту мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ шетелдік жетекші ЖОО-лармен бірге қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлайды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Философия және саясаттану факультетінің бакалавриат, магистратура, докторантураның барлық білім беру бағдарламалары алдыңғы қатарлы Еуропалық аккредитациялық агенттіктердің халықаралық аккредитациясынан өтті.

Психология бөлімінде Ғылыми-инновациялық білім зерттеулер орталығы мен Психологиялық зертхана және көмекке мұқтаж жандарға психологиялық консультация беретін кабинет бар. Студенттер арасында түрлі үйірмелер, «Инсайт» психологиялық клубы, Жазғы және қысқы психология мектептері жұмыс істейді. Сонымен қатар, егеменді Қазақстанның тұңғыш психология ғылымдарының докторы, эксперименттік этнопсихологияның негізін қалаушы, Қазақ психологтары қауымдастығының президенті болған профессор Сатыбалды Мұқатайұлы Жақыпов атындағы арнайы дәрісхана бар. Мұнда студенттер ғылыми рухты сезінеді, атақты тұлғаның өмірбаянымен таныс болады.

Психология – бүгінгі ғасырдың мамандығы. Мамандықты дұрыс таңдау - табысты өмірдің кілті. Қазіргі таңда кез келген ұйым, мекеме психологты қажет етеді. Адамдар тығырыққа тіреліп, шырғалаңға түскен шақта қол ұшын беріп, дұрыс жол көрсете алатын білгір психолог маманға зәру. Бүгінгі таңда «психология» мамандығы әлемдегі ең танымал мамандықтардың үздік бестігіне кіреді. Болашақ психолог мамандардардың өз білімдері мен біліктерін қолдана алатын салалар саны күннен күнге артуда. Бүгінде психология ғылымы адам іс-әрекетінің әр түрлі салаларында: білім, бизнез, саясат, басқару, медицина, жарнама және т.б. салаларда кеңінен қолданыс табуда. Ғалымдардың болжауы бойынша XXI ғасыр – психология ғасыры болмақ.

Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу үлкен білімді, зор тәжірибені қажет етеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жалпы және психология кафедрасы осы талаптың үдесінен шығатын бірегей жоғары оқу орны. Өйткені мұнда өз саласының білікті мамандары шоғырланған.

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы өзінің жоғарғы ғылыми шығармашылық әлеуетімен, жауапкершілігімен, кәсіби шеберлігімен ерекшеленеді. Кафедрада 9-дан астам психология ғылымының докторлары, профессорлар, ҚР ЖҒҰА корр.-мүшесі, әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдарының академиктері, 14-тен астам ғылым кандидаттары мен PhD докторлары жұмыс атқаруда. Оқытушы-профессорлық құрамның арасында «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік жас ғалымы» және «ЖОО үздік оқытушысы» атағының иегерлері мен «Халықаралық түрік мәдениеті ассоциациясының (TURKSOY) «Адами фактор» төсбелгісінің иегерлері бар.

2016 жылдан бастап кафедраны КПЛҚ, ҚПҚҚ, ҚР ЖҒҰА корреспондент-мүшесі, арт-терапия және когнитивті психология маманы, психология ғылымының докторы, профессор Мадалиева Забира Бекешовна басқарды.

Барлық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредитациядан жоғары көрсеткіштермен өткен (ACQUIN). Кафедра қос дипломды бағдарлама бойынша мамандар даярлауда Ла Сапиенза (Рим, Италия) және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеттерімен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Кафедрада жас ғалымдар мен магистранттардың теория-әдістемелік дайындықтарын жүзеге асыратын арнайы семиналар болып тұрады.

Заман талабына сай кафедрада ағылшын, орыс және қазақ тілдерін меңгерген маман даярлау ісі жолға қойылған.

АҚШ, Ресей, Түркия, Еуропа мен Азияның ең озық университеттерінде тәжірибеден өту мен білімін жетілдіру мүмкіндігі қарастырылған.

Университеттің психология бөлімі жаңа ұрпақтың интеллектісін, күш-жігерін тағатсыздана күтіп отыр. Баланың психологиялық дамуын қадағалаудан бастап, ата-анамен жұмыс жасау, отбасыға көмек көрсетудің психологиялық әдістерін меңгеру, адамдар арасындағы қарым-қатынасты зерттеу, басшылық етудің қыр-сырын үйрену психолог маманының кәсіби қызметінің бір бөлігі болып табылады.

Кафедра мына бағыттар бойынша мамандар дайындайды:

БАКАЛАВРИАТ

5В050300 – Психология

МАГИСТРАТУРА

6М050300 – Психология

ДОКТОРАНТУРА

6D050300 – Психология

Бакалавриатты бітірген психология бөлімінің түлектері мына салаларда қызмет ете алады:

- ҰҚК, Ішкі істер бөлімдерінде психолог ретінде;

- Мемлекеттік басқару органдарында және қоғамдық ұйымдарда кеңесші-психолог

- Колледж және орта мектепте психология пәнінің оқытушысы;

- Фирмалар мен банктерде психолог-кеңесші. Бизнес пен қызметкерлердің басшылары, сондай-ақ HR қызметтер адами ресурстарды басқару департаменттерінің, жарнама және PR-агенттіктерінде арнайы қызметкер;

- Білім беру мекемелері, тұлғаны дамыту орталықтары, балабақшада психолог;

- Денсаулық сақтау және білім беру жүйесінде, отбасы қызметтерінде практик психолог;

- Заң мекемелерінде және соттық-психологиялық сараптамада психолог-сарапшы;

- Қылмыстық-атқару мекемелерінің (түрмелер, пенитенциарлық мекемелер) штаттық лауазымдағы психолог

- Әскери және құқықтық мекемелерде тәрбиеші-психолог;

- Әртүрлі ұйымдардың кадр таңдау қызметінде персонал бойынша менеджер;

- Имиджмейкер, саяси психолог;

- Әртүрлі әлеуметтік саладағы практик психолог.

Кафедра міндеті: білікті әрі тәжірибелі-бағытталған бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау.

ҚазҰУ-нің Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы- бұл:

1. Қазақстандағы психолог-практиктерді біріктіруші, және психологтарды дайындауда жетекші позицияны алушы ұйым-мекеме

2. Жоғары білікті оқытушылар құрамынан тұрады.

Кафедраның дамуындағы стратегиялық мақсат:

Екі негізгі тенденцияны жүзеге асыруда кафедра жоғары сапалы деңгейде кадрлерді дайындауды қамтамасыз етеді:

1. Кафедраның ішкі интеграциясы студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу белсенділігі азаматтық ұстанымының дамуына бағыттылған шығармашылық білім ортасын құру негізінде;

2. Кафедраның сыртқы интеграциясы Қазақстанның кәсіби қоғамдастығының дамуына әсері.

Магистратура

6М050300 – «Психология» мамандығының кәсіби қызметінің аумағы:

Жоғары білім беру және ғылыми-зерттеушілік институттарында ғылыми қызметкер

психологиялық және педагогикалық бағыттағы ғылыми зертханалар қызмткері ;

Мемлекеттік және мемлекеттік емес дәрежедегі жоғары оқу орындарында психология пәнінің оқытушысы;

Білім беру және денсаулықты сақтау аймағында мемлекеттік басқарудың органдары;

құқық қорғау органдары, пенитенциарлы және әскери мекемелер;

әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталықтары;

психотерапия және психологиялық коррекция орталықтары.

Кәсіби іс-әрекеттің бағыттары

«Психология» мамандығы бойынша магистратура түлектері кәсіби іс-әрекеттің келесі түрлерін атқара алады:

психологиялық-практикалық (психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңес беруінің мүшесі);

әдістемелік (білім беру мекемелерінде әдіскер-психолог);

ғылыми-зерттеушілің (ғылыми зертхананың қызметкері);

педагогикалық (ЖОО-ың, орта арнайы және орта оқу мекемелерінің оқытушысы).

өндірістік-басқарушылық (жоғарыда көрсетілген мекемелердегіғ басқарушысы ретінде).

6М050300 – «Психология» білім беру бағдарламаның негізінде екі білім беру траекторияның бірін таңдауға деген мүмкіндігі бар: «Жалпы психология мен медициналық психология» және «Спорт психологиясы».

Сөз соңында айтарымыз, психология мамандығын таңдаған талапкерлер ешқашан жұмыссыз қалмайтындарын жақсы біледі. Сондықтан бұл мамандықтың беделі жыл сайын артуда және қоғам тарапынан жоғары сұранысқа ие болуда. Сіз өз қалауыңызды дұрыс таптыңыз. Психология бөліміне қош келдіңіздер!!!

Мадалиева З.Б., Кудайбергенова С.К., Баймолдина Л.О.

0
0
1013

Осы тақырып бойынша

Құрметті талапкерлер, мектеп ұясынан енді ұшқан түлектер, ата-аналар! - Yvision.kz