Құрметті "Қара"-домал-"Ақ" Қазақ Қауымы
Расизм - ағылшын акдемиялық сөздігінде - адамның өз рассасының өзгелерден жоғары тұрады деген сенімге негізделген өзге расса өкіліне бағытталған дискриминация не антогонизм. Бұл тарих парақтарына осы ұғымның кесірінен жапа шеккен әрі бұны бүгінде бастарынан өткеріп жатқан сан миллиондаған "өзге" халықтардың, этностар мен жанұялардың қандары, өмірлеріне деген қорқынышы, құқықтарының тапталуы мен ескерілмеуінің сиясымен басылған.

Мен әдеттегідей жатақханада емтихан алды стресске қарсы шара ретінде американдық "Grey's Anatomy" телешоуын қарап отырған кезде қасыма досым келіп жайғасып "Осыларды түсінбеймін, негрлерді сериалдарына қоса беріп, не қылмақшы? Түрлері..." деп сөйлегенде қаншалықты шок әсерінде қалғанымды білсеңіздер ғой. Таң қалуымның себебі бар және ол бұл жатақхананың жай ғана университет емес, шет елдіктер лекциялар жүргізетін Назарбаев Университетінің меншігінде болуы. Сондағы басыма келген сұрақ, "Қалайша білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, расизмнің не екендігін біліп қана қоймай, оның масштабы мен тарихынан хабардар адам өзін-өзі "расистер" қатарында көрсетіп отыр?" Жауабы, ешкімнің маған дейін мендей реакция көрсетпеуінде болып шықты. Себебі, неге екені белгісіз, тек мен ғана ол жігітке "Не себепті?" деген сұрақ қойыппын. Осы оқиғадан кейін мен мойындаған ащы шындықтың бірі, білім расизммен күресте жеткіліксіз, ақпаратпен қатар оның дискуссиясы қажет.

Отбасымда, кіші және орта мектепте оқып жүргенде африко-американдықтар жайлы тек теледидара көрсететін американдық фильмдер арқылы, барлығымыз демесек те, көпшілігіміздің танысқанымыз сөзсіз. Олардың күресі мен бастарынан өткізген дискриминацияға толы тарихымен танысқан кезімнен бастап "Мен расист болмаспын!" деген принципті ұстанған болатынмын. Себебі, расистің "көзілдірігі" оған адамның құндылықтары мен біліктілігін емес, сыртқы фонын ғана көрсететін тәрізді. Кей адамдарға бұл болмашы құбылыс болып көрінер, дегенмен, өмір сүру факторларымен мұндай мәселе ұштасар болса расизмнің рольі артатыны анық. Бұған көзімді келесі оқиға жеткізді. 14-15 жасымда Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскенімде маған шет елден келген "келімсектер" сабақ бере бастады. Ешқандай өзге қазақ ұстаздарымнан өзгешілігі жоқ, өте білімді, өте мәдениетті, адамгершілігі мол мұғалімдер тұғын. Бірде, мектептен қайтып жатқанда ұстазыммен бірге автобус аялдамасына дейін жолымыз бір болып, әңгімелесіп кеттік. Ол кісі өмірінде болған жайттарды айтып менімен көп тақырыпта сөз қозғады. Солардың бірінде қайтіп үй жалдауға әлек болып, сүйретіліп, бір арендаға берілгелі тұрған үйден екіншісіне барып, одан үшіншісіне жүгіргендігін еске алды. Жалға берілгелі тұрған пәтер иелерінің ол кісінің түрін көре сала әлдебір сиқырдың көмегімен "бір минут алдын келген кісілермен келісіп қойдық" әніне ұласқандығы қалайша жанына батқандығын баяндады. Қазақстанға жұмыс бабымен келіп, енді өмір сүретін жер іздеп жүрген күйін айтқанда, шыны керек, мұның қаншалықты абсурдты дүние екендігіне көзім жеткен-ді. Сол себепті, әлдекімнің сыртқы бет-бейнесіне, терісінің түсіне қарап оның қандай адам екендігін айта алмайтынымызды түсінуіміз керек сияқты.

Қорытындылай келе, Қазақстанда сөз етілген терминнің өте аз қолданылуы, ол бойынша ешбір әлеуметтік сенсацияның болмауы бізде расизмге байланысты ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмейді, керісінше, бұл мәселенің мемлекеттік каналдарда әңгіме етілмеуі, меніңше, халықтың қай ситуацияны расистік акт ретінде қарастыру қажет екендігін классификациялай алмауында, оның маңызы мен берер мүмкіндігін толық түсінбеуінде. Себебі, халықтың мұндай ақпаратқа қызығушылығы жоқ деу, көпұлтты мемлекетімізде сан мыңдаған расизмге негізделген дискриминация факторлары орын алмаған және орын алмайды да деген пікірдің өміршең болуы, шынымен де, күлкілі. Түрлі түстермен ойнағанды жақсы көретін расистер ұғымында осы бір қос түсті де бойына сіңірген Қара- домал-Ақ ұлтты Расизмге қарсы оятуға шақырамын.


