Құрманғазы күйлерін орындаудың бірыңғай күні
Қазақ халқы – ән мен күйге бай халық. Орыс этнографы және саяхатшы Потанин айтқандай, қазақта қанша түс болса, сонша ән мен күй бар. Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Құрманғазы күйлерін орындаудың бірыңғай күні» музыкалық флеш-мобы өтті. Павлодар облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар бастамаларын дамыту орталығының» ұйымдастыруымен өткен бүгінгі флеш-мобқа музыкалық мектептер, №1 мектеп оқушылары және музыкалық колледж студенттері қатысты.

Қазан төңкерісіне дейін біздің халқымыз еркіндік, бақыт, бейбіт әрі жасампаз еңбек жайлы армандады. Халық ол арманды ән түрінде көрсетті. Ол жарқын болашақ үшін, бақытты өмір үшін күресті жырлаған, музыкалық шығармаларды дүниеге әкелген ұлдары мен қыздарын әрдайым мақтан тұтты.
Құрманғазы Сағырбайұлы - атақты композитор – күйші, домбыраға арналған көптеген тамаша туындылардың авторы және оларды үздік орындаушы. Композитордың 80-ге жуық туындысы бар. Құрманғазы Сағырбайұлының бірнеше туындылары осы флеш-мобта орындалды.

Құрманғазының көрнекті шығармаларының бірі – «Кішкентай» күйі. Ұлы күйшінің шәкірттері мен ізбасарларының ойынша, бұл күй Исатай Тайманұлының көтерілісіне арналған. Құрманғазы қандай тақырыпта күй жазса да, онда адам сезімінің барлық түрі – махаббат та, мейірімділік те, жақсылық та, рақымдылық та болды. Оның өзіне тән орындаушылық стилі болатын, өзінің ұлттық домбыра мектебі де болды. Бүгінгі флеш-мобтың ерекшелігі Павлодар облысының аудандары мен қалалары онлайн түрінде қатысып, Құрманғазының шығармаларын орындады.
Қатысушылар флеш-мобты «Сарыарқа» күйімен аяқтады. «Сарыарқа» күйі Құрманғазы шығармашылығының биік шыңы, қазақтың дәстүрлі музыкасының шыңында тұрған шығармалардың бірі болып табылады. Ұлттық өнерімізді әлемге танытқан бұл күй ұлы күйшінің туған жеріне, қазақтың кең даласына деген махаббатынан туған туынды, халықтың, даланың өзі сияқты кең, өзі сияқты шексіздігін танытатын дауысы. Қуғын-сүргінге ұшырап жүрген шағында жазылған Құрманғазының «Сарыарқасы» бүкіл қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа деген құлшынысының көрінісіндей.
