Республикалық Бақытжан Байқадамов атындағы конкурсты дайындау және өткізу қағидасы
- 1. Жалпы ережелер
- Республикалық Бақытжан Байқадамов атындағы конкурс (бұдан әрі - Конкурс) Қазақстан Республикасының 2006 жылдың 15-ші желтоқсанындағы «Мәдениет туралы» Заңының 7-бабы 12-тармағына сәйкес ұйымдастырылады.
- Конкурс 2013 жылғы 21-23 қазанда Алматы қаласында өтеді.
- Конкурстың қорытындысы бойынша шағын дискіге (СД) жазылған бейнематериал шығарылады.
2. Мақсаттары мен міндеттері
- Конкурстың мақсаттары мен міндеттері болып мыналар табылады:
1) Қазақстанда хор музыкасын насихаттау;
2) хор ұжымдарының кәсіби шеберлігін арттыру;
3) жастарды эстетикалық және патриоттық рухта тәрбиелеу;
4) мемлекеттің мәдениет саласындағы саясатын жүзеге асыру.
3. Конкурсты өткізудің тәртібі мен шарттары
- Конкурсқа республикамыздың хор ұжымдары мынадай екі түрлі категорияда қатыса алады:
- кәсіби хор ұжымдары;
- оқу орындарының хор ұжымдары.
- Конкурс бағдарламасы мынадай 3 шығармадан тұруы қажет:
- хорға лайықталып өңделген қазақтың халық әні;
- шетелдік немесе орыс композиторларының шығармалары;
- Б.Байқадамовтың шығармалары.
Ескертпе: бір шығарма a cappella түрінде болуы керек. Конкурс бағдарламасының ұзақтығы 10 минуттан аспауы шарт.
- Конкурсқа қатысуға ниет білдіргендер төмендегі көрсетілген құжаттарды 2013 жылғы 7 қазанға дейін ұсынуы керек:
1) Қағиданың 1-ші қосымшасына сәйкес өтініш;
2) ұжым туралы ақпарат;
3) хор ұжымының саны мен құрамы;
4) ұжымның фотосуреті (электрондық түрде JPEG форматында);
5) хор жетекшісінің фотосуреті (электрондық түрде JPEG форматында);
6) конкурстық бағдарлама.
Конкурсқа қатысушылардың құжатары мына электронды пошта арқылы қабылданады: [email protected]; байланыс телефоны: (87172) 99 98 33.
Конкурсқа қатысуға берілген ұсыныс қатысушының осы Қағида талаптарымен толықтай келіскендігін білдіреді.
- Конкурсқа жіберілген құжаттар қайтарылмайды.
- Сыйақылар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің курсы бойынша теңге түрінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық түрлері алына отырып беріледі.
- Конкурстың ұйымдастыру комитетімен келісе отырып жеке және заңды тұлғалар түрлі арнайы сыйлықтарды тағайындай алады.
- Ұйымдастырушылар Конкурс өтетін күндері қатысушылардың (әрбір хор ұжымынан 40 адам) Алматы қаласында қонақ үйде тұру шығындарын 7 (жеті) АЕК аспайтын мөлшерде төлейді. Қатысушылар Алматы қаласына дейінгі және қайтар жол мен тәуліктік шығындарын өз тараптарынан төлейді.
- Алматы қаласына ұйымдастыру комитетінің белгілеген уақытынан бұрын келген қатысушылар межеленген уақыт келгенше барлық шығындарды өздері төлейді.
- Өнер көрсету кезегі жеребе арқылы жүзеге асырылады және бұл кезек Конкурстың соңына дейін сақталады.
- Конкурсанттар Конкурсқа өз сүйемелдеушілермен қатысады.
- Қатысушылардың шығармаларды орындау реттілігі еркін.
- Конкурс қатысушылары келген күні орындау бағдарламаларын анықтайды және оны Конкурс кезінде өзгертуге құқықтары болмайды.
- Хор ұжымдары көпшіліктің қатысуымен өнер көрсетеді.
- Барлық жеңімпаздардың қорытынды гала-концертке ақысыз қатысуы міндеттеледі.
- Қатысушылар гала-концертте қазылар алқасы ұсынған шығарманы орындауы тиіс.
4. Ұйымдастыру комитеті
- Конкурсты дайындау және өткізу бойынша Ұйымдастыру комитетінің құрамы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
- Ұйымдастыру комитетінің мүшелері өз функцияларын қоғамдық бастамамен жүзеге асырады.
- Ұйымдастыру комитеті мүдделі тараптармен Конкурсты жүзеге асыру жөніндегі сұрақтар бойынша қарым-қатынасты жүзеге асырады.
- Ұйымдастыру комитеті Конкурсты дайындау және өткізу бойынша басшылықты жүзеге асырады.
- Ұйымдастыру комитеті Конкурсты дайындау және өткізу барысында туындайтын өзге де ұйымдастыру мәселелерін шешеді.
- Ұйымдастыру комитеті қатысушыларға қаламақы төлеусіз конкурсты радио, теледидар арқылы көрсету және тарату құқығына ие.
5. Конкурстың қазылар алқасы
- Конкурс қатысушыларының өнерін бағалау, сондай-ақ, қорытынды шығару үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамы мемлекеттік органдардың өкілдерінен, мәдениет және өнердің көрнекті қайраткерлерінен құралады және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
- Қазылар алқасының саны, төрағаны қосқанда, тақ сан болуы тиіс.
- Қазылар алқасы Ұйымдастыру комитетімен келісу бойынша жүлделі орындардың саны мен ақшалай сыйақының мөлшерін анықтайды.
- Қазылар алқасының шешімі түпкілікті және қайта қарауға жатпайды, хаттамамен ресімделеді және барлық қазылар алқасының мүшелері қол қояды.
- Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда Төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
- Конкурстың қазылар алқасы:
1) қатысушыны тоқтатуға;
2) жүлделі орындарды бермеуге немесе бөлуге (бас жүлдені қоспағанда) құқылы.
- Қазылар алқасы бағаларының критерийлері: орындаушылық шеберлігі, орындалатын шығармалардың конкурстың шарттарына сәйкестігі, сахналық киім.
6. Қорытынды ереже
- Осы Қағидамен реттелмеген барлық мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.
______________________________
