Ресейде жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады (видео)
Ресейдің Ростов-на-Дону қаласының жанында Boeing-738 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ол Дубайдан бағыт алып келе жатқан. Бұл туралы аймақтағы шұғыл әрекет ету қызметіне сілтеме жасап 24.kz хабарлады.
Олардың мәліметі бойынша ұшақ қонуға беттегенде апатқа ұшыраған. Бортында 61 адам болған. Олардың барлығы қаза тапты. Ресейдің оңтүстік аймағы бойынша төтенше жағдайлар қызметі Дубайдан келе жатқан жолаушылар ұшағының апатқа ұшырағанын растады.
Бортында экипаж мүшелерін қосқанда 61 адам болған. Олардың 55-і жолаушы, ал алты адам экипаж мүшелері екен. Қазіргі таңда оқиға орнында барлық оперативті қызмет өкілдері жұмыс жасауда. Апаттың себебі анықталып жатыр. Ростов-на-Дону әуежайы жабық.
Boeing 738 жолаушылар ұшағы жерге қону кезіндегі соққыдан жана бастаған. Қонуға беттегенде ұшақ бірнеше сынықтарға бөлініп, жанып кеткен. Қазіргі таңда жалын ауыздықталды.
Сол арада желіде ұшақтың жерге құлаған сәтінің видеосы пайда болды.
