Ресейде өткен турнирде атыраулық Мұрат Тәжиев «Ең үздік боксшы» атанды
Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Ахмедияр Батырхановтың хабарлауынша, аталмыш жарысқа Дағыстан мен Қалмақ республикасынан, Волгоград, Саратов облысының қалаларынан балғын боксшылар қатысты. Қазақ елінің намысын қорғап барған атыраулық бапкер Қайрат Есқалиевтің шәкірттері топ жарды. Атап айтқанда, Мұрат Тәжиев (34 келі) бірінші, Абдолла Бекет (43 келі) пен Муаз Халухаев (33 келі) екінші орынды иеленді. Ашық турнир барысында рингте әбжыландай қимылдап, қарсыластарын шыдатпаған Мұрат Тәжиев «Ең үздік боксшы» аталымы бойынша арнайы дипломмен марапатталып, Волгоград облыстық бокс федерациясының президенті Владимир Глиняновтың қолынан түрлі түсті теледидар алды.
Жарыс барысында былғары қолғап шеберлерін жаттықтырып жүрген ресейлік қандастарымыз Александр Исмаилов, Мерген Исенғалиев, Бақытжан Ибатов, Медияр Олахманов, Салтанат Иматалиевтердің шәкірттері де жүлделі орындардан көрінді. Бокс додасында 29 жұп финалға шықса, соның ішінде ресейлік жиырмаға жуық «қарадомалақтың» болғаны бек қуантты.
Аталмыш шараның өтуіне ресейлік Айболат және Нұрлан Бекесовтер демеушілік жасады.

