Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Реал Мадрид сүйікті футбол клубым ғана емес, өмірімнің бір бөлшегі. 

Алғаш рет, алтыншы сыныпта футбол көруді бастап едім. Сол кезде, тек ағылшын Премьер Лигасын теледидардан көріп, жиырма екі ойыншының футбол алаңында бір допқа таласып, ал жанкүйерлердің оларды қолдағаны маған өте ұнады. Кейін, интернеттің көмегімен басқа да мемлекеттердің футбол клубтарның ойындарын көріп, одан әрі қызыға бастадым. Сол сәтте, құрамында ерте кездерде Ди Стефано, Пушкаш, Сантамария, және кеше ғана әлемнің керемет футболшылары Луиш Фигу, Дэвид Бэкхэм, Зинедин Зидан, Рауль Гонсалес және Роналдо болған, Реал Мадрид атты корольдік клубпен таныстым.

114 жылдың ішінде, клуб керемет жетістіктерге жеткен: Ла Лиганы 32 рет, Испания Кубогын 19 рет, УЕФА Чемпиондар Лигасын 11 рет, Испанияның Суперкубогын 9 рет жеңген және сол сияқты т.б. табыстарымен мақтана алады. Олардың ойнайтын Сантьяго Бернабеу атты алаңын көрсеңіз, бұл 80000-нан астам көрермендерді сыйғыза алатын, Мадрид қаласының ең әдемі көрікті жерлерінің бірі.

 

Иә, Реал Мадридтің Президенті, Флорентино Перестің тактикасы бойынша, олар ең мықты футболшыларға көп ақша жұмсайды. Мысалы, Криштиану Роналду 94 миллион евро, Гарет Бэйл 91 миллион евро, Хамес Родригес 80 миллион евро, ал Зиданды 73.5 миллион евроға сатып алған. Бірақ, менің ойымша осындай футболшылар мұндай ақшаға лайықты ойнап, футбол клубының басшыларына да, көрермендерге де, көп қуаныш пен шаттық әкеледі. Сонымен қатар, егер клубтың басшыларында осындай ақша көлемі бар болса, оны неге керемет ойыншыларға жұмсамасқа?

Күн сайын, Реал Мадридтің жаңалықтарын оқып, ойындарын интернеттен қарап, бір жағынан сабақтан демалып, екінші жағынан ойын кезінде күйгелектену күйінде боламын. Чемпиондар Лигасын да асыға күтемін, себебі басқа мемлекеттердің ең жақсы клубтары бір-бірімен тең дәрежеде ойнап, мықтылардың мықтысы «Чемпион» болады. Қазіргі кезде, Реал Мадрид бұл кубокты ең көп алған, және «20-ғасырдың ең үздік клубы» атағына ие.

Әрине, Реал Мадрид үнемі жеңіске жете бермейді, ұтылатын кездері де бар. Мысалы, Ла Лиганы соңғы рет 2011/2012 маусымында жеңіп, әлі де Примераның Чемпионы бола алмай жатыр. Сонда да, оның әрбір ойыны жоғары жауынгерлік рухпен өтіп, ойынның соңына дейін күреседі. Сол үшін, осы клуб маған қатты ұнайды, себебі ойыншылары күшті футбол техникаларын көрсетіп, жанкүйерлер үшін, жеңіс үшін бар күшін салып ойнайды. Олар қуанған кезде, мен де қуанамын, ал көңілсіз болса, мен де осындай күйде боламын.

Әлі есімнен кетпейтін бір ойын, ол 2014 жылы УЕФА Чемпиондар Лигасының финалы, Атлетико Мадрид пен Реал Мадридтің арасындағы жарысы. Сол кезде, Реал Мадрид жеңген жағдайда, бұл оның 2001/2002 жылдан бері болмаған, 10-шы кубогы болатын еді. Басында, 36-минутта Атлетико Мадрид гол соғып, 90-минутқа дейін осындай есеппен болған. Осы 60 минут бойы, мен қатты қобалжып, бірақ соңына дейін оларға сенген едім. Барлық жанкүйерлердің сенімінің арқасында, ең соңғы 94-минутта Серхио Рамос гол соғып, бәрімізге де тағы бір үміт берді! Сол кезде, қуанышыма сенбей, жылай жаздадым. Қосымша уақытта, Бэйл, Марсело және Роналду есепті 4:1 етіп жасаған кезде және Кубокты бізге берген кезде, мен өзімді өмірдегі ең бақытты адамдай  сезіндім.

Осындай сәттерде, Реал Мадридтің өміріме қуаныш сезімін әкелетін және өмірімнің маңызды бір бөлігі екенін түсінемін. Келешекте, Мадридке барып, міндетті түрде олардың алаңына, клубтың тарихына арналған мұражайына баруға, ойындарын көруге мақсат етіп қоямын және соған жетемін деген үміттемін.

Әрқашан да оларға сеніп, шың жанкүйер боламын. Бір рет Мадридтік болсаң, өмір бойы Мадриттік болып қаласың!

Hala Madrid!

 
0
0
2329

Осы тақырып бойынша

Реал Мадрид сүйікті футбол клубым ғана емес, өмірімнің бір бөлшегі.  - Yvision.kz