ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
1

Рамазан мен ораза туралы таралып кеткен, бірақ әлсіз не ойдан шығарылған хадистер

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Менің атымнан мен айтпаған нәрсені айтқан адам Оттан орын алуға дайындала берсін!» (Бухари 109).

Хафиз ибн Хажар, пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзі өтірік деп санайтын нәрсені менен жеткізетін кісі өтірікшілердің бірі болып табылады», - деген сөздері жайында: «Егер пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) атынан ол айтпаған нәрселерді жеткізуге де тыйым салынған болса, онда оған сүйеніп амал жасау туралы не айтса болады?! Хадис, үкімдерге (ахкәм) немесе артықшықтарға (фадаил) қатысты болса да, еш айырмашылығы жоқ, өйткені бұның барлығы шариғатқа жатады!» - деп айтты (“Тәбйин әл-‘аджәб” 3-4).

Әлсіз хадистер:

«Егер де құлшылық етушілер Рамазанның артықшылығын білгенде, онда олар жыл бойы Рамазан болуын қалар еді» (Ибн Хузайма 1886).

Бұл хадис ойдан шығарылған болып табылады. Бұл хадистің жеткізушілер тізбегінде Жарир ибн Әйюб деген жалған хадистерді айтатын кісі бар (Қараңыз: "Лисән әл-мизән" 2/101).

Бұл хадистің әлсіздігі туралы имам әл-Бухари, имам ән-Нәсаи, имам Ибн әл-Джәузи, шейх әл-Әлбәни және басқалары айтқан (Қараңыз: “әл-Мәуду’ат” 2/188).

 

«Рамазанның басы – мейірім, ортасы – кешірім, ал соңы – Оттан құтылу... Әрі осы айда, ізгі амал жасаған адам ол үшін парыз амал жасағандай сауап алады. Ал парыз амал жасаған адам ол үшін басақа уақытта жасалатын жетпіс парыз амалға тең сауап алады» (Ибн Хузәйма 1887, әл-Бәйһақи 3/128).

Бұл хадис Али ибн Зәйд деген жеткізушінің себебімен әлсіз болып саналады. Оны Ахмад ибн Ханбәл, Ибн Са`д, Ибн Әбм Хайсәма, Ибн Хузәйма және басқалар әлсіз деп атаған (Қараңыз: "Тәһзиб әт-тәһзиб" 7/322).

Бұл хадистің әлсіздігі жайында тағы имам Ибн Са`д, Ибн Ма`ин, Ибн Әби Хатим және т.б. айтқан (Қараңыз: “әс-Силсилә әд-да’ифа уәл-мәуду’а” 871).

«Ораза тұтыңдар, сонда сау боласыңдар» (әт-Тәбарани «әл-Әусат 1/69»)

Бұл хадис Нахшәл ибн Са`д деген жеткізушінің себебімен әлсіз болып табылады. Ол – жиі өтірік айтып жүрген, қабылдауға тұрмайтын адам еді. Және де бір себебі, бұл – әд-Дәххақтың Ибн `Аббасты кездестірмегендігі (Қараңыз: “әс-Силсилә әд-дә’ифа уәл-мәуду’а” 253).

«Кімде-кім Рамазан айының бір күн оразасын орынсыз себеппен және ауырмастан бұзатын болса, ол күнді, өмір бойы ораза тұтып шықса да, өтей алмайды» (әл-Бухари 4/160).

Хафиз ибн Хажар, бұл хадистің үш ақауы бар екенін айтты: 1. Анықсыздық; 2. Белгісіз жеткізуші; 3. Үзілген иснад (Қараңыз: "Фатхул-Бәри" 4/161).

Хадистің әлсіздігіне Ахмад, Ибн Хузәйма, әл-Мунзири, әл-Бағауи, әл-Қуртуби, әз-Заһаби және сол сияқты тағы да көптеген имамдар, тіпті имам әл-Бухаридің өзі де нұсқаған.

«Ораза тұтушының ұйқысы – құлшылық, оның үнсіздігі – тасбих, оның дұғасы қабыл етіледі, ал амалдары екі еселенеді» әл-Бәйһақи 3/143.

Имам әл-Байһақи айтқан: «Ма`руф ибн Хасан (осы хадистің жеткізушісі) әлсіз болып табылады, ал Суләйман ибн Амр ән-Наха`и (басқа жеткізушісі) одан да әлсіз!». Хафиз әл`Ирақи былай деген: «Суләйман ән-Наха`и өтірікшілердің бірі!» (“Тахридж әл-Ихья” 1/310). Сондай-ақ бұл хадисті әлсіз деп имам әл-Мунауи мен шейх әл-Әлбәни атаған (Қараңыз: “Фәйдул-Қадир” № 9293, “әс-Силсилә әд-дә’ифа уәл-мәуду’а” 4696).

«Үш нәрсе Исламның тірегі мен негізі болып саналады, әрі кім олардың біреуін де қалдырса, қаны рұқсат етілген кәпір болады: бұл Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешкім жоқ деп куәлік беру; бес уақыт намаз оқу және Рамазан айында ораза тұту» (Әбу Я’лә 2/126, әл-Ләләкәи 1/202).

Аталмыш хадис Амр ибн Мәлик ән-Нуридің себебімен әлсіз болып табылады. Ибн Хиббаннан басқа ешкім оны сенімді деп санаған жоқ. Ал мухаддистердің арасында Ибн Хиббанның әлсіз және тіпті белгісіз жеткізушілердің сенімділігін күшейтетін әдеті белгілі. Бұл туралы Хафиз Ибн `Абдул-Һади айтқан.

Тағы да бұл хадистің тізбегінде Мумәл ибн Исма`ил деген кісі бар, ол шыншыл жеткізуші, алайда имам Әбу Хатим айтқандай, қателіктер жіберетін еді.

Бұған қоса, бұл хадис Ислам үш емес, бес тірекке негізделгені туралы хабарланған көптеген сахих хадистер мен анық нұсқауларға қарама-қайшы келеді.

Шейх әл-Әлбәни айтқан: «Мен оразаның міндеттілігін мойындай отырып, қалдырған адамды ғалымдардың бірі кәпір деп атағандарын білмеймін! Алайда, бұл (ораза тастаған адамның кәпір екендігі айтылған) хадистің сыртқы мағынасына қайшы келіп тұр. Бұл осы хадистің әлсіз екеніне ғылыми дәлел болып табылады» (“әс-Силсилә әд-дә’ифа уәл-мәуду’а” 94).

«Аллаһ Тағала былай деді: “Ауызашарға бәрінен де бұрын асығатындар, Менің ең сүйікті құлдарым болып табылады”» (әт-Тирмизи 700).

Бұл хадис Қурра ибн `Абдуррахманның себебімен әлсіз болып саналады. Оны Ахмад, Ибн Ма`ин, Әбу Зур`а, Әбу Хатим және басқалар әлсіз жеткізуші деп атаған (Қараңыз: “Ируәул-ғалил” 1/38).

«Рамазан айы аспан мен жердің арасында тұрады, әрі оны, зәкәт әл-фитрдан басқа ештеңе Аллаһқа көтермейді» (әд-Дәйләми, Ибн Шахин).

Бұл хадис есімі Мухаммад ибн `Убәйд деген белгісіз жеткізушінің себебімен әлсіз болып саналады (Қараңыз: "әл-`Иләл" 824).

Шейх әл-Әлбәни айтқан: «Егер де бұл хадис сахих болғанда, ол зәкәт әл-фитрсыз Рамазан оразасы қабыл болмайтынына нұсқау болар еді! Мен зәкәт әл-фитрсыз ораза қабылданбайбы деген бірде-бір ғалымды білмеймін» (Қараңыз: “әс-Силсилә әд-дә’ифа” 1/118).