ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Рүстем Жүгінісов: «Арманым — Қазақстанның халық әртісі болу»

Өнерлі өрге жүзер деген. Алты жасынан бастап қасиетті сахна төрінде ән айтып, талай тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып жүрген жас әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Рүстем Жүгінісов жақында өзінің жеке концертін берді. Он сегізге енді аяқ басқан Рүстем Қазақстандағы өзінің ән кешін берген ең жас әнші. Жақында әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Туған жерің, өскен ортаң туралы қысқаша айтып берсең...

Мен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында 1995 жылы дүниеге келдім. 2000 жылы ел ордасы Астанамызға қоныстандық. Өнерім Астанамызбен бірге өсіп келеді.

Анаңыздың елге танымал өнер адамы екенін білеміз. Сенің әнші болуыңа сол кісінің әсер-ықпалы болды ма?

Анам Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрының әртісі. Мені әлпештеп, ардақтап өнерге жол көрсеткен менің анам және ұстазым, продюсерім деп айтсамда болады. =)

Өнер университетінде оқитын жастардың барлығы да талантты, дарынды. Ондай ортада бәсекелестік те жоғары болады ғой. Аяғыңнан шалған адамдар кездесті ме?

Әрине, өнер жолының оңай емес екенін бала кезімнен білемін, ондай да әрине болып тұратын шығар.   Өз басым бұған мән бермеймін.

«Х-фактор» жобасында керемет өнер көрсетіп, көптеген тыңдармандардың жүрегіне жол таптың. Жалпы жобаға қатысу ойы қашан және қалай пайда болды?

Менің  жобаға қатысатын ойым болған жоқ. Бәрі аяқ астынан болды. Жай ғана  «бара салайыншы» деген оймен барып, көзді ашып -жұмғанша Х-Фактор жобасының финалисты болдым. Х-Фактор мен үшін үлкен мектеп болды, барша қазақстандықтарға өзімнің өнерімді көрсетуге көмектесті.

Адамдардың бойындағы ең жақсы көретін қасиеттер қандай?

Ең бастысы адалдық, адамгершілік деп санаймын.

Өз бойыңдағы өзгерткің келетін жаман мінезің...

Кішкене бір қырсықтығымды бойымнан алып тастағым келеді.

Бұл өмірде неден қатты қорқасың?

Ештеңеден Аллам қорқытпай-ақ қойсын. Бір Алладан ғана қорқамын.

Қолыңда билік болса, ең алдымен нені өзгертер едің?

Біріншіден, кедейшілікпен күресер едім. Екіншіден, көздері жәудіреп жүрген жетім балаларға көмектесер едім және қазағымыздың өнерін көтерер едім.

Сен үшін достық деген не және оны қалай түсінесің?Жалпы достарың көп пе?

Жалпы достарым көп қой. Бірақ жан досым, жанашырым - ол ардақты анам.

Қазақ эстрадасындағы әнші аға-апаларыңның ішінде кімді үлгі тұтасың?

Кішкентай кезімнен сүйіп тыңдайтын ағаларым "Муз-Арт" тобы. Осы ағаларымды үлгі тұтамын.

Кез келген адамның ең биік арманы болады. Сенің арманың не?

Менің арманым - Қазақстанның халық әртісі болу. Осы жолда көп жұмыс жасау керек екенімді  білемін. Басты мақсатым – осы.

Жігіт «сегіз қырлы, бірлі сырлы» деген. Ән айтудан өзге қандай өнерің бар?

Ән айтудан басқа актерлық шеберлігім бар. Гитара, фортепиано аспаптарында ойнай аламын.

Өзіңмен жасты қыз-жігіттерге не айтар едің?

Замандастарыма айтқым келетіні:  өнер жолына бет бұрыңдар және түлектеріміз жақсы оқу орындарына түссін. Тілегім осы=)

 

Сұхбаттасқан Нұргүл Абайқызы