ҚР Қорғаныс министрлігі:Талдықорған гарнизонында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің кешенді ақпараттық-насихаттау тобы Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының іске асырылу барысымен танысу мақсатында Талдықорған гарнизонындағы жұмысын бастады.
Талдықорған гарнизонында Аэроұтқыр әскерлерінің десантшылар бөлімі мен авиациялық әскери бөлім шоғырланған. Жауынгерлік даярлықтағы жетістіктерімен ерекшеленген десантшылар бөлімінің жеке құрамы ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштерінің құрамына кіреді. Бригаданың жеке құрамы толықтай келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақталған. Жеке құрам заманауи қару жарақ және әскери техникамен жарақтанған және ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысының кез келген тапсырмасын орындауға әзір. Әскери ұшқыштар еліміздің әуе кеңістігін қорғауда жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді.
Топ жетекшісі – Бас штаб бастығының орынбасары полковник Мұхамеджан Таласов бастаған ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері әскери бөлімдерде болып, тұрғын үй және әлеуметтік-тұрмыс жағдайымен танысты.
Полковник Мухамеджан Таласов Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқановпен кездесіп, әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Жұмыс барысында Қорғаныс министрлігінің өкілдері Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдер мен мекемелердің командирлерімен, олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларымен кездесті. Сондай-ақ, ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері қаладағы әскери-техникалық мектепте болып, курсанттарға Жолдаудың негізгі басымдықтарын түсіндірді.
Гарнизонның жеке құрамы алдында сөз сөйлеген полковник Мухамеджан Таласов:
– Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы «Мәңгілік ел» Жаңа Қазақстандық Патриотизмінің идеялық негізін нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Президент Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұрудың әлдеқайда қиын екенін, өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергені әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық екенін атап өтті. Біз осылардан сабақ ала отырып, Тәуелсіздіктің негізі – бірлік пен патриотизм екенін түсінуіміз керек, – деді.
ҚР ҚК Орталық әскери оркестрі облыс орталығындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында қала тұрғындарына арнап концерт берді.
ҚР Қорғаныс министрлігі ақпараттық-насихаттау тобының келесі жұмысы Сарыөзек, Қапшағай гарнизондарында жалғасады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
