Әр нәрсені жаңаша пайымдау керек.
Әр нәрсені жаңаша пайымдау керек
Екібастұз қ. «Отарқа» газетінің тілшісі Жассерік Жәлелұлының Амангелді Елтінмен жүргізген екеуара әңгімесі.
Адамдар арасында жылы қарым-қатынас орнауына түрлі жағдай себеп болады. Осыдан жеті жыл бұрын редакцияға бейтаныс адам іздеп келді. Өзін таныстырған соң, бірден бұйымтайына көшті. «Мұғалім білім беруші ғана емес, тәрбиеші де емес пе. Еліміз тәуелсіздік алғалы еңсеміз көтеріліп, қызметке жігерлене кірістік. Елін сүйетін елжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін жалынды сөз де керек. Осы орайда қазақтың арғы-бергі тарихын қамтитын, қазақ баласын рухтандыратын бірер шумақ өлең жазып берсең, тәрбие үдерісі үстінде кәдеге жаратар едім» деді аға керек өлеңнің идеясын тәтпіштеп айтып .
«Аға, менің ақындығым шамалы, әйтсе де көрейін» деп екіұштылау жауап бердім. Осылайша, ойда жоқта танысқан азамат Амангелді Елтінмен кейін тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Тарих пен әдебиетті сүйетін, парасатты да білімді аға әңгіме кезінде әр нәрсеге көзқарасының өзгешелеулігімен де адамды баурап алады. Кеңес дәуірінде «Білім» қоғамының лекторы болғандығы бар, пікірталасқа да мықты. Сол себепті де «Екеуара әңгіме» айдарының қонағына бұл жолы Амангелді Елтінді таңдадым.
- Қазір жұртшылық арасында мұғалім жайлы әңгіме көп. Әсіресе, қоғамда мұғалімнің беделі төмендеп кеткендігі жайлы жиі айтылады. Неліктен деп ойлайсыз?
– Мұғалімнің әлеуметтік мәртебесі төмен, жалақысы аз. Сондықтан мектеп бітірген білімді жастар ақшалы мамандықтарды таңдайды. Тіптен, педагогикалық мамандықтарды игергендердің өзі, жағдайы келсе, басқа салаға жұмысқа тұрып алуға тырысады. Мұның өзі білікті кадрлар тапшылығын туғызып отыр. Оның үстіне бүгінгі мектепте қағаз жұмысы өте көп, әртүрлі тексерістер де көбейіп кетті. Бұның бәрі мұғалімнің шығармашылық кеңістігін шектейді, сөйтіп, білім сапасына нұқсанын тигізеді. Тағы бір көңілге қонбайтын нәрсе – мұғалімдерді көлденең жұмысқа жегу тыйылмай келеді. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатындықтан, ұстаздар әкім-қаралардың уысында. Қысқасы, қазіргі мектепте мұғалім алтын уақытын бала оқытуға емес, әлгі бітпейтін тексерулерге әзірлік, қаптаған шара-семинар, т.т. қатысуға жұмсайды. Содан соң, мұғалімнің қоғам тіршілігіне араласуына, үн қатуына мұршасы да болмай, білім шеңберінде тұйықталып жүр. Әрине, мұндай жағдайда оның қоғамдағы беделі төмендемей қайтеді? Ендеше, біздің мемлекетіміз мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін көтеруді сөз емес, іс жүзінде ойластыруы тиіс. Абройлы ұстаз –білімді ұрпақ – гүлденген мемлекет.
- Амангелді аға, саналы ғұмырыңызды жас ұрпаққа білім беруге арнадыңыз. Білім беру саласындағы жетістіктерге қалай қуансаңыз, олқылықтарға күйіне алаңдайсыз. Сіздің айтып отырған пікірлеріңізді мен де құптаймын. Әуелі кадр мәселесіне үңілейікші. Бір мектепте жас маман қыркүйек айының жалақысын алған күннің ертеңінде директорға жұмыстан кетуге арыз беріпті. «Неге?» десе, «Елу мың теңгеге қалай күн көремін? Пәтерге төлеймін бе, тамақ ішемін бе, әлде қағаз-қаламға жұмсаймын ба? Студент кезімде даяшы болып жүріп бұдан көп ақша табушы едім» деп, шынын айтыпты. Енді, екінші бір жайт. Көп жылдық тәжірибесі бар, білікті әдіскер: «Жас мамандардың ілеуде біреуі болмаса, білімі нашар. Сабақ беру әдістерінен, тіптен, бейхабар. Үйрету біздің міндетіміз. Бірақ, үйреніп алуға құлықсыз. Өйткені, мұғалімдікке жүрек қалауымен емес, кездейсоқ келген» деп, мұңын шақты. Расында да, бүгінгі күні жоғары оқу орындары қай салада болмасын мамандарды нашар дайындайды. Бұл енді жеке сөз ететін тақырып. Меніңше, педагогикалық институттарға студент қабылдауда талапкерден білім тестінен бөлек, кәсіптік ыңғайын, бейімін анықтайтын сынақ алу жөн сияқты. Содан соң теориялық білімнен гөрі, практикаға баса көңіл бөлетін мезгіл жетті емес пе?!
Қағазбастылықтан мұғалім әбден ығыр болды. Мұны біле тұра, сала басшылығы есеп беру мен тексерудің жыл сайын түр-түрін шығарады. Кей-кейде білім тізгінін ұстағандар мұғалімдердің жағдайын емес, билікке жағуды ғана ойлайтын тәрізді көрінеді.
Бәріміз де мұғалімді сыйлаймыз. Әйтсе де, шындық қымбат. Бүгінгі мұғалім көнбіс, жасқаншақ. Әйтеуір бас шұлғи береді. Ал «жуас түйе жүндеуге жақсы». Мұғалімнің дәрменсіздігін көрген бала, қоғам оны қалайша сыйлайды? Біздің Ақкөл ауылында Әшім Арынбеков, Адам Мұхамеджанов деген мұғалімдер болды. Алдынан ешкім кесе көлденең өтпейтін, айтқан сөздерін ауыл халқы да, басшылары да тыңдайтын. Және де олар мектептің ғана емес, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын шешуге атсалысып, басшылар алдында қоғамдық мәселелерді тайсалмай көтеріп, орындалуына қол жеткізетін. Меніңше, мұғалім өз тұлғасын биіктете алса, қадір-қасиеті де, беделі де қалпына келер еді. Әйтсе де, әңгімемізді әрі жалғастырайықшы, балаға жан-жақты білім беру жөн бе, бәлкім бұдан бас тарту қажет шығар?
– Адамзат игерген барлық білімді әр адамның меңгеріп алуы мүмкін емес және өмірде оның бәрінің қажеттілігі де шамалы. Қазақстан мектебінде берілетін білім тым ауқымды, сондықтан оқушылардың көпшілігі бағдарламаны толық меңгеріп жүр деп айта алмаймын. Менің ойымша, жеткіншектерді кәсіпке баулуды ертерек бастаған жөн. Бұл тарапта атқарылып жатқан игі бастамалар бар. Тек соларды бірізділікпен соңына дейін жеткізу керек. Әйтпесе, бүгінгі күні білім саласында жаңашылдықты желеу еткен реформа көп. Ары-бері ауытқи беру жақсы нәтиже бермейтінін түсінетін уақыт жетті. Негізі, бала бейіміне қарай білім алса, өмірлік кәсібін де, азығын да табады. Мектептегі қаптап кеткен артық пәндерден құтылу керек. Кереметтей дамып кеткен технологиялар заманында өмір сүрудеміз. Мектеп, арнайы не жоғары оқу орнын бітірген адам қажет деп тапса, өз бетінше білімін жетілдіріп, қалаған кәсібін де игере алады. Ең бастысы, базалық білімі болса, жеткілікті.
- Әңгіме ауанын осы сұрақ төңірегіне әншейін бұрып отырған жоқпын. «Мектепте, институтта ананы, мынаны оқытып миымызды шірітіп еді, өмірде соның басым бөлігінің мүлде қажеті болмады» деп, жасамыс та, жас та аракідік айтып қалады. Ақиқатына келсек, мектепте пән, қосымша пәндер үсті-үстіне қосылып жатыр. Оқулық та жыл құрғатпай өзгеріске түседі. Әйтеуір шым-шытырық. Білім берудің мемлекеттік стандартының тым күрделілігі соншалықты, осыдан он шақты жыл бұрын мектеп бітірген адам бүгінгі бастауыш сынып есебін шеше алмайтын болды. Білім саласы төңірегіндегі сөзді түйіндей келсек, айқын мақсат, дұрыс бағыт, жүйе болмай, көш түзелмейтін тәрізді.
Амангелді аға, сіздің қазақ тарихы тақырыбына жазған мақалаларыңыз «Қазақ тарихы», «Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл» журналдарында жарияланып жүр. Математик бола тұра, тарихқа қалайша әуес болдыңыз?
– Бала күнімнен тарих пәніне қызығушылық білдірдім. Кеңес дәуірінде біз Ресейдің тарихын толық оқыдық. Қазақстан тарихы жұп-жұқа кітапша болатын, оның көп бөлігін «Қазақстанның Ресей құрамына өз еркімен кіруі» алатын. Яғни, шындықты бұрмалаушылық көп еді. Рас, әркім өз заманының перзенті. Мен өзім коммунизм болатынына кәміл сенгендіктен, ықтиярыммен комсомолға, партия қатарына өттім. Бастауыш комсомол, партия ұйымдарының хатшысы, насихатшы сы, облыстық «Білім» қоғамының лекторы болдым. Халықаралық жағдай жөнінде әр жұма сайын ауылдарға барып дәріс оқыдым. Лекция қызықты болуы үшін түнімен «Спидола» радио қабылдағышынан «Голос Америки», « Немецкая волна», « Биби-Си», «Азаттық» радио бағдарламаларын тыңдайтынмын. Аупарткомға келетін «Атлас зарубежной международной информации» журналын мен ғана оқитынмын. Осылайша, кеңестік идеология санамызды жайлаған шақта АОлжас Сүлейменовтың «АзиЯ» кітабы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» , «Алтын Орда» кітаптары қалың ұйқыдан оятты. Қазақтың тарихы тереңде жатыр екен, және де сипаты мүлде өзгеше болып шықты. «Коммунистік тәрбие» дегеніміз – халықтың санасын улау, құлдық психология қамытын кигізу, қысқасы мәңгүрт ету екенін ұқтым. КСРО-ның тарихы, партиялық сипатта болғандықтан, жалған тарих екенін түсіндім. Міне, осыдан кейін қолыма іліккен тарихи деректерді сыдырта оқымай, пайымдап, өзімнің жеке көзқарасымды қалыптастырдым. Қазақ қашанғы сор кешпек, бағымыз жанып еліміз азаттық алған соң, ұлт тарихының ақтаңдақтары аршылды. Бұл істі атақты тарихшы Манаш Қозыбаев бастап еді, кейінгі буын тарихшыларымыз жалғастыру үстінде. Жалпы, тарихқа тереңдей үңілген адам қазынаға кенеледі. Ғұндардың, түркі-монғолдардың, оғыздардың адамзат өркениетіне қосқан үлесі зор. Тарих мәселесінде біз әлі де отаршылардың сызып берген шеңберінен шыға алмай жүрміз. Ресей империясының түркілерге (қазақтарға) істеген қиянатын айтуға келгенде тіліміз күрмеліп, ақиқатты айта алмай күмілжи қаламыз. Мен өз мақалаларымда аз да болса, шындық бетін ашуға тырыстым. Менің жазғандарым ешбір ұлтқа қарсы бағытталмаған. Оның ішінде орыс халқының ұлылығын кемітпейді. Қазақ тарихын жаңаша пайымдау – біздің халқымыздың басына түскен тауқыметті жас ұрпақ білсін деген мақсат, ниеттен туындап отыр.
- Сіздің «Тарихтан тағлым алу керек» деген мақалаңызды зерделеп оқып шықтым. «Сібір жұрты дегеніміз де қазақтың бір бөлігі. Сол кездегі Қазақ хандығының ұтымды, көреген саясатының нәтижесінде Сібір жерінің көп бөлігі Қазақ хандығының құрамына енді. Сібір жұртының сол замандағы таңбаларын тексеріп қарағанда, олар: керей, қыпшақ, табын, жалайыр, арғын болып келеді. Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы» қазақ тілінде жазылған тұңғыш ғылыми шығарма. Бұл шығарма сол кездегі қазақ тілі – шағатай-қазақ тілінде жазылған. Шоқан Уәлиханов шежіренің тілін: «совершенно джагатайский, очень близкий к нынешнему киргизскому...» деп сипаттама берген. Алаш Одағының тілі – шағатай тілі болған. ... ХХ ғасыр басындағы Алаш Орда көсемдері өсиет қылып қалдырған «Алты алаш» деген атау бүгінгі біздің көп этносты демографиялық жағдайымызға сай келіп тұр. Мемлекетіміз – Алаш елі, мақсатымыз – Мәңгілік ел болса, бұл атаулардың ұлтымызды ұйыстыруға себебі тиер еді. Сонда «Біз қазақпыз ба, әлде қазақстандықтармыз ба? деген сұрақтар туындамайды. Біз ұраны бір алаш халқы болар едік, мемлекетіміздің әр азаматы жалғыз алаш сөзімен аталатын болады. Ежелден, төл тарихшымыз Қадырғали Жалайырдың заманынан бастап көп нәсілді, көп дінді біртұтас алаш одағы болғанбыз» деп жазыпсыз сол мақалада. Мұны оқып отырғанда Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сияқты ұлт көшбасшылары Алаш Орда атауын бекер таңдамаған-ау деген ой келді. Ал бүгінгі күні баспасөзде Қазақ Елі атауы кеңінен қолданылып жүр. Кім біледі, көңілге қонымды осы атау түбі күні ел атауына айналуы да ықтимал ғой. Десек те, қазақ баласы елжанды болуы тиіс. Осындай ұрпақты тәрбиелеу үшін не істемек керек?
– Шүкіршілік, Қазақстанның өзінің ақпараттық кеңістігі дамып келе жатыр. Байырғы отаршылдық ақпараттық кеңістіктен арылмай, елжанды азамат тәрбиелей алмаймыз. Елжанды азамат деп қазақ тілінде сөйлей білетін, Қазақ елі мүддесін ойлайтын адамды айтсақ керек. Шындығында мұндай адамды қалыптастыруға кедергі болып тұрған ұлы орыс рухын насихаттайтын ресейлік ақпарат құралдары. Біртұтас ел боламыз десек, сәбидің этникалық түп-тамырына қарамай, бала бақшадан бастап қазақ ша тәрбие беріп, қазақ тілін үйрету керек. Мектепті қалауынша таңдауына ерік берілсін. Бала орыс мектебіне барса да, бастапқы базасы болғандықтан, мемлекеттік тілді меңгеріп кетеді. Содан соң жас буын қазақ тіліндегі телебағдарламаларды көріп өссе, нұр үстіне нұр. Елімізді өркендетеміз десек, басшылық қызметтерге қазақ тілін жетік меңгерген қазақтарды, өзге де ұлттар мен ұлыстар өкілдерін қою керек. Арамызда қазақша жақсы білетін, қазақ халқын құрметтейтін немістер де, украиндар да, түріктер де, орыстар да баршылық. Керісінше, қазақты менсінбейтін, пиғылы түзік емес азаматтарды билік маңатына жуытпау керек. Мұндайлар желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жаман үлгі, әрі жастарды мәңкүртікке итермелейді.
- Иә, татулық-тірегіміз. Түрлі тарихи кезеңде, түрлі себеппен атамекенімізге келіп қоныстанып, қазақ жерінде өсіп-өнген түсі де, тілі де бөлек жұртты кеуден итермей, бауырымызға тарту жөн. Қазақ халқының қадір-қасиетін жүрегімен ұққан отандастарымыз бөлектенбейтіні де анық. Халықтың да құрамы 25 жыл ішінде көп өзгерді. Соңғы санақ мәліметтеріне көз жүгіртсек, қазақтар 67 пайызды құрады. Қашанда көптің дегені болады, ендеше өзге ұлттар мен ұлыстар қазақ тілін үйреніп алатын күн де туар. Ал дәл қазір әр қазақ өз баласын ел жанды етіп тәрбиелеуді ел алдындағы парызы деп санауы тиіс. Сонда ғана Мәңгілік ел идеясы жүзеге аспақ. Жалпы, Тәуелсіздік- қастерлі ұғым. Азаттықтың 25 жылы қазаққа не берді? Не олқы?
– «Азаттық» радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтай 1991 жылы былай деген: «Қазақстан тәуелсіздік алмағанда, енді бір бес жылдың ішінде қазақ халқы орыс болып жазылып, тарихтан өшіп кетер еді...». Ұлт жер бетінен жойылар болса, одан асқан қасірет жоқ. Тәуелсіздік – біздің бақытымыз, ең басты құндылығымыз. Өйткені, бұғауда өмір сүру, кемсітушілік көру – қорлық. Біздің буын мұны көрді. Қазір оның бәрі жаман түс сияқты артта қалды. Тәуба, қазақ ана тілінде сөйлеуге бұрынғыдай жасқанбайды, салт-дәстүрін, тілі мен дінін дәріптеу үстінде, жұртпен тереземіз тең. Қазақ тілі өз тұғырына қонып, қазақ бала бақшалары, мектептері көбейді. Қазақ елін, қазақтың талантты ұл-қыздарын әлем таныды, санасатын болды. Осының бәрі тәуелсіздіктің жемісі. Олқылық, ол да бар. Әсіресе, бабалар аманаттаған ұлан-ғайыр жерді ұлт үшін жарату жағы алаңдатады. Бабаларымыз ертеде жерді күтіп ұстаған. Жылына 4 рет көшу, яғни қыстау, көктеу, жайлау, күзеу жердің құнарлығын сақтау үшін қажет болған. Тың игерген жылдары жайылым, шабындық тегіс жыртылып, құнарын бұзып алдық. Енді бүгінгі күні сол жерді иелегіне не жалға алушылар асты-үстіндегі байлығын қомағайланы алып жатыр. Келешекті ойламау-келтелік. Сол себепті, жерді пайдалану шарттарын қайта қарау абзал. Содан кейін, тоқсаныншы жылдары ауыл халқы күйзеліске ұшырап, қалаға үдере көшті. Ауылда тұрмысы жүдеу жұрт әлі бар. Жұмыс табу қиын. Қалаға көшіп келсе, бейімделіп кеткенінше мемлекет көмектесуі керек. Баспана салып алуына қалалардың маңынан тегін жер телемін үлестіру қажет. Қазіргі коммуникация тартылмай, жер телімі берілмейді деген заң талабы орынсыз. Лашық тұрғызса да, қала іргесіне қоныстанған кедей-кепшік базарға кірсе де, күзет пен үй қызметіне тұрса да, жүк пен кісі тасымалдаумен айналысса да, қоян-тауық ұстап, бау-бақша өсірсе де, қол өнерін кәсіп қылса да, әйтеуір өз нәпақасын табар еді. Тарихымыздан белгілі, қазақтың көне қалаларының айналасында кедейлердің рабаттары болған. Қол-аяғын байламай, еркіндік берсе, халық өз тұрмысын жақсартып алады. Оған қажыр-қайраты жетеді.
- Тәуелсіздіктің жемісіне келсек, ширек ғасыр ішінде көп игі өзгеріс болды. Оны санамалап айтудың қажеті де шамалы, көзі қарақты жұрт біліп отыр. Ал қазақ жерінің асты-үстіндегі байлықты ұқсата, ұқыпты ұстау расында да әлі қалыпқа келген жоқ. Содан соң, үй салу үшін жер жаппай тегін берілуі қажет әрі ол жер телімін өзге қолға сатуға заңмен тыйым салынуы тиіс. Әйтпесе, жер тауар көзіне айналдырушы жылпостар көбейді. Ауылға жиі шығамын, қазір ондағы жұрт іріктелді, өз еңбегімен күнін көруге бейімдері ғана қалды. Тұрмысы да жаман емес. Есесіне, қалада қалт-құлт етіп отырғандар көп. Тұрақты жұмыс жоқ немесе бар жұмыстың жалақысы мардымсыз. Кейбір ресми деректер көңілге қонбайды. Мәселен, Екібастұз қаласында орташа жалақы 154 мың теңгені құрайды екен. Шын мәнінде, сонша не одан көп жалақы алатындар жұмысқа жарамды халықтың шамалы бөлігі болар. Адам еңбегі лайықты бағаланса ғана, лайықты өмір сүрмек. Олай болса, үкімет те қарап қалмас. Жалпы, жақсылықтан үміт үзбейтін халық емеспіз бе?! Қазақ «бұдан да жаманымда тойған барғанбын» демей ме. Өзіңіз айтқандай, ең басты бақытымыз- Тәуелсіздік. Жиырма бес жыл ішінде жас мемлекет құрылды. Қазақстанның жасампаз халқы сол мемлекетті гүлдендіретініне тиіттей күманданбайық.
«Отарқа» 17 қараша 2016 жыл
