Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ҚР Конституциясының құрдасы жол-патрульдік полициясында адал қызмет етуде

Үстіміздегі жылғы тамыздың соңғы жұлдызы атаулы күн болмақ. Бұл күні Ата заңымыз, еліміздің негізгі заңы Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толғалы отыр. Бұл жылдары халқымыз көптеген айтулы кезеңдердің куәсі болды. Осыдан жиырма жыл бұрын Ата Заңымыз қабылданған жылы дүниеге келген балалар бүгінде ер жетіп азамат болды. Солардың бірі – Конституция құрдасы 20 жасар Қуаныш Серіков.

Қуаныш 1995 жылы СҚО, Мағжан Жұмабаев ауданының Байшылық ауылында дүниеге келген. 2012 жылы аудан орталығы Булаево қаласының № 4 орта мектебін жақсы деген бағаға бітірген. 2013 жылдың 31 мамыры мен 2014 жылдың 3 маусымы аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрлық әскерлерінде әскери борышын өтеген.

Қуаныш әскери борышын аман-есен өтеп келген соң, құжаттарын полицияға тапсырған. Денсаулығы сыр бермей қабылданды. 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап қалалық ІІБ жол-патрульдік полициясы батальонының полицейі лауазымы есебінен бір айға жуық уақыт тәлімдемеден өтті. Нәтижесі оң болып, Қуаныш 19 қаңтардан бастап басқа үзеңгілестерімен бірге Қостанай қаласына ҚР ІІМ оқу орталығына тыңдаушы ретінде аттанады. 2015 жылдың 17 сәуірінен бастап Петропавл қаласы ІІБ жол-патрульдік полициясы батальонының полицейі болып қызметке кіріседі. Енді ол да басқа да әріптестерімен қатар жолдағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты болады.

Жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің қызметі оңай емес. Қандай ауа райы болмасын күн сайынғы таңертеңнен кешке дейінгі кезекшіліктер кез келген адамды титықтатары анық. Әдемі форма үшін келген қызметкерлердің көпшілігі мұндай қиындыққа шыдамай, бұл қызметтен кетіп жатады.

Алайда, Қуаныш бұл азаматтардың қатарынан емес. Екі тілді еркін меңгеруі, бойындағы ізеттілігі бүгінгі тәртіп сақшысына тән қасиеттер. Жол-патрульдік полициясы батальоны басшылығының айтуынша, жол бойында қоғамдық тәртіпті бұзушылармен алдын алу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, қозғалыс көп болатын қиылыстарда да жол қозғалысын реттеуде өзінің қызметтік міндеттерін оңай, әрі жақсы атқарады.

Қуаныш отбасындағы үш баланың ортаншысы. Бос уақытын отбасымен өткізуге тырысады. Жоғары оқу орнының екінші курсында заңгер мамандығында оқиды. Сүйікті спорт түрлері: футбол, еркін күрес. Отбасын құрмаған.

«Өзімнен үлкен әріптестерімнің айтуынша, Ата заңымыз қабылданғанға дейінгі жылдары жүргізушілер басқаша болған. Ал, қазір азаматтар өздерінің құқықтарын жақсы біледі, заң жағынан да осал емес. Себебі, дәл осы Ата Заңымыз біздің азаматтарымыздың мүдделерін, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы қарсаңында барлық қазақстандықтарға, жерлестеріме ашық аспан, отбасыларына береке-бірлік, мықты денсаулық тілеймін! Еліміз гүлдене берсін!», – дейді жол-патрульдік полициясының инспекторы Қуаныш Серіков.

Юрий Клыков,

СҚО ІІД баспасөз қызметі

http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN

0
0
1174

Осы тақырып бойынша

ҚР Конституциясының құрдасы жол-патрульдік полициясында адал қызмет етуде - Yvision.kz