Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ҚР ҚК Құрлық әскерлерінде жауынгерлік даярлық сабақтары өтуде

«Айша бибі» полигонында «Оңтүстік» өңірлік әскерлері взводтарының жауынгерлік атыстары басталды. Мақсаты - барынша шынайы ұрысқа жақын жағдайда әрекет етіп, жаттығу міндеттерін іс жүзінде пысықтау болып табылады.

Бұл шаралар Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысының оқу процесін жаңа мазмұнмен толықтыру, жауынгерлік дайындықтың қарқынын күшейту туралы нұсқауымен үндесіп жатыр. Жақында Қорғаныс министрлігінде өткен жедел-стратегиялық жиында Елбасы жаттығулар қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге сай болу қажет деген еді.

Қазір «Айша бибі» полигонында 5-ші таулы атқыштар бригадасының бөлімшелері өздерінің дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл төл қарулы күштеріміз сапындағы бірден бір ерекше құрама болып табылады. Биыл бұл бригадада алғаш рет жауынгерлік дайындықтың жаңа тәсілдері тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіліп жатыр.

Жалпы взводтық жауынгерлік атыс барысында бөлімше командирлерінің, механик-жүргізушілердің, көздеуші-операторлардың және атқыштардың өзара үйлесімді жұмысына баса назар аударылады.

Сонымен қатар, таулы атқыштардың жеке дайындығына да айрықша мән беріледі. Олар қазір атыс қаруынан, танкіге қарсы гранатомет пен минометтерден, БМП-2 жауынгерлік машинасынан атып жаттығу үстінде.

Жаттығу барысында Қарулы Күштер түрлерінің өзара үйлесімді іс-қимылдары да пысықталуда. Атап айтқанда, Құрлық әскерлеріне Әуе қорғанысы күштерінің майдандық авиациясы әуеден қолдау көрсетуде. Авиацияның іс-әрекеті мен нысаналарын Құрлық әскерлерінің өкілдері қазіргі заманғы байланыс құралдары арқылы жерден бағыттайды.

Дәл осы уақытта «Теріс Ащыбұлақ» полигонында таулы-егерлік бөлімшелердің әскери қызметшілері де өздерінің арнайы дайындықтарына кірісті. Олардың басты ерекшелігі - таулы аймақтарда және тікелей ұрыс қимылдары кезінде жылқыларды тиімді қолданып, әрекет етуі.

Үздіксіз жаттығу жұмыстары нәтижесінде аттар атыс-шабыстан мүлде үрікпей, бұйрықты жақсы түсініп, жауынгердің сенімді серігіне айналады. Бұл бөлімшелердің сарбаздарына қойылар талап да жоғары. Олар альпинизм әдістерін жақсы меңгеріп, арнайы құралдармен тау жартастарына шығып, түрлі кедергілерді жеңе білуге тиіс. Бұл үшін жалпы әскери ұрыс тактикасынан бөлек, өте жақсы дене дайындығы да қажет.

Осындай ұдайы жүргізілетін далалық дайындықтар кейіннен осы алған білім-тәжірибені жетілдіру мақсатында көптеген әскери бөлімшелердің қатысуымен өткізілетін ауқымды оқу-жаттығуларға ұласады.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
533

Осы тақырып бойынша