ҚР ҚК Құрлық әскерлері әскери қызметшілері арасында бокстан бірінші ашық чемпионат өтуде
Астанада ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің арасында бокстан бірінші ашық чемпионат өтуде. Жарыс бүгін армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында жалауын көтерді.
Чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тілеген ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев:
– Қазақстан бокстан әлемдегі алдыңғы орындардан көрініп жүр. Сол себепті, біз боксты ұлттық спорт түрі деп есептейміз. Жоғарғы Бас қолбасшы – Президентіміздің арқасында спорт барлық бағыт бойынша дамып келеді. Біз өз Президентімізбен, өз мемлекетімізбен және сүйікті Отанымызбен мақтанамыз. Біз оны қажет болса, жұдырықпен де қорғауға дайын болуымыз керек, – деді.
Былғары қолғап иелерінің бәсекесіне 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадалық ойындардың чемпионы Бақыт Сәрсекбаев құрметті қонақ ретінде шақырылды. Боксшы жарысқа қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің арасында бокстан бірінші ашық чемпионат Құрлық әскерлері бас қолбасшысының ұйымдастыруымен және Қорғаныс министрлігі басшылығының қолдауымен өткізілуде. Жарысқа «Астана», «Батыс», «Шығыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарының, сондай-ақ әскер тектерінің, құрамалар мен бөлімдердің әскери қызметшілері қатысады. Жүлделі орынды сегіз салмақ дәрежесінде 10 команда сарапқа салатын болады.
ҚР ҚК Құрлық әскерлері әскери боксшыларының арасындағы спорт жарысы 27 ақпанға дейін созылады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
