ҚР Қарулы Күштерінде жедел бөлімше бастықтарының оқу-әдістемелік жиыны өтті
Алматыда 61993 әскери бөлімінің базасында өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрамалары мен бөлімдері жедел бөлімшелері бастықтарының оқу-әдістемелік жиындары аяқталды.
Офицерлер үш күн бойы дене және ату даярлықтары бойынша сынақтар тапсырып, жетекші құжаттардың негізгі ережелерін білуден тестілеуден өтті.
Іс-шараның жабылуына Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қатысты.
Жиынды қорытындылыған Бас штаб бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов:
– Жиындар офицерлердің жедел, жұмылдыру және жауынгерлік даярлықтарды ұйымдастырудағы кәсіби дайындықтарын тексеру үшін өткізілді. Кез келген деңгейдегі жедел офицердің негізгі тапсырмасы басшының басқару қызметін қажетті ұсыныстарды, ақпараттарды, есептер мен шешімдерді уақтылы беру жолымен қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі уақытта ҚР ҚК Бас штабы өңірлік қолбасшылықтардың құрамалары мен бөлімдерінің офицерлерін дайындауға айрықша көңіл бөлуде, – деп атап өтті.
Жиындардың қорытындысы бойынша басшылық құрам кәсіби даярлық деңгейіне сараптама жүргізіп, тиісті ұсынымдар беретін болады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
