Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

"Эмми" жүлдесін алған қазақ

«Эмми» – Америкадағы телевизия саласындағы беделді жүлде. Жыл сайын әр түрлі аталым бойынша үздік режиссер, продюсер, оператор және т.б. беріледі. Осы жүлдені алыс 2003 жылы қазақ жеңіп алған екен. Оның есімі Хасан, қазіргі таңда Нью-Йоркте тұрады. Хасанмен жасаған сұхбатым біраз уақыт бұрын "Нұр Астана" газетіне шыққан.

«Жүлдені алуға барған жоқпын»

–Хасан мырза, сіздің «Эмми» жүлдесін жеңіп алғаныңызды кеш те болса естіп, қуанып жатырмыз. Осы жайлы толығырақ айта кетсеңіз?
–Бұл сонау 2003 жылы болған еді. «Эмми» – Америкадағы телевизия саласындағы үздік сыйлық. Ең үздік деп танылған 23-тен астам аталымда телевизия саласына беріледі. Маған «Зерттеу және деректі фильмдер» аталымы бойынша жүлде табыс етілді. Бұл фильмді түсіру туралы ұсынысты БиБиСи-де жұмыс істейтін танысым айтқан болатын. Бірнеше адам жиналып түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан балалар туралы деректі фильм түсірмекші екен

(Хасан Шерифлимен бірге жұмыс істегендер: Леван Адами, Суприя Аваси, Кэйт Блоует, Кларинда Кэппейдж, Джон Майер, Джед Родштейн, Дебора Шипли, Брайан Вудс – А.А). Оларға зерттеу жасайтын адам керек екен. Қолымнан келетін іс болғандықтан бас тартпадым. Көптеген елдердің түзету мекемелерінде болып, балалар өмірімен таныстық. Алты ай бойы жүргізген зерттеуімізден кейін көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Мысалы, жазасын өтеп жатқан әр түрлі жастағы үш баланың күнделікті өмірін бақыладық. Ұйқыдан оянып, қайта ұйқыға кеткенге дейінгі бір күнін қалай өткізетінін назарымызда ұстадық. Олардың тәрбиешісімен, аспазшылармен, мұғалімдерімен сөйлестік. Бір сөзбен айтқанда, өмірге темір тордың ар жағындағы балалардың көзімен қарауға тырыстық.
–«Эмми» жүлдесін тапсыру салтанатына бармаған екенсіз?photo 3
–Иә, солай болғаны рас. Фильмді түсірген кезде Филадельфия университетінде оқып жүрген едім. Бір күні маған жүлдеден үміткер екенім жазылған марапаттау салтанатына шақырту сертификаты келді. «Темір тордың арғы жағындағы балалар» менің алғашқы жобам болғандықтан, өзімнің жүлде алатыныма сене қоймадым. Дегенмен ұйымдастырушыларға хабарласып едім, марапаттау салтанатына қатысу үшін смокингі бар, басқасы бар кемінде 600 доллар керек екен. Сол кезде мен үшін бұл үлкен сома болды. Қолымда 600 доллар болған күннің өзінде оны «түзету үйіне» жіберетін едім... Сөйтіп, марапаттау рәсіміне қатыспадым. Біраз күн өткесін маған хабарласып, жүлдені қалай алатынымды сұрады. Мен үйге әкеліп беріңдер дедім (Күліп алды).

«Жаман бала болмайды!»

393455_10150439869707748_1417774801_n

Осы орайда қай елдің балаларды түзету мекемесі көңіл толарлықтай жұмыс істейтіндігін сұрай кетсек...
–Өкініштісі, дамымаған және дамушы елдердің балалары көбіне ауыр қылмыс жасайды екен. Мысалы, Үндістан, Моңғолия сияқты елдерде жас балалар арасында адам өлтіру немесе қасақана адам өлтіруге талпыну, қарақшылық, қорқыту секілді аса ауыр қылмыстар орын алған. Ал, дамыған алдыңғы қатарлы елдерде балалар қылмысы аз. Мәселен, ағылшындар дүкеннен зат ұрлаған баланы түзету мекемесіне жіберсе, Америкада әкесінің мәшинесін рұқсатсыз айдап кеткені үшін де түрмеге қамай алады.
Жүргізген нәтижелерде көз жеткізгенім, Түркияның түзету мекемесі сәтті жұмыс жасап жатыр екен. Түркияда жалпы түзету мекемесінен бөлек «түзету үйі»(Islahevi) деп аталатын бірнеше мекеме бар. Түзету үйінің ерекшелігі, ол жерде бала түрмедегідей қоршаудың ішінде болмайды. Қалаған уақытында емін-еркін сыртқа шығып жүруіне мүмкіндік бар. Оқу оқитындары мектебіне, жұмыс істейтіндері жұмысына бара алады. Түзету үйінде олардың тәрбиешілері бар. Балалар ол жерде білім және тәрбиемен қатар қолөнер де үйрене алады. Осы арада бұзық балалар қалай ол үйге өз еріктерімен барады деген заңды сұрақ туады. Оның жауабы – көшеде аш-жалаңаш жүрген балалардың «түзету үйінде» басқаша атмосфераға тап болуында жатыр. Ол жерде қылмыс жасаған балалардың түзелуі үшін бар жағдай жасалған.
–Көбіне темір тордың арғы жағын көріп келген балалар қайта қылмыс жасауға бейім тұратыны рас. Осы мәселені шешу үшін қандай шара ұсынар едіңіз?
–Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мынаны айтқым келеді. Жаман бала болмайды! Сәбидің пәк көңілі жаманшылықты қаламайды. Алайда, үлкендер тарапынан берілген тәрбиенің нашар болуы баланың қатыгез немесе бұзық болуына ықпал етеді. Бала тәрбиесінде ата-ананың орны бөлек екенін естен шығармауымыз керек. «Арғы жақтағы» өмірді көріп келген баланың алдынан бірнеше мәселе шығады. Оның сотталғанын естігендер оған басқаша көзқараспен қарайды, жұмыс тауып қоғамның бір бөлшегіне айналып кетуі де қиын. Түзету мекемесінен шыққан балаға қоғам қарсы тұрғандай көрінеді. Сондықтан, оларды барынша түсінуге тиістіміз. Біздің деректі фильмімізден кейін көптеген адамдар «түзету үйінің» пайдасы мол екендігін сөзсіз мойындады. Біраз мемлекет бұл жүйені өздеріне енгізуге тырысқан еді. Алайда, әр түрлі кедергілер бұған мүмкіншілік бермеді.

–Істеріңізге сәттілік тілеймін! Әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен Абай Асанкелдіұлы

Сұхбатты толық "Нұр Астана" сайтынан оқи аласыз.

0
0
595

Осы тақырып бойынша

"Эмми" жүлдесін алған қазақ - Yvision.kz