Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Qazaqstan ба, әлде Kazakhstan ба?

Әуелі Q-елі, кейін Q-pop, енді Qazkom. Бұл құлдық санадан айырыла бастағанымыздың белгісі ме, әлде казахым қазақ екендігін есіне түсіргені ме? Не болса да мен бұл бастаманы қос қолдап қолдаймын, себебі латын әліпбиінің «k» әрібінің бірден кириллицаның «к» және «қ» әріптеріне сәйкес келуі – дұрыс емес деп есептеймін.

«Себебі не бұл сырдың?» десеңіз, қазақ тілін оқыңыз.

Қазақ тілінің грамматикасы бойынша «қ» әрібі – шұғыл, қатаң, көмей дауыссыз, ал «к» – шұғыл, қатаң, тіл алды дауыссыз болып табылады. Бұл екі әріптің әр түрлі екендігін дәлелдейді, сондықтан бұл әріптер жеке-жеке транслитерациялануы қажет.

Енді «Ол әріптерді қалай транслитерациялаймыз» деген сұрақ туындайды.

Бұл сұраққа жауап іздеу үшін тарихқа үңілсек. 1929 және 1940 жылдар аралығында қазақ тілінің әліпбиі ретінде Қазақ ССР-ның Орталық Атқару Комитеті ұсынған, латиницаға негізделген «Ортақ түркі әліпбиі» (Жаңәліп) қолданылғандығын барлығымыз білеміз. Міне осы әліпбиде «к» әрібі «k», ал «қ» әрібі «q» деп транслитерациялаған. Бұл өте дұрыс шешім деп есептеймін, себебі тіпті араб тіліндегі к және қ әріптеріне сәйкес келетін кәф және қаф әріптері латын әліпбиіне тура осылай транслитерацияланады.

Жоғарыда «Sotsijaldƅ Qazaƣƅstan» (Социалды Қазақстан) газетінің 1937 жылғы шығарылымы көрсетілген. Байқап отырғандарыңыздай еліміздің атауы латын әліпбиінде Qazaq SSR деп жазылған. Сондықтан Q әрібінің «қайта» қолданысқа енуі жаңалық емес, керісінше заңдылық. Кеңес Одағының құрамынан шыққаннан кейін еліміздің атауы латиницаға тікелей Казахстан сөзінен транслитерацияланып Kazakhstan болып кетті. Сөйтті де әлемдік аренада еліміздің атауы Қазақстан емес Казахстан болып таңылып кетті. Ал егер сол кезде қателік жіберілмей ел атауы Qazaqstan болғанда, ел атауындағы тілдік ерекшеліктер сақталар еді. Мемлекеттік тіліміз қазақ тілі бола тұра, әлемдік деңгейдегі ел атауының орысша болуы – дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан да мен бұл бастаманы қолдаймын.

5
2
721

Осы тақырып бойынша