PR заман талабына сай мамандық
Адам өмірде екі нәрсені таңдаудан қателеспеу керек деген ұстаным бар. Бірі асыл жарын таңдау болса, бірі табысқа жетелер, бағын аша мамандығы. Әр пенде ес біліп, етек жия бастаған сәттен бастап қандай мамандық таңдаймын? Кім боламын? Халқыма қалай пайдам тиеді? деген сұрақтар толғандырып жүрері анық. Әсіресе, нарықтық заманда қоғамда сұранысқа ие мамандықты таңдау мәселесі мектеп бітіруші түлектерге өте қиын.

Солардың бірі қазіргі заманға сай, қоғамда халықтың ықыласына бөленіп үлгерген саланың бірі "Қоғаммен байланыс". Яғни, PR мамандығы. Көпшілік PR мамандарын журналистермен шатастырып жатады. Алайда, бұл мамандық иелерінің атқаратын жұмыстары да, міндеттері де мүлдем бөлек.
Мұнда продюсер, баспасөз хатшысы, пресс-аташе, имиджмейкер, pr-менеджер, секілді мамандықтар оқытылады. Осыған қоса, "қоғам- мен байланыс" мамандығы тікелей жарнама саласымен байланысты болғасын жарнама қызметін де жан-жақты қарастырады.

PR- маманының міндеті - белгілі бір компания туралы қоғамды жағымды ақпаратпен қамтамасыздандыру, компанияның имиджін құрастыру болып саналады. Сондықтан, менің ойымша, PR-мамандығының болашағы өте зор. PR-мамандығы өзінің "жастығына" қарамастан, қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие екенін дәлелдеп үлгерді. Мамандық туралы қысқаша айта кетсем. PR-маманы - компания немесе кез-келген ұйымның имиджін қалыптастырушы тұлға. Ол шығармашылық тұрғыда ойлап білуі және өзіне-өзі өте сенімді әрі кретиативті болуы керек. Қоғаммен байланыс саласындағы маманға қойылатын ең алғашқы талап -талдау жұмыстарының тәжірибесінің болуы. PR-технологияларының іргетасы - ақпаратты талдау болып табылады. Нағыз маман өзінің және басқа да нарықтарды толықтай зерттеп білуі тиіс, жаңадан қалыптасып жатқан тенденцияларға лезде бейімделе білу қасиеті болғаны жөн. Осыған қоса, компания серіктестерімен, демеушілермен және үкіметпен тиімді қарым-қатынас орната білуі қажет. Қажетті ақпаратқа ие бола отырып қана PR-маманы қазіргі таңда үлкен табыстарға жете алады. Екінші маңызды талап - БАҚ-пен тиімді қарым-қатынас орнату. PR-маманы журналистерге маңызды шаралар туралы ақпаратты лезде хабарлап отыруы тиіс, сонымен бірге компания белгілі бір дең- гейіне жету үшін жаңадан қызықты шаралар немесе акциялар жүргізіп отыруы керек. Ал үшінші қойылатын талап - креативтіліктің болуы, әрдайым жаңа ізденістерге қол жеткізе білу. Аталған саланың мамандарының айтуынша компания беделі толықтай "қоғаммен байланыс" мамандарына тәуелді. Қазіргі кезде біздің елде PR мамандарын əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар жəне Əлем тілдері университеті, «Тұран» университеті жəне Алматы менеджмент университеттерінде оқытады.
Жансая Скакова
əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
журналистика факультеті
3-курс студенті
