Пойызда да парақорлық «гүлдеп» тұр
Пойызда да парақорлық «гүлдеп» тұр
`НУР АСТАНА`мен MASA.KZ
Хадисте: «Параны беретіндер де, оны алатындар да тозаққа барады» делінген. Бірақ содан қорқып, оны ескеріп жатқан кім бар дейсің.
Жұмыр басты пендеге жұқпай қоймайтын жиырма бірінші ғасырдың дерті – жемқорлық қоғамды кеулеп, үңгіп бара жатқан қарабас құрт сияқты. Оған қарсы вакцина әлі күнге дейін табылған жоқ. Құрғақ уәдемен қуырдақ қуырған алаяқтар ел қазынасына тап бір өз атасынан мұраға қалғандай сұқтанып, сұғанақ қолын сұғуды тоқтатпай келеді.
Жемқорлықтың жүрмейтін жері жоқ! Жуырда осы үзілмейтін үрдістің куәгері болдым.Әңгіме жүк және жолаушылар тасымалдайтын темір жолдан басталды. Оқуымның соңында туған елге табан тіреуге мүмкіндік туып, алып-ұшып вокзалға аттандым. Астана-Сарыағаш пойызы адамға лық толы. Вагон іші айқай-шу. Ине шаншар жер жоқ. Ең қызығы, көбінің билеті Қарағандыға дейін.
«Екі сағаттық жерге «электричка» жүрмеуші ме еді?», деп ойладым. Сөйтсем, қызықтың көкесі алда екен. Пойызды тексерушілер Қарағандыға дейін тексеріп барып, түсіп қалды. Ал екі сағаттық жерге дейін билет алған адамдар иелері жол-жөнекей мінетін орындарға жайғасқан «қояндар» екен.
Тексерушілер кетісімен пойыздың іші «аукционға» айналды. Сатылымға бос орындар түсті. Тіпті, олардың өзіндік ставкасы да бар. Мәселен, астыңғы орын – 15 мың теңге, үстіңгі орын – 10 мың теңге. Ол аз десеңіз, жүк қоюға арналған төбедегі орын да 5000-ның ар жақ-бер жағында өтіп кетті. Рахат, 15 мың теңге төлеп қойып, шырт түкіріп жата бересіз. Сізді ешкім мазаламайды. Себебі, бұл орындардың иелері жоқ. Олар – кассирмен келісіп, я алдын ала сатып алынған орындар. Әрине, сіз төлеген ақшаға емес. Шамасы, соның жартысына да жетпейтін болса керек.
Өз басым бұл оқиғадан бір сабақ алдым: Парақорлар «парызын» қай жерде де атқара береді. Оның «гүлдеуіне» біздің пойыздар да «құнарлы топырақ» болып тұр.
Айдана ҮСЕНБАЙ

