Портал арқылы аты-жөнін, тегін ауыстыру
Өмірде түрлі себептерге байланысты аты-жөнін, тегін ауыстыру қажеттілігі туып жатады. Бұл тұста «Оны қалай іске асыруға болады?», «Оның қандай жолдары бар?» - деген сұрақтардың бірден ойға келері хақ. Ендеше жауабын қысқаша түсіндіріп көрейік.
Оның аса қиындығы жоқ, бар болғаны өз тұрғылықты мекен-жайы бойынша кез-келген ХҚКО-ға өтініш беру керек. Болмаса, Электронды Үкімет Порталының көмегіне жүгінсе болады.
Мәселен, Egov.kz порталы арқылы кез-келген азамат тегін, атын, әкесінің атын ауыстыру туралы өтініш бере алады. Ол үшінwww.egov.kz порталына тіркелуі және электрондық цифрлық қолтаңбасы қажет.
«Тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеуге электрондық өтінішті беру» қызметін таңдап, содан соң «Онлайн қызметтер бір тізімде» тарауындағы «Отбасы» санатында үлгі бойынша өтініш толтыру керек. Одан кейін ТАӘ ауыстыру үшін негізді таңдап, өтініш электрондық қолтаңбамен куәландырылады.
Бұдан кейін үш жұмыс күні ішінде пайдаланушы өтінішті қабылдау немесе бас тартудың себебін түсіндіру туралы хабарлама алады. Бұл ретте өтініш беруші хабарламаны алу үшін мемлекеттік баж салығын төлеуі шарт. Төлемді кез келген банктің картасы немесе «Сбербанк» жеке шотының көмегімен жасай алады.
Алынған хабарламада уақыты, күні және АЖАТ бөлімінің мекенжайы көрсетіледі, ол бойынша өтініш беруші тегін, атын, әкесінің атын ауыстыруды тіркеу және куәлікті алу үшін өтуі тиіс.
