Пикассо — ХХ ғасырдың даңқты суретшісі
Мына ғажайып әлемнің сұлулығын қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, оған ерекше әр бере білу екінің қолынан келетін іс емес. Сурет өнері - табиғат тарту еткен талантты жандарға тиесілі десек артық айтқандық болмас. Дүние жүзінде танымал суретшілер көп. Солардың бірегейі ретінде Пабло Пикассо туралы жазғанды жөн көрдік.
Бала Пикассо. Дара Пикассо.
Пикассо Испанияның Малага қаласында 1881 жылдың 25 қазанында дүниеге келген. Тарихта Пикассо есімі өте танымал. Ал оның аты-жөнінің тым ұзақ екенін біріміз білсек, енді біліміз білмеуіміз мүмкін. Пикассоның толық аты - Пабло Диего Хосе Франсиско де Паула Хуан Непомусено Мария де лос Ремедиос Криспин Криспиньяно де ла Сантисима Тринидад Руис Пикассо екен. Пабло сурет өнеріне бала күнінен әуестенеді. Ол жеті жасынан бастап сурет салуға құмартады. Оның әкесі Хосе Руис те суретші болған. Баласының көркемсуретке деген ынтасын байқаған ол Паблоға алдымен жеңіл салынатын суреттерді көрсетіп, жалпы сурет салудың техникасын үйрете бастайды. Ал 13 жасқа келгенде оған өте ауқымды натюрморт салуды сеніп тапсырады. Ізбасарының талантына қайран қалған әкесі сол сәтте-ақ сурет өнерімен қоштасқан екен деп те айтылады. Пикассо небары он үш жасында Барселонаның Суретшілер Академиясына оқуға түседі. Академияға тапсырушы талапкерлер емтиханға бір ай жүріп дайындалса, Пикассо бір аптада ұстаздарды таң қалдыра білген. Ол өте жас болғанына қарамастан академияға қабылданады. Ал 16 жасқа келгенде әкесі оны Мадридтегі Өнер мектебіне ауыстырады. Алайда бұл мектепте Пикассо бір жылға жуық уақыт қана оқиды. Одан әрі өзі үлгі тұтқан Диего Веласкеса, Франсиско Гойи, Эль Греко сынды суретшілердің өнерлерін зерттей бастайды.

Пабло Пикассо
Пикассо шығармашылығындағы алғашқы суреттер жиынтығы Барселонадағы Пикассо музейінде сақталған. Солардың ішінде "Автопортрет", "Ана бейнесі" (1896) атты суреттер көпшілікке кеңінен танылған.
Шығармашылықтың "көкшіл" және "қызғылт" кезеңдері
Суретшінің 1901-1904 жылдар аралығында жасаған туындылары көкшіл кезең деп аталған. Осы кезеңде салынған суреттерде көгілдір-жасыл, салқын түстер, мұң басымдау. "Көкшіл кезең" сюжеттерінен жадау жүзді ана мен баланы, кедей-кепшікті, қайыр тілеген адамдар мен зағип жандарды көбірек көруге болады. "Кездесу" (1902), "Өмір" (1903), "Соқырдың таңғы асы" (1903), "Ана мен бала" (1903), "Кедей қария мен бала", "Үтікші әйел" (1904) картиналары арқылы суреткер қоғамның қорғансыз топтарын көрсетіп, оларға үміт сыйлаған. Ал 1904-1906 жылдардағы туындылардан керісінше, өмірге деген құштарлықты көреміз. Акробаттар, арлекиндер, әртістердің бейнелері Пикассо шығармашылығының "алқызыл кезеңінде" көрініс тапқан. Бұл кездері Пикассо өнердің қайнаған ортасы Париж қаласында тұрған еді. 1905 жылы салынған "Шардағы қыз" атты танымал картина да көкшіл кезеңнен қызғылт кезеңге өткен сәттегі туынды болатын.

Пикассо - кубизм стилінің авторы
1906 жылы Пикассо әйгілі американдық жазушы Гертруда Стайнның портретін салуды қолға алады. Алайда сексен рет қайталаса да суретті сала алмайды. Жазушының естеліктерінде Пикассо оған: "Мен сізге қарап тұрып сізді көре алмай тұрмын" деген көрінеді. Дәл осы сәттер Пикассо шығармашылығының өзгеру кезеңі болатын. Жаңа шығармашылық қуат пен әсер алу үшін суретші африкалық скульптураға ден қоя бастайды, бұл өнерде магиялық күш бар деп есептейді. Ал "африкалық әсер" суретшінің шабытын қамшылап, Г.Стайнның портретін тәмамдауға ықпал етеді. Бұл кезең суреттерін бастапқыда қоғам жылы қабылдай қоймады. Кубизм кезеңін Пикассо үш түрге бөлген.

Гертруда Стайн.
Сезанновтық кубизм - қарапайым геометриялық формадан тұрады, көмескі, бұлдыр, жасыл, қоңыр түстер басым. Аналитикалық кубизмде суреттегі бұйым ұсақталған, бір-бірінен анық алшақтатылған. Синтетикалық кубизм жұмыстары декоративтік және контрасты болып келеді. Бұған көбіне натюрморттар жатады.
Пикассо неоклассицизм, сюрреализм кезеңдерінде де өз жаңалықтарымен бөлісті. Жаңа туындылар өткен кезеңдердегі секілді суретшінің стильді өзгерткені үшін сынға да алынып жүрді.
Екінші дүниежүзілік соғыс. Герника.
1937 жылдың 1 мамырында неміс авиациясы Испанияның солтүгіндегі Герника қалашығын жер бетінен жоқ қылады. Пикассо салған "Герника" картинасы да сол оқиғамен тығыз байланысты еді. Картина ақ, қара, күлгін түстен тұрады. Әрі өте көлемді. Пикассо картинада ойрандаушы топты өгіз бейнесінде көрсеткен. Аталған картина Парижде өткен бүкіләлемдік көрмеде испан павильонына қойылады. Артынша осы сурет үшін Пикассоға гестапо (фашистік Германияда болған құпия полиция) іздеу салады. Оның үйіне тінту жасаған неміс офицері үстел үстінен "Герниканың" фотосуретін көреді. "Мынаны жасаған сіз бе?" деген сұраққа Пикассо: - "Жоқ, оны сіз жасадыңыз!" - деп ұтымды жауап берген екен. Ол 1935 жылы осындай суреттерден тұратын "Минотавромахия" атты жинақ құрастырған.
Суретші өмірінің соңғы сәттері
Өмірінің ақырғы кезеңінде Пикассо көру мүмкіндігінен айырылады, есту қабілеті де нашар болған. Ол 1973 жылдың 8 сәуірінде 92 жасында Францияның Мужен қаласында өмірден озды. Мультимиллионер суретші өзіне тиесілі Вовенарг сарайының жанында жерленген. Пикассо 80 мыңнан аса сурет қалдырған ХХ ғасырдың дарынды суретшісі. 1970 жылы суретшінің көзі тірісінде Барселона қаласында Пикассо атындағы мұражай ашылды. Оған суретші картиналарынан өз қолымен тапсырып тұрған. Ал 1985 жылы суретші ұрпақтарының ықпалымен Парижде Пикассо музейі құрылды. Музей қорында Пикассоның 200-ден астам картинасы, 150-дей скульптура туындылары, мыңдаған суреттер, коллаждар, құжаттар қойылған. Бүгінгі күннің өзінде Пикассо еңбектері әлемдік аукциондарда іздестіріліп келеді.
