Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Пидақорлық

Сіз қолындағы барын өзіне қажет болса да басқа адамның бақыты үшін, басқа адамның өмірі үшін пида еткен жандарды көрдіңіз бе? Ал жандары нәзік, өздері өте әлсіз адамдардың өте күшті дейтін жандардан да асып түсіп, үлкен, батыл қадамдарға тәуекел ете алатынын біліп педіңіз? Керемет деп айтылсын деген рияға тәуелді болмауға тырысып, жалған сезім мен жалған сенім жетегінде кетпей, қарапайым адам болып қалған осындай жандардың бірінің пидақорлық оқиғасын осыдан тоғыз жыл бұрын естіген едім. Ол кезде әлі жетінші сынып оқушысы болсам да, менің сол кездегі бала көңіліме бұл оқиға қатты әсер еткен болатын.

Мектепте оқитын құрбымның анасын өте жақсы танитынбыз. Анасының есімі Әсел болатын. Өзінің қарапайымдылығы, ұялғанда бетінің ұшы қызғылт тартып қызаратындығы, орнында айтылатын қалжыңдары адамды бірден баурап алатын. Бір күні құрбымның үйіне қонаққа бардық. Анасы мен інісі бізді қуана қарсы алып, дастархан жайды. Дастархан басында әртүрлі тақырыптар қозғалды, әртүрлі әңгімелер айтылды. Өмірге қандай кеңес берер едіңіз, өз басыңыздан өткен оқиғаларыңызды айтып беріңіз деген сөзімізді жерге қалдырмай, Әсел апай өзінің басынан бірнеше жылдар бұрын өткен оқиғаны былай бастады.

-Ол кезде ұлымның туылғанына төрт-бес айдай болып қалған еді. Бір күні балам қатты жылап, мазасызданып, ыстығы көтеріліп ауырды. Жедел жәрдем шақыртып баламызды емханаға алып барғанда, дәрігерлер баланың басында ісік бар екенін, шұғыл түрде ота жасау керектігін айтты. Шын болмай қалар деген үмітпен бірнеше емханаларға тексерілдік, бәрі де баланың басында ісік бар екенін растады. Ұзақ күткен ұлымыздың ауыр қатерге шалдыққаны жанымызға ауыр тиді. Ойлана келе Түркияға ота жасатуға бел будық. Түркияда алыс туысқандарымыз бар болатын, солардың үйінде тұратын болып шештік. Қолымыздағы аз ғана қаражатпен ұлымды алып жолға шықтым. Ал әкесімен ота жасатуға жетерлі қаражат табқан бойда артымыздан келетін болып келістік. Түркияға барып дәрігерлерге тағы да қаралдық, олар да отаның шұғыл түрде жасалу керектігін айтты. Сөйтіп жүргенімізде Түркиядағы туысқан ағам шатырдың төбесінен құлап, аяғын қатты жарақаттап алды. Оларда да қаражат жоқ, оның үстіне аяғына шұғыл түрде ота жасатпаса, аяғынан айырылып қалу қаупі бар еді. Сол кезде қатты ойландым, менің қолымдағы бәрібір ұлымның еміне жетпейтін еді, ол уақытта дәл сол ақшаға туысқан ағамның қажеттілігі көбірек болды. Сол кезде Жаратқанға “мен қолымдағы ақшамды ағама берейін, менен гөрі дәл қазір бұл ақша оларға қажет, сен де баламды аман-есен емделіп шығуына жәрдем бере гөр,” деп жалбарындым да, қолымдағы барымды туысқан ағамның еміне бердім. Дер кезінде ота жасатылып, аяғы аман қалды. Бірнеше күн өткеннен кейін жұбайым қаражат тауып Қазақстаннан ұшып келді. Ақшаның табылғанына қуанып баламызды алып дәрігерге бардық. Ең таң қаларлығы, емханада дәрігер баламыздың басында ісіктің жоқ екендігін айтты. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана экраннан көрініп тұрған ісік жоқ. Не сенерімізді, не сенбесімізді білмей бірнеше жерде қайтадан тексерілдік. Қазақстанға келіп тексерілгенімізде де дәрігерлер ісікті таппады, бәрі де таң қалып ісіктің жоқтығын айтты. Қуанышымызда шек болмады,- деп Әсел апай өз әңгімесін аяқтады.

Йә, басқаларға жасаған жақсылықтың бірнеше өмірлерді өзгерте алатын күшке ие екендігін түсіне бермейміз. Тарих толқынында да өз барын басқалар үшін пида еткендер аз болмады. Тіпті барлық өмірін күллі адамзатқа, туған жері, елі немесе отбасына жанпида еткен, көздерінің оты ұшқын, көкіректері ояу, жүздері жарқын тұлғалар да көп болды. Ал жақсылыққа деген берік сеніммен басқаларға қол ұшын созуды жөн деп санаған Әсел апайдың бұл пидақорлығы, өмір бойы өкіндірмейтін әрі ұмыттырмайтын бақытқа кезіктірді.

1
0
1555

Осы тақырып бойынша