Петропавлда ПИК төрағалары пәтерлерді жалға алушыларға шағымданды
Күзет құрылымдарының, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің, жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің, жұртшылықтың қатысуымен өткен жұмыс кездесуі кезінде пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары облыстық полиция ведомствосының басшылығына өздерін толғандырған мәселелер туралы баяндады. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев қатысты. Қызу талқыға түскен тақырып - өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі болды. Полицейлер кездесу қатысушыларына ұрлықтың, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ нашақорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қолданатын шаралар туралы баяндады. Кеңесті аша отырып, СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев өңірде қылмыстың төмендегенін, сондай-ақ халықтың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі белсенділігін атап өтті. «Біз кез-келген ұсыныстарыңыз бен ескертулеріңізді қарастыруға дайынбыз, олардың негізінде полиция бөліністерінің жұмысына түзету енгізілетін болады», - деді Марат Сағынтайұлы.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, биылғы жылы көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны 25 пайызға азайған. Қылмыстарды ашуда бейнебақылау камераларының алатын орны бөлек, олардың көмегімен 466 қылмыс, төрт мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Кіреберістерге орнатылған камералар қылмыстардың алдын алуда септігін тигізуде. Бүгінгі таңда тұрғын үйлердің 788 кіреберісі бейнебақылау жүйесімен жабдықталды. Сонымен қатар, ПИК төрағалары алдағы уақытта осы жүйеге белсенді түрде қосылуға ниетті. Сондай-ақ, қалалықтар тәулікке жалға берілетін пәтерлерде өтетін көңілді отырыстар оларға маза бермейтіндіктерін айтты. Осы жылы «102» пультіне осындай 950 хабарлама келіп түсті. Петропавл қаласының тұрғындары түнгі уақытта облыс орталығының көшелерінде қатты жүретін мотоцикл жүргізушілеріне де шағымданды. Осы мәселелерді Полиция департаментінің бастығы бақылауға алып, аталған бағыттағы жұмысты күшейтуге тапсырма берді.
Интернет арқылы синтетикалық есірткілерді тарататын наркодиллерлерге қарсы іс-қимыл жасау – маңызды мәселелердің бірі. ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев жұртшылықпен осы әлеуметтік жегіні жою бойынша бірлескен жұмыс туралы баяндады. Жылға жуық жұмыс істейтін 8-707-500-96-65 телефон нөмірі бойынша WhatsApp қосымшасы арқылы есірткі сайттарының мекенжайлары көрсетілген жазулар, сондай-ақ есірткі сатудың басқа да фактілері туралы хабарлауға болады.
Кездесу соңында СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін ПИК төрағаларын, сондай-ақ қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін учаскелік полиция инспекторларын марапаттады.
Іс-шараның екінші жартысында семинар-кеңестің аясында учаскелік полиция инспекторлары жасөспірімдер қылмысына қарсы іс-қимыл, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес шараларын талқылады.
СҚО ПД баспасөз қызметі
