Петропавлда 32 бағдаршам объектісі жаңартылады

Бүгінгі таңда Петропавл қаласының көше-жол желісінде 80 бағдаршам объектісі жұмыс істеуде. Олардың 32-сі жыл соңына дейін жаңартылады.
Петропавл қаласының жолдарында жыл басынан 62 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның нәтижесінде 6 адам қайтыс болып, 75-і жарақат алған.
Жол-көлік оқиғаларының болуының басты себептері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің алаңғасарлығы. Апаттар көбінесе көліктердің қарсы бетке шығуы, жылдамдықты асыру, көлікті мас күйде басқару, басқарылатын көше қиылыстарынан бағдаршамның рұқсат етілмеген белгісіне өту нәтижесінде орын алады. Белсенді жүргізіліп жатқан алдын алу іс-шараларымен қатар әкімшілік полицейлер, өңіріміздің қалалары мен ауылдарындағы көше-жол желісін жақсартуға атсалысуда. Қазіргі уақытта облыста 98 бағдаршам объектісі жұмыс істеуде. Олардың 80-і облыс орталығы – Петропавл қаласында.

«Петропавл қаласының көше-жол желісін жақсарту мақсатында 32 бағдаршам объектісін жаңарту жоспарланып отыр. Орнатылған бағдаршам объектілерінің ескілерінен айырмашылығы – олармен GPRS/GPS технологиясы арқылы байланыс жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа бағдаршам объектілерінде электр энергиясын барынша үнемдейтін жарықдиодты шамдар орнатылады», – дейді Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Сайлаубек Мусин.
Осындай жаңа үлгідегі бағдаршамның біреуі Жамбыл және Кәрім Сүтішев көшелерінің киылысына орнатылды. Жарықдиодты шамдардың бір жақсы жері – оларға тікелей күн сәулесі түсіп шағылысқан уақытта жалған белгілерді болдырмайды. Бұл жаңартылған бағдаршам объектілерінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған уақытты кері санау белгісі көрсетіледі.

Мұндай жаңа бағдаршамдар Қазақстанның басқа өңірлерінде орнатылып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жақсы жағдай жасайтын ыңғайлы қондырғы ретінде танылуда. Жаңа бағдаршам объектілерін орнату облыс орталығының инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жол қозғалысына қатысушылардың жалпы қауіпсіздігін реттеуге септігін тигізеді.
Әбілсейіт Жолаушин,
СҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN
