Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Б.Сейдахметов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Петропавл қаласының әуежайында болып, жөндеу жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлады ИДМ.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Е.Сұлтановтың қатысуымен бірлескен кеңес өтіп, онда бас мердігер ұйым басшыларының есебі тыңдалды. Айталық, медігерлер жұмысының жақсы жақтары мен кемшіліктері атап көрсетілді. Жолаушылар терминалын қайта жаңғырту бойынша бас мердігер жұмыс кестесінен 10 күнге кешігуде. Бұл жобаны іске асыруда уақыттың тығыздығы мен өңір климатының ерекшеліктері ескерілген күннің өзінде мұндай жағдайға жол берілмеуі қажет.
Іссапардың қорытындысында құрылыс ұйымдарына 2016 жылдың соңына дейін іргелес аумақтарды абаттандыру бойынша барлық жұмыстарды аяқтау қажеттілігі, сондай-ақ технологиялық жабдықты дайындау, тасымалдау, монтажын бақылау жұмыстары мен өндірістік сынақтарды жүргізу мерзімдерін ескере отырып, керек материалдарды жеткізу кестесін түзету қажеттілігі туралы ұсыныстар берілді.
Айта кетейік, Петропавл қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының жасанды жабынын, рульдеу жолын, перронды реконструкциялау және ҚЖО-1 жарық сигналы жабдығын орнатуға 5.98 млрд.теңге бөлінді.Оның ішінде 2015 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 4,0 млрд. теңге және 2016 жылы Қазақстан Республикасының Бюджетінен 1,98 млрд. теңге қарастырылған. Жобаны 2016 жылдың желтоқсан айының соңында аяқтау жоспарланып отыр.
Жолаушылар терминалын қайта жаңғырту үшін 2016 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру үшін, ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 1,29 млрд. теңге бөлінді.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz