Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде қолөнер туындыларының көрмесі өтуде. Бас шаһарға Шымкент қаласынан келген Балалар көркемсурет мектебінің педагогтары ұлттық өнерге негізделген қолөнер туындыларын жұрт назарына ұсынды. ЮНЕСКО клубымен бірлесе өткізген шара «Балалық шақтан көзқарас» жобасының аясында ұйымдастырылған.
«Педагогикалық вернисаж» деп атауы айтып тұрғандай, көрмеде ЮНЕСКО клубы - балалар көркемсурет мектебі, Шымкент қаласы жалпы білім беру мектептерінің және қосымша білім беру ұйымдары педагогтарының туындылары мен тәрбиеленушілерінің жұмыстары көрсетілді.Шымкент қаласы көркемсурет мектебінің іргетасы 1967 жылы қаланған. Жарты ғасырға жуық тарихы бар мектеп көптеген жас таланттардың жолын ашты. Бүгінгі көрмеге тек қана педагог мамандар мен оқушылардың еңбектері ұсынылды. Мақсат – ұмыт қалып бара жатқан ата-бабалармыздың өнерін жаңғырту, барынша дәріптеу, жалғастыру, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Әуелі біз Шымкент қаласында «Ата-баба мұрасын сақтаймыз» атты байқау ұйымдастырдық. Сол байқауға қатысқан ең үздік жұмыстар бүгінгі көрмеге қойылды. Көрмені балалардың құқығын қорғау күні мен ЮНЕСКО-ның 70 жылдығына арнап өткізудеміз. Еліміздің жүрегі іспеттес Астана қаласы әлі де даму үстіндегі жастардың қаласы болғандықтан, өнерімізді ортаға салып, жетістіктерімізді бөліскіміз келді. Қазақ халқы өнерге, тек өзіне ғана тән асыл мұраларға бай халық. Қазақ өнері – сарқылмас қазына. Тек ою-өрнектерімізде қаншама мән-мағына, түсінік, ұлттық ерекшеліктеріміз жатыр. Сол байлығымыздан айырылып қалмасақ деген мақсат бар. Егемендігіміздің төл өнерімізге тигізген оң әсері көп болды. Бұрындары ұмыт қалған өнерлеріміз жаңғырып, қарқынды дами бастады. Педагогтарға жағдай жасалып, қолөнердің түрлі саласын дамытуға мүмкіндік берілді.