Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Павлодарлық ақын Қызылордада өткен айтыстан көлік мінді

Павлодардың ақыны Аспанбек Шұғатаев Қызылорда облысы, Қазалы ауданында өткен республикалық ақындар айтысынан көлік мініп қайтты.

Айтыс «Бабалар ерлігі - Тәуелсіздік тірегі» деп аталады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған аламанда 10 ақын өнер көрсеткен. Сөз мәйегін терген жыр жүйріктері Сыр өңірінің тарихи тұлғалары Бегім ананың, Жалаңтөс батырдың және 1930 жылдары орын алған «Қазалы көтерілісі» құрбандарының ерлігін дәріптеп, есімдерін тағы бір мәрте еске түсірді.

Сөз аламанына айтыс өнерінің саңлақтары Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев бастаған өнер және мәдениет қайраткерлері төрелік етті.

Айтыстың қорытындысы бойынша қызылордалық Мұхтар Ниязов бірінші орынды, астаналық Сырым Әділбеков екінші орынды еншіледі. Жамбыл облысы, Тараз қаласынан барған Рай Дөңбай үшінші жүлдені қанағат тұтты. Оларға ұйымдастырушы тарап 500 мың, 300 мың және 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берді.

Ал, айтыстың бас жүлдесін жеңіп алған Павлодар облысы, Баянауыл ауданының тумасы Аспанбек Шұғатаевқа аламанға тігілген жеңіл көліктің кілті табысталды.

16 қазан күні Қостанай облысы, Амангелді ауданында Әбдісадық Нұржановтың 90-жылдығына орай республикалық айтыс өтті. Жерлесіміз, азулы ақын ол айтыста екінші орынды қанжығасына байлады.

Еске сала кетейік, Аспанбек былтыр Алматыда Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздікке тағзым» деп аталатын ақындар айтысында «Алтын домбыраны» жеңіп алған болатын.

Ақынды Павлодар облысы Жастар бастамаларын дамыту орталығының жанынан ашылған «Алдаспан» ақындар клубы шын жүректен құттықтайды.

Дерекекөз: pavlodarnews.kz

   
0
0
805

Осы тақырып бойынша

Павлодарлық ақын Қызылордада өткен айтыстан көлік мінді - Yvision.kz