Павлодарда 500-ден аса оқушы салтанатты сап түзеп, әскери әндер шырқады
Павлодарда Ұлы Жеңістің 71 жылдығын атап өту қарсаңында Конституция алаңында облыстық сап түзеу және ән байқауы өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
- Аталмыш шараның Отан қорғаушылар күні өткізілуінің де өзіндік маңыздылығы зор. Себебі сап түзеу және ән байқауының негізгі мақсаты жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік сезімді дамыту, әскери-патриоттық клубтардағы жұмыстарды жандандыру болып табылады. Айта кетерлігі, жыл сайын қатысушылардың саны артып келеді. Мәселен, бүгінде үш қала мен барлық аудандардан он бес топта 540 оқушы өз дайындықтарын көрсетеді. Кейбір жастар биыл киім үлгілерін талапқа сай түзеп, арнайы тапсырыспен тіккізген. Осындай топтардың бірі - Качир ауданынан келген қыздардан құралған команда, - дейді Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Саян Мұқанов.

Качир ауданындағы «Самал» лагері директорының орынбасары, әдіскер Жанат Алитаевтың айтуынша, былтыр облыстық байқауда бірінші орынға ие болған жас өрендерге биыл аудандық білім беру бөлімі арнайы форма сатып алуға қаржы бөлген. Бүгінгі байқауға келген әрбір оқушыға орташа есеппен алғанда жеті мың теңгедей жұмсалған.

Өз кезегінде Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Дмиртий Буцман бірінен соң бірі тізілген командалар арасынан еліміздің нағыз болашақ сарбаздарының келбетін көрсетіп, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған жеңімпаздарды 13-18 маусым аралығында Қарағанды облысының Спасск ауылында өтетін республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысуға шақырды. Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды Екібастұз қаласы мен Павлодар ауданы иеленді.

Ақбота Сейсенбаева
«www.pavlodarnews.kz»
