Павлодар облысында мамандар «жер жұтып» кеткен автобустың орнын шамалады
Павлодар облысындағы «Майқайың-алтын» АҚ аумағында ойыққа түсіп кеткен автобустың жатқан жері сканер арқылы шамамен анықталғандай. Мамандар геологиялық радармен сканерлеу барысында техниканың 5 метр тереңдікте жатуы мүмкін екенін айтқан.

«Мамандар арнайы сканермен ойық түбіне түсіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Геологиялық сканердің деректері ойық түбіндегі топырақта 5 метр тереңдікте металл тәріздес заттың жатқанын анықтады. Автобус сол жерде болуы мүмкін. Ойық шетіндегі топырақтар әлі сусылдап, төмен сырғып жатыр», - деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Бүгін төтеншеліктер М айқайыңда ойыққа түсіп кеткен автобусты Балқаш қаласынан әкелінген геологиялық сканермен іздеуге кіріскен болатын. Енді соның алдын ала нәтижелері айтылып жатыр.
Айта кетейік, Баянауыл ауданындағы «Майқайың-алтын» АҚ кенішінің аумағында жер опырылып, тереңдігі 150 метрлік шұңқырға автобус құлап, ары қарай ойыққа түсіп кеткен еді. Көлікте төрт адам (жүргізуші мен 3 құтқарушы) болған. Екі құтқарушының денелері табылды. Ал бір құтқарушы мен жүргізуші әлі іздестірілуде.
kaz.inform.kz
