Павлодар облысында Дене шынықтыру және спортты дамытудың 2015 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілді
Өңір басшысы Е. Арынның төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында Павлодар облысындағы Дене шынықтыру және спортты дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарлары бекітілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
«Павлодар облысындағы Дене шынықтыру және спортты дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары дене шынықтыру және спорттың инфрақұрылысын дамытуға, осы саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету, халықтың түрлі топтарын дене шынықтыру және отансүйгіштікке тәрбиелеу, спорт резервін дайындау және халықаралық дәрежедегі спортшыларды тәрбиелеуге бағытталған», — деді дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы М. Айдашев.
Жоспарды іске асыру аясында Кенжекөл, Павлодар ауылдары мен Ленин кентінде, сондай-ақ Тереңкөл, Успен, Баянауыл ауылдары, Екібастұз қалаларында дене шынықтыру және сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. Әрбір ауылдық елді мекенде, қалалық тұрғын үй аумағында спорттың түрлі ойындарына арналған жасанды жабыны бар спорт алаңдары бой көтермек. Спорт ғимараттарының саны 3 360-қа дейін, халықтың дене шынықтырумен, спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 230-ға дейін өседі, 300-ге жуық жаңа жұмыс орыны құрылатын болады, деп аталды облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында.
2013-2015 жылдарға арналған Жоспарды жүзеге асыру үшін 11, 6 млрд. теңге бөліну көзделіп отыр.
ПАВЛОДАР. ҚазАқапарат

