Павлодар облысында «Ашық есік күні» өтті
Астана күнін мерекелеу қарсаңында Павлодар облысы бойынша Қаржы полициясы департаменті «Ашық есік күнін» өткізді.
Аталған шараға Департаменттің Экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу басқармасының бастығы С.К.Елгезеков, Сыбайлас жемқорлық және лауазымдық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басқармасының бастығы Д.М.Қаббасов және аймақтық БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуге қала тұрғындары келді. Олардың көбісі заңды тұлғалар тарапынан болған алаяқтық, сонымен қатар жемқорлық сипаттағы әрекеттерге жүгінді. Сол сияқты, ҚР ҚК-нің 177-1 бабының (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және (немесе) оның қызметіне басшылық жасау) диспозициясына жататын қаржылық пирамида, сонымен бірге қылмыстық-түзеу жүйесіндегі жемқорлық сияқты мәселелер қозғалды. Әңгіме барысында басқарма бастықтары азаматтарды қызықтыратын сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар, Департамент қызметкерлері шараға қатысушыларға Сыбайлас жемқорлық және лауазымдық қылмыстарды ашу басқармасы қызметкерлерінің ұялы телефондарының нөмірлері және қаржы полициясы органдарының «144» сенім телефон нөмірі көрсетілген есімхаттар таратылды.
