Павлодар облысы тұрғындарының 70% мемлекеттік тілді меңгерген
Қазақ тілін үйретуге деген ықылас-ниет тудырту мемлекеттік тілді неге меңгермедіңдер деп байбалам салудан әлдеқайда тиімді екенін халық түсініп келе жатыр деп ойлаймын. Тағы бір тенденция: соңғы кезде өзге ұлт өкілдері арасындағы таныс-білістерім қазақ тіліне қызығып отыр. Балаларын мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақша, мектептерге беріп жатыр.

Әдетте, басқа өңір халқына қазақ тілін мүлдем білмейтіндей болып көрінетін солтүстік жұрты туралы төмендегі жаңалықты оқып... тағы бір көтеріліп қалдым.
Ертістің Павлодар өңірі тұрғындарының 70% мемлекеттік тілді түрлі деңгейде меңгерген.
Бұл туралы «Ертіс» баспасөз клубында өткен брифингте облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Қабжан Еділбай мәлімдеді.
Ведомство басшысының айтуынша павлодарлықтардың қазақ тілін меңгеруі алты деңгей бойынша анықталған.
- Мемлекеттік тілді білетіндердің дені – қазақ және түркітілдес ұлттардың өкілдері. Атап өтерлігі, жыл сайын тіл меңгеремін деушілердің арасында өзге этнос өкілдерінің қарасы қалың. Жұртшылықтың қазақ тілінде сөйлеуі «Қазтест» жүйесі бойынша алты деңгей негізінде анықталады. Тарқатып айтсақ, «Бастауыш», «А1», «А2», «Б1», «Б2», «С1» және «С2» деңгейлері бар. Мәселен, «А1» деңгейінде азаматтар қолданыстағы сөздерді бірен-саран түсінсе, «А2» деңгейінің талабы бойынша сөйлеумен қатар жаза да алады, - дейді Қ. Еділбай.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың бірінші мамырындағы жағдай бойынша Павлодар облысы халқының саны 756,6 мың адамды құрады. Жалпы, қазіргі таңда облыстағы 21 орталықтың 13-і мемлекеттік тілді, 19-ы ағылшын тілін, жетеуі өзге тілдерді оқытуға бағытталған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірде 18 жастар жоғары 7710 адам мемлекеттік тілге, 4860 адам ағылшын және 1973 азамат француз, испан, түрік, неміс, корей тілдері оқытылды.
Павлодардағы «Ана тілі» орталығы жыл сайын 1000-нан астам тұрғын қазақ тілін оқиды. Қабжан Еділбайдың сөзінше, облыстық іс-шаралар жоспары аясында оқыту жұмыстарына 7 млн 875 мың теңге бөлінген. Ал аймақтың қала-аудандарда, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда 41 млн 167 мың теңге қарастырылып, қызметкерлерге арналған курстар ұйымдастырылған.
