Павлодар мен Ресей арасындағы сауда айналымы 2016 жылы 517 млн долларды құрады
Павлодар облысының әкімі Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Бочарниковпен кездесті. Тараптар екі жақты әріптестік мәселелерін талқылап, Астана қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің бірлескен форумы туралы сөйлесті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Болат Бақауов өзара әңгімеде Павлодар облысының Ресей Федерациясының көршілес өңірлерімен арадағы сауда айналымының аса жоғары екенін атап өтті. Ресми деректер бойынша 2016 жылдың бірінші жартысында сауда көлемі 517 млн. долларға дейін жетіп, оның ішінде экспорт көлемі 301 млн. доллар болса, импорт 216 млн. долларды құрады.
Өз кезегінде Михаил Бочарников аймақ басшысына алғысын білдіріп, осы жылдың қазан айында Астана қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ өңіраралық форумында кездесетінін атап өтті.
«Форум шеңберінде министрлер мен аймақ басшыларының қатысуымен мемлекет басшыларының кездесуі өтеді», - деп атап өтті дипломат. – Орталық органдармен қатар, өңірлер арасында да бірқатар келісімшарттарға қол қойылады.
Павлодар облысының тоғыз жүзден аса кәсіпорындары мен кәсіпкерлері ресейлік әріптестермен сыртқы экономикалық байланыс орнатқан. Олардың ішінде ірі кәсіпорындар да баршылық. Өңірімізде екі жүзден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Ресейге экспортқа шығатын саланың басым бөлігін отын-энергетикалық, металлургия және химия өнеркәсіптерінің өнімдері құрайды. Атап айтқанда, облыста өндірілетін алюминий, көмір, метал құбырлар, полипропилен, хлор, тұз қышқылы көрші мемлекетке сатылымға шығарылады.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz