Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Парламентке оқ-дәрі

Менің төрт періштем бар. Олар: Парламент, Мәжіліс, Депутаттар және Заң. Мен оларды тікелей көзбе-көз көрмесем де қиялымдағы көгілдір экран арқылы жиі көремін. Айтқан «ертегілерін» құлағыма, тіпті, миымның вирусталған аймақтарына дейін орнатып, улап қоямын. Себебі үкімет орындарына бара қалғанымда аталмыш улар керек болуы мүмкін ғой. Сәтсіздікте, алып-қашпа түлкібұлаңға салынатын небір «мысық, қасқырларды» атып түсіретін қаруым сол болуы ықтимал. Демек, басымдағы у – оқ-дәрі. Ал, оқ-дәрі дегеніміз – заң. Бастағы заң мықты болса, зардап шекпейтінім анық.

Бірде жұмыстан  шаршап келгенмін. Келе сала құс жастықты құшақтай қалың ұйқыға кеттім. Түсінде адам не көрмейді? Қызметі қара табалдырықтан басталатын қарапайым жұмысшылардан бастап лауазымы басындағы шашынан көп мемлекеттік шенеуніктерге дейін басқа емес дәл менің түсіме енді. Түсімдегі оқиға барысы былайша өрілді.

Күндегі әдетім бойынша кешкілік өзімнің электронды почтамды қарап жаңа түскен хаттарды саралап, тексеріп отырғанмын. Келіп түскен мәліметтердің ішінен мына бір хат көзіме жылы ұшырай кетті. Қарасам өз көзіме өзім сенбеймін. Бәлкім аталмыш хат сізге келсе сіз де сенбессіз. Сонымен хат кімнен келді дейсіз ғой!?Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтан. Хат мәтіні былай жазылыпты.

­ - Құрметті, Аңқылдақ Ауызжаппасұлы!

ҚР-ның үкімет басындағылар жер-жердегі атағы айға жетпесе де, сөйлеген сөзі мұрнының астына естілетін сіз секілді журналистерді заң шығарушы органга жұмысқа шақырады. Өзіңіз көзі ашық сауатты тұлға ретінде ел ішінде болып жатқан соңғы жаңалықтардан хабарыңыз бар шығар. Жақында естіген болсаңыз мен Д.Абаев ҚР-сы ақпарат және коммуникация министрі болып тағайындалдым. Жаңа қызметімде орындығымды жылытпастан БАҚ саласында жаңа заң шығаруды ұйғардым. Осы мәселеге қатысты заң шығаруға өз үлесіңізді қосқаныңызды қалаймын, - деген екен. Хатты оқи сала ертесіне алып-ұшып Астанаға тартып кеттім. Біреудің мазағы болар деп сенбеген хат мәтіні рас болып шықты. Дереу жұмысқа орналастым да, білдей бір қызметкер болып шыға келдім. Енді өмірім рахат. Заңға бағынып, есек дәмеге түскен күндерім артта қалды. Бұрынғыдай әр мекемеге Пәленше Түгеншеұлы мына сұрағыма жауап берсеңіз, қай кезде уақытыңыз бар, мына мекен-жайға біз жолдаған сауалдар бойынша мәлімет жіберсеңіз деп хат жолдамаймын. Өз еркім өзімде. Ойыма келген заңды шығарамын. Орындамаса сотқа тартамын. Өздері жарымай жүргенін біле тұрсамда журналистердің басына жылына таппайтын айыппұл саламын. Себебі мен бұдан бұлай заң шығарушы органда жұмыс жасайтын қызметкер емеспін бе!? Қарапайым халық заңсыздықтарды көріп, қаны қайнап келсе, ертең, арғы күні, бір аптадан кейін кел, болады, болады мен жолына тосқауыл қойып тастаймын. Мықты бастықтардың арыз-шағымдарын, талап-тілектерін орындаймын.  Қара жұмысшының құқығын қорғап бас қатырмаймын. Одан маған не пайда? Олардың маған берер көк тиыны да жоқ, – деп ұйқыны періп жатқанмын. Әттең, таң атып кетпесі бар ма!? Әйтпесе тәтті түстің соңында кете берер ме едім кім білсін? Содан не керек түсіммен қоштасқым келмесе де ұйқымнан тұрып күндегі жұмысыма кеттім. Жұмысқа келгеніммен ісім оңға баспай трактордың балоны секілді ми батпаққа бата бердім. Әлгі ми батпағым әкімгершілік пен түрлі мемлекеттік органдардағы құқық бұзушылық факторлары, заңдағы жүгенсіздік, ата заңның тек құжат жүзінде жазылып іс жүзінде жүзеге аспауы. Мен заңды білерін білем-ау! Бірақ, қысқа жіп күрмеуге келмей табандап тұрып алғаны. Заңды үкімет орындарында тарау-тарауымен, бабымен, тіпті тармақ-тармағымен айтамын. Жазбаша түрде өз құқымды қорғап ретімен керегімді жазамын. Қайтсемде ауызғы үйдің «ұзын тілді иттері» артын бұлғаңдатуын қоймайды.

– Бастық қазір орнында емес, күте тұрыңыз немесе бастық демалыста, - деп мәселені жылы жабуға тырысады. Амал жоқ, келген есіктен қайта шығамын, қайта келемін. Ештеңе өзгермейді.  Біздегі заң инкубатордың балапаны сияқты. Қорғансыз. Ал заңның  орындалуын бақылаушы прокуратура  дәрменсіз.

Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ

 
4
0
558

Осы тақырып бойынша

Парламентке оқ-дәрі - Yvision.kz