ru
Мемлекет
Мемлекет
2 214 жазбалар14 тіркелуші
0

Парламент Тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы жауапты кезеңде өз жұмысын бастады

Парламент Тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы жауапты кезеңде өз жұмысын бастады, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Палаталарының отырысында.

«Осы айдың алғашқы онкүнінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Мен шарада жұмыспен қамтуды қолдау және халық табысын молайту бойынша жаңа шараларды ұсынамын. Экономиканы дамыту мен жергілікті жерлерде банктерді дамытуға жаңа қаржы қажет», - деді Елбасы.

Елбасы дағдарысқа қарсы жоспарды толықтыру үшін қажетті шаралар қажет екендігін айтты.

«Қазiр әлем аса күрделi кезеңдердiң бiрiн бастан кешiрiп отыр. Шекара талғамайтын терроризм мен экстремизм дүниенiң барлық қиырын шарпып келедi. Мұның бәрi – әлемнiң ажырамас бөлiгi, Қазақстанға да ықпалын тигiзбей қоймайды. Соған қарамастан бiз заманның сындарлы қатерiне лайықты жауап беру үшiн зор қызметтер атқарып келе жатырмыз», - дедi Мемлекет басшысы.

Елбасы биылғы сессияның қастерлi Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдығын тойлайтын кезеңге тұспа-тұс келiп отырғанын ерекше атап өттi.

«Бұл жылдың басты жаңалығы, бұл тек мерекелеу ғана емес, біз ауыл, аудан, қала болып өзіміздің даму дәрежемізді көрсетуіміз керек. Меніңше, біздің айтарымыз бар, әрбір қазақстандық өзінің атқарған ісі мен болашақтағы жоспарларын айқын білуі керек», - деді Елбасы.

«Бүгінде ел қауіпсіздігі мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері сияқты тікелей лаңкестік қауіпке тап болды. Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған лаңкестік әрекеттер кезінде ұлттық ұланның сарбаздары, құқық қорғаушылар мен ешбір кінәсі жоқ бейбіт адамдар оққа ұшты. Осындай жағдайда мемлекет ұлттық қауіпсіздік мәселесін күшейтуі керек», - деді Елбасы.

Елбасы айтып өткендей,  қоғамның тыныштығын бұзғысы келіп отырған кейбір сыртқы және ішкі күштерге тосқауыл қою қажет.

«Сол себепті бізге құқық қорғау мен заң саласында батыл шешімдер керек. Менің тапсырмаммен экстремизм, терроризм, контрбақылау қызметі, пробация, дактилоскопиялық және геномды тіркеу, сондай-ақ еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуге арналған 7 заң Мәжілістің қарауына енгізіліп отыр. Біз осы заңдардың аясында тыңғылықты жұмыс істеп, ел қауіпсіздігі үшін депутаттардың қабылдауына ұсынамыз. Ең бастысы, қоғам тыныштығын сақтау. Депутаттардан осы мәселеге баса назар аударып, жыл соңына қарай соны шешуді сұраймын», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейiк, бүгiн Қазақстан Парламенті VI шақырылымының екiншi сессиясы жұмысын бастайды. Жаңа жасақталған Парламенттiң бiрiншi сессиясы биылғы жылдың 25 наурызынан 30 маусымына дейiн созылған болатын.

Бірінші сессияда жалпы 3 бірлескен отырыс – Мәжілісте 12 және Сенатта 6 пленарлық отырыс өттi. Парламентке 42 заң жобасы ұсынылған, оның 18-і өткен шақырылымнан ауысқан құжаттар болса, 24 заң жобасы осы сессияның жұмысы барысында түстi. Сондай ақ, депутаттардың өздері 7 заң жобасына бастамашы болған. Сессия барысында Мәжiлiс 13 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберген. Жалпы, Парламент 12 заң қабылдады.

Еске салсақ, биыл 20 наурызда  Мәжіліске кезектен тыс сайлау және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өткен болатын. Оның қорытындысы бойынша Парламентке «Нұр Отан», ҚКХП, «Ақ жол» саяси партиялары өтті және Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz