ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Панкор аралындағы 3 күн

Ко Тың Зи: “Досымның анасының турфирмасы бар, бізге арзан бағамен аралға тур ұйымдастыра алады” дегенде бәріміз қуана келісе кеттік. Кезекті оқуымыз аяқталып, алдымызда он күн демалыс болғандықтан, оны аз ақшамен қызықты өткізу бәріміздің де ойымызда еді.

Куала Лумпурда қазір оқушылар демалысы болғандықтан, бұл уақытта аралға билет табу өте қиын екен. Әрі барлық бағалардың “ұшып” кететін әдеттері бар. Біз барған турфирмада бізді қытай келіншек қарсы алды. Сөйтсек, бұл фирманың аралдағы төртжұлдызды қонақүймен келісімі бар екен. Бір қызығы қытайлықтар үшін баға арзан да, еуропалықтар үшін қымбаттау екен. Сөйтіп, барлық құжатты малайлық қытай досым Ко Тың Зи мен Қытайдан келген Дзаң Яңның атына тіркеп, Анжела, Ко, Дзаң төртеуміз хабрға (аралға жеткізетін арнайы кеме) дейін өз көлігімізбен баратын болдық. Коға бензиннің ақшасын жинап бердік те, Малайлықтардың ауылын аралап, жолға шығатын болдық. Куаладан таңертең сағат тоғыз шамасында шығып, хабрға түске қарай жеттік. Жақын жерде мешіт бар екен, мешітке кіріп, намазымды оқып алдым. Ко машинаны үш күнге автотұраққа қойған соң, бәріміз хабрға міндік. Бізбен бірге арабтар, немістер, үндістер де болды. Мен кеменің үстінгі қабатына шығып, айналамды суретке түсірумен болдым. Достарымның кеменің шайқалғанынан бастары айналып, жоғары шықпады. Менің әрлі-берлі суретке түсіріп жүргенімді көріп, қытайлық емес екенім аңғарылып қалса керек. Бізбен көршілес отырған ағай, қасында орамал таққан келіншек, оқушы қызы бар (қызын мектеп демалысында аралға апара жатқан болар деп ойладым) Кодан: “Достарыңмен демалып бара жатырсыңдар ма?” деп сұрады. Сосын бәрің де Кейэл (KL) куаладансыздар ма деп еді, Ко біріміздің Қазақстаннан, біріміздің Индонезиядан, енді біріміз Қытайдан келгенімізді айтты. Сөйтіп, ол кісі менің Қазақстаннан келгенімді біліп: “Оһо,” деп таңданысын жасыра алмады. Екеуміз оны-мұны айтып, сөйлесе кеттік. Ол Шанхайда қазақтарды кездестіргенін айтты. Мен оған Қазақстаннын қай жерде орналасқанын айта бастадым. Ағылшынша түсінісіп тұрғанымызды көрген әйелі: “Ағылшыны жақсы ғой, несіне тіл үйреніп жүр” дегенді айтып қалды. Сөйткенше жарты сағатта аралға де келіп жеттік. Кішкентай кемеміз жағаға тоқтағаны сол еді, бізді арнайы автобус күтіп алып, біз джунглидің ішімен қонақ үйімізге қарай тарттық. Асығыста малайлық ағайыма сау болыңыз деп айтуды да ұмытып кетіппін.

Қонақ үйде бізді малайдың ұлттық киімін киіп, гитарамен ән салған әдемі топ күтіп алды. Есімді жиып, фотоаппаратқа ұмтылғаным сол еді, біреу қолыма салқын сусын ұстатты. Күн ыстық еді, сөйтіп, бізді құдаларды күткендей қарсы алды. Қонақ үйдегі бөлмеміз сұмдық үлкен екен. Іші салқын. Тереземіз құмдары алтындай сусыған жағажайға қарайды. Балкон есігінің сыртына: “Маймылдарға тамақ бермеңіздер, есіктеріңзді жауып жүріңіздер, олар заттарыңыз бен тамақтарыңызды ұрлап әкетеді” депті. Бөлмемді аралап жүріп, төбедегі құбыланың қай жақта екенін көрсетіп қойған бағдарға түсті. “Қандай жақсы” деймін ішімнен “мен тәрізді құбыланың қай жақта екенін таппай шатаса беретіндер үшін жақсы істеп қойған екен”

Бөлмеге заттарды жайғастырған соң: “Айхау, теңіз!” деп толқындары шолп-шолп ұрғылап жатқан теңіздің жағасына келіп, біраз тыныстадық. Суретке түстік-ай дерсің. Сөйтіп, қалай кеш батқанын да білмей қалдық. Сүйретіліп, бөлмеме келіп, құлай кеттім. Ертесіне таңертең бізді хандарға арналған таңғы ас күтіп тұрды. Не жоқ дейсің. Қалағаныңша ал да жей бер. Мұндай тамақтың мол түрін бұрын соңды көрмеген екенмін. Шіркін, көз тоймайды ғой… Ко Тың Зи “Сағат тоғызда бізді арнайы кеме басқа аралға апарады” деген соң, көз сүзіп қарап тұрған тамақтармен қимай қоштасып, кішкентай кемемізге қарай аттандым. Кемеде бізді қытайлық капитан күлімсіреп күтіп алды. Бәрімізге сақтық үшін қызыл желеткадан кигізді. Әуелі балық аулаймыз деп, басқа бір аралға қарай жүйткіп бардық. Моторлы қайық тез жүргендіктен, достарымның басы ауырып, балық аулай алмайды. Әйткенмен теңізден бір-екі балық ұстадық. Сосын біз теңіздің астындағы балықтарды көру мүмкіндігіне ие болдық. Арнайы маска кигізіп, суға түсірді. Басымды сүңгіп қарап қалғаным сол еді, О, тоба! Түстері сан алуан балықтар үйір-үйірімен жүзіп жүр. Бірі сары жолақты, бірі көк жолақты, тұрқы да әртүрлі. Мен мұндай керемет тек Discovery арнасында ғана болатын шығар деп ойлап жүргенмін. Қытай капитан қолыма бір тілім нан ұстатты. Кәдімгі бөлке нан. Соны қолыма ұстап тұр едім, жыпыр-жыпыр етіп, балықтар келіп, нанды жұлып әкетіп жатты. Кейбіреулері нанды емес, қолымды да тістеп әкетті. Тістеген жоқ еді, бірақ еріндерімен өбіп кетті. Қызық әсер екен. Өзің судың астындасың. Төбеңде шақырайған күн. Трубкадан теңіздің суы кіріп кеткен. Содан тұншығып, сыртқы қарай шықты. Тереңге сүңгіп, трубакама су толып кетіпті. Содан суды төгіп тастап, қайта сүңгідім. Балықтардың кереметіне көзім тояр емес.

Әттең, амал ен олармен де қоштасқан соң, бізді жақын жердегі аралдармен таныстырды. Мына бір арал жылан аралы деп аталады екен. Суреттен неге олай аталғаны түсінікті болар. Келесі бар аралдың құмының түсі ерекше екен. Сөйтіп, достармының бас ауруы жазылмаған соң, бізді басқа бір жақын жердегі аралға қалдырып кетті. Сол жерде бізге арнайы тамақ та әзірленіп қойыпты. Одан соң, моторлы қайық келі, бізді бір бірден теңізде аралатты. Содан соң  banana boat деген үрленген қайтықтың ерттеп, соны моторлы қайыққа тіркеп, теңізге шықтық. Бұл қайықтың іші жоқ. Цилиндр тәрізді. Жылқыға мінгендей тақымыңды қысып отырмасаң құлап түсесің. Ақыры құладық та! :)

Осындай қызықтардан соң, өз аралымызға түстен кейін бірақ келдік. Есімізді жиып үлгергенше кеш те батты. Түскі аста жеген тамақтар әлі де көз алдымда болса да, кешкі астың десертін көріп, оны да жеуге тура келді. Кешке тамақты ресторанда емес, сыртта күннің батуына тамашалап отырып іштік.

Ұнағаны: бұл қонақүйге көбіне мұсылмандар келеді екен. Әдетте жағажай десе, азғындықпен байланыстырамыз ғой. Бұл жақта ондай ештеңе байқалмады. Суға киетін киімдері де шариғатқа сәйкес – күллі денесін шапқан. Анайылық байқалмайды. Ішіп алып, кім көрінгенге соқтығысып жүргендерді де байқамадым. Тек қонақ үйдің төбесінде қадалып қарап тұратын маймылдар бар. Сосын осы жақта мекендейтін hornbill деген құстар бар екен. Тамақтың бәрі халал. Өмірімде ешқашан бұлай демалып көрмеген болармен! Сіздерге де жазғы демалыстырыңызды жақсылап өткізулеріңізге тілектеспін.