Отаншылдық рух – Алаш қазынасы
Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ұрпағы, біздердің бостандық, тәуелсіздік ұғымдарын терең қадірлеуіміз бен халқымыздың ұлт-азаттық күресін ғасырлар қойнауында қалдырмауымыз үшін ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, тарихи мұрамызды зерттеп насихаттауымыз міндетті. Себебі Қазақстан Тәуелсіздігінің 20-жылдығы қарсаңында халқымыз бастан кешірген әр түрлі кезеңдердегі ұлт-азаттық қозғалысының маңызын арттыра түсіріп, еркіндіктің ауыр тарихи сындар арқылы келгендігін жастардың арасында кеңінен айтылуы маңызды.
Біз үшін, яғни жас ұрпақ үшін мұрат етілген тек бір ғана қызмет бар. Бұл – тәуелсіздікті қорғау, оның шаңырағын биіктету және шайқалтпау. Ұлттық намысқа ие болу және білім-ғылымды игеру осыған жетудің амалы. Ұлттық намыстың үлгі-өнегесін Алаш қозғалысының қайраткерлері көрсетті десек қателеспеспіз.
Қарама-қайшылығы мол тарихи кезеңде, империялық отарлау мен қан түстес саясаттың тоғысында қазақ сахарасында қоғамдық-саяси пассионарлық феномен дүниеге келді. Қазақ халқының келешек тағдырын анықтап, ұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойып, соның жолында жеке бастарын құрбандыққа шалған «алашордалықтар» отаншылдықтың ең биік көрінісі ретінде біз үшін үлгі-өнеге.
Өз заманының ұлт қаймағы болған тұлғаларды кеңестік құйтырқы саясат халық санасына бір жақты қылып көрсетпекші болғанымен, ұлт жүрегінде кімнің кім екенін басынан-ақ анықтап қойған болатын. Олар жастайынан ұлтшыл, жинаған білім қазынасын халыққа таратуды өздеріне борыш санаған және осы ойларын іспен дәлелдеген қазақтың ұлдары еді. Алаш идеясы қазақ даласындағы шашыраңқы жүрген ұлтжандылардың басын біріктірді және жігерлі де, жүйелі жұмыс жасауға итермеледі.
Қорытындысында еркін дем алуымызға алаштықтар өз заманында мәңгі өшпес қызметтер жасады, тарих қойнауына терең үңілмей осыларға қысқаша тоқталсақ...
Біріншіден, өздерінің қоғамдық-саяси сахнадағы белсенді іс-қимылдары арқылы Орта Азияның басқа ұлттары мен орыс мемлекетінің құрамындағы түркі тілдес халықтардан қазақтың бөлек ерекше ұлт екендігін Ресей империясы мен Кеңестердің басшылығы алдында танытты, яғни жан-жақты салада халық атынан ұлттық позициясын ресми түрде білдіре алды. Қарқаралы петициясы, «Қазақ» газетінің қызметі, «Алаш» партиясының, кейіннен Алашорда үкіметінің құрылуы, т.б. этносаяси элитаның және бұқара халықтың араласуымен саяси процестердің жүзеге асуы ұлттың одан әрі өзін-өзі саяси идентификациялануына алып келді. Алаштықтардың ой пікірлерін негізге ала отырып, халық бостандық рухымен сусындалды.
Екіншіден, олардың саяси қайраткерлiгiнiң ең жауапты және шешуші кезеңі деп қазақ мемлекеттiгiнiң негiзiн қалаудағы 1920 жылдың тамыз айындағы «Қазақ кеңестік Автономиясын құру туралы» Декреттің дүниеге келуін айта аламыз. Осы бағытта алаштықтар дипломатиялық, картографиялық, этнографиялық және құжаттамалық ауқымды жұмыс атқарды. Бұл құжаттың тарихи маңызы орасан зор, Кеңес үкіметі көшпелі халықты бөлек автономиялық субъект ретінде рәсімдеп мойындады. Сонымен қатар ең бастысы, қазақ даласының шекарасы белгіленді.
Үшіншіден, қазақ зиялылары Шығыстың ғана емес, бүкіл Батыстың тарихын, рухани мәдениетін терең түрде игере отырып, оларды өз ұлтының мүддесі тұрғысында қорыта білген ХХ ғасырдағы қазақтан шыққан ойшыл-философтары, ағартушылары болды. Фундаменталдық және гуманитарлық ғылымдардың қазақ даласында дамуына және бүкіл ағарту жүйесіне көп дәрежеде ықпалын жасады. Қазақ елінің экономикалық жай-күйін, шаруашылығын, тарихын, этнографиясын, тұрмыс-салтын, материалдық және рухани мәдениетін зерттеу бағытында кейінгі ұрпақ үшін мирас қылып көптеген зор еңбектер қалдырды.

Бұл қазақ елінің азаттығын аңсаған Алаш ардақтыларының қызметінің бір мысалдары ғана. Басым көпшілігі оқу орнын кеше ғана бітіріп, ұлт қамын ойлап, қоғамдық-саяси қызметке тікелей араласып, жаппай репрессияға ұшыраған жас зиялыларды қалай қастерлесек тарих алдындағы борышымызды атқара аламыз деген ойлар жиі-жиі толғандырады. Біз екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін қызыл әскердің қатарында қасық қаны қалғанша шайқасқан аталарымызды қалай қастерлесек, «Алаш» қозғалысының құрбандарын да қадірлеу біз, яғни жас ұрпақ үшін парыз болуы қажет. Жастайымыздан өзімізді олардың тұлғалық қасиеттерін, өмірлік қағидаттары мен азаттық жолындағы күресін үлгі етіп тереңнен тәрбиелесек, қоғамымыздың әдетіне айналған кейбір дерттердің алдын-алуға болады.
Халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасында әлеуметтік әл-ауқатымыз артып, инновациялық даму жолына түскен тұстамыз. Ұлт болып ұйысып алдымызға қойған мақсаттарға жетуде қастерлі тәуелсіздіктің құны жолындағы құрбандарын ұмытпай, оларды үлгі ету арқылы күш-қайратқа және рухани бірлікке ие бола аламыз. Алаш ардақтыларының аманатын ұлықтау мақсатында жастар жұмылып, түрлі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
