Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Отандық кино ұлттық мүддені насихаттай ала ма?

Қазіргі таңда теледидарымызды мән-мағынасыз кинолар жаулап алды. Не тәрбиелік мәні жоқ, не ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын үлгі өнегесі жоқ киноларды көріп өскен ұрпақ қандай болады? Жаңа фильм болса, кинотеатрға ағылып, кейіннен көңіліміз толмай қалады. Сонда бұрынғы шоқтығы биік киноларымыздай туындылар қайда? Неге әлі де кино саласында ақсаңдап келеміз? Осы сұрақтардың төңірегінде жауап алу үшін жас режиссер Рақымжан Қалдыкөзді әңгімеге тарттық. Алғашқы сөзді кейіпкеріміздің өзі-ақ бастап кетті...

- ОҚО, Қазығұрт ауданының Қосағаш ауылында туып-өстім. Ауылымздағы Қосағаш орта мектебін тәмамдап, арман қуып Алматыға бет алдым. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының кинорежиссер мамандығын бес жыл оқып, бала арманымды іске асырдым. Мектеп қабырғасында оқығанда, сөздің шындығы керек тентек болдым. Шығармашылық адамы болғандықтан мен де қалыпты жағдай бойынша математика, химия, физика сияқты жаратылыстану бағытындағы пәндерін аса оқи алмадым. Ал отбасымда мен ғана кино саласына жалпы шығармашылыққа қызыққан бала болып өстім. Бірақ, әкемнің інісі Төлеген Жұмабек өнер адамы болғанын тілге тиек ете кетейін. Газет оқырмандары балалар болғандықтан, бір қызықты оқиғамен бөлісейін. Оқушы кезімде сабаққа салғырт қарағанымен, мерекелік іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белімді бекем буып, білек сыбана кірісіп, бар өнерімді көрсететінмін. Ол кезде қайда, барлық жерде лидер болуға тырысасын, жеңіліп қалсаң, намыс жібермейді. Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» шығармасында айтқандай, адам кішкентай кезінде атаққұмар, менменшілдігі басым келеді. Яғни мен сол уақытта өзімді жұлдыздардан кем көрмейтінмін. Ал өз оқиғама көшсем, шамамен, 9 сынып оқығанымда, алты бала көңілді тапқырлар клубын құрып, аудан орталығында өтетін байқауда орын ала алмай, басымыз салбырап үйге келдім. Ата-анам менің жарысқа кеткенімді білмейді, ал мен болсам тым кеш келдім. Ауыл баласы болғандықтан, барлық шаруа өз мойнымда, сиыр-қой өрістен келмеген. Содан әкем ашуланып, түні бойы мал іздегенім әлі есімде. Жеңілуді ұнатпайтын мен, өзіме ашуым келсе, бір жағынан өрістен келмеген малға ашуым келіп, таңды атырғаным әлі есімде. Қазір есіме түссе, бір марқайып күліп аламын. Негізі нағыз өнер адамдары ауылдан шығады. Ауылдың ауасын жұтып, топырағына аунап өскен баланың шабытын шарықтатын да осы киелі ауыл. Доп қуып, асыр салып жүрген кезден-ақ мені кино саласы соның ішінде комедия мен драма ерекше қызықтыратын. Ал кинорежиссер боламын деп кішкентай кезімде-ақ таңдау жасадым. Бүгінде бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Сондықтан, іні-қарындастарыма айтарым, ешқашан мамандық таңдаудан қателіспеңіздер.

- Қазіргі режиссерларымыз түсіріп жүрген киноларға көзқарасыңыз қандай?

- Алдымен, «Отандық кино» деген түсініктің мағынасын ашып алайық. Отандық кино дегеніміз қазақтар түсірген қазақстандықтан қаржыландырған кино. Бірақ, кино саласының елімізде әлі де даму үстінде екенін айта кету қажет. Мысалы, шет елде кино түсіру кәдімгі қызыл ақша бизнеске айналып кеткен. Ал бізде ол өнер ретінде қабылданып, жан-жақты ізденісті талап етеді. Барша жұрт ауыздарынан суы құрып, шулап жатқан Баян Есентаеваның, Қайрат Нұртастың, Нұрлан Қоянбаевтың түсіріп жүрген кинолар камерциалық бағытта түсірілген. Өз пікірімді білдірсем, көпке топырақ шашпаймын, аты дүркіреп шықса да, еш тәрбие бере алмайтын кинолардың болашағы жоқ. Бүгін көрермен қауым атын мәшһүр етсе, кейіннен олардың аты да шықпайды. Ал камерциалық бағыттардағы киноларға не себепті халық елең етіп, бірден құлақ түре қалды? Өйткені, шоу-бизнес алаңында есімдері дүркіреп шығып жатқан өнер адамдарының бұл бағыты ерекше қызығушылық білдірді. Алайда, киноны көргеннен соң көбі көңілі толмай, сан түрлі пікір білдірді. Ұнатып, оң баға беріп жатқандар да бар. Себебі, өнерді бағалайтын көрермен қауым. Бес саусақ бірдей емес, кино саласының жарқыраған жұлдызы болып тұрған Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмдерін ерекше атап өткім келеді.

- Өзіңіз қандай бағытта кино түсіріп жүрсіз?

- Мен негізі қысқаметрлі фильмдерді түсіремін. Ауқымды киноларды түсіру үшін асқан жауапкершілік қажет. Әрі бұл бағытта әлі де оқып, үйренетінім зор. Алғашқы болғандықтан, өзіме 2016 жылы драма- криминал бағытында түсірген «Сөмке» фильмі ыстық. Бұл жерде менің ең үлкен қателігім - басты рөлді өзім сомдадым. Егер де, сценарийді өзім жазып, басты рөлді өзім сомдамағанымда, фильмнің мазмұны бөлек болар ма еді? 2017 жылы «Шыңырау» атты тырнақалды туындымды түсірдім. Көрерменнің өз еншісінде қалар ойы қомақты артхаусты жанрлы фильмді сан қырынан саралаған сыншылардың әрқайсысында өзіндік түсінік, ой туары сөзсіз. Қазақ қоғамының менталитін, тұрмыс-тіршілігін, «сенім, адалдық, әділдік» мәселесін, кез келген ел қоғамындағы қарама-қарсы қайшылықтарды ұтымды драматургиялық және режиссерлік шешімдерін фильмде көрсеткім келді. Мысалы, балалы болуға кедергі немесе Аллаға серік қосушылық деп саналған әулие ағашты қарияның балталуы, ер мен әйел арасындағы психологиялық тартыс, бұл жағдайларға үлкен буынның көзқарасы нағыз кино тілімен көрсетіліп, әр кадр өзінше мән-мағынаға ие болып, сөзсіз-ақ сайрап тұруы үшін қолымнан келгенін жасадым. Ал сексеннен астам жылқы қатысқан көкпар алаңын, ондағы тартысты таспалау шеберлікті түсіру үшін төккен маңдай терімді елеусіз қалдыруға болмайды. Бірақ, сын түзелмей, мін түзелмейді. Фильм бойынша қателіктер де жоқ емес. Қала болмаса да, дала көрермені көзіне шоқ болып оттай басылатын жылқы малының бабын көрсету, уақыт аралығы сияқты ұсақ олқылартарды атап өту қажет. Актерлік ойын мен оператор Шерхан Таңсықбаев, суретші Бағдат Қожахметов сынды өз істерінің майталман мамандардың жанкешті жұмысының арқасында фильмнің сәтті шығуына кепіл болды. Жанбол Файзиев пен Перизат Маденова және қарияның алып шыққан кейіпкерлерді үздік ойынның ғана емес, олардың актерлық фактурларына, ешкімде кездесе бермейтін көзқарастары мен келбеттерінің ерекшеліктерімен оқ бойы дараланып тұр. Бұл фильмде бас кейіпкер конфликте түскен қосалқы рөлдегі актер Дәулет Ниязовтың театрландырылған ойыны жуып-шайылды. Сценарии авторы Шыңғыс Маман фильмнің атауының жолы аспаннан интрига үшін алынған немесе ерекше естілуін қалағаннан қойылған кездейсоқ тақырып еместігін осы орайда айтып өтейін. Жалпы фильм он екі минуттық таспаға сыйып, өз бағасын деңгейіндей ала білді.

- Жас режиссер ретінде қандай жетістіктеріңіз бар?

- Ең алғаш рет Шымкент қаласында өткен «Самғау» байқауында жүлделі орынды қанжығаға байладық. «Байқоңыр» байқауында «Ең үздік актрисса», Қазан қаласында өткен халықаралық «Zilant» кинофестивалінен гран-при, Орал қаласында өткен «Жайық» кинофестілінен «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясын жеңіп алдым. Жуырда Түркия елінде ұйымдастырылып жатқан қысқаметрлі кинофестивалінің іріктеу кезеңінен өтіп, финалының марапаттау кезеңіне өтіп, осы жуық арада жол жүремін.

- Режиссер қандай болу керек? Жас өрендерге айтар кеңесіңіз...

- Алдымен, режиссер болу үшін «қайсар мінезді» болу керек. Мінез болмаса, ұмытылған әрекеттердің бәрі бекершілік. Қазіргі қоғамда күнделікті әдеттен жоғалып бара жатқан кітап оқуды қолға алу қажет. Соның ішінде Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын оқуға кеңес беремін. Қазақ киносынан Шәкен Аймановтың, Абдолла Қарсақбаевтың, Ақан Сатаевтың фильмдерін көруге ұсынамын. Ешқашан да Америкалық фильмдерді көруге мүлде кеңес бермеймін. Ол кинолардан ешқандай түртіп аларлықтай өнеге алмайсыздар. Ал шет елдік шығармашылықтан Иран және Финдлянда мемлекеттерінің туындыларын көруге ұсынамын. 1% талант, қалғаны 99% еңбек екенін ескеруіміз керек. Бәрі де өзіңізге байланысты жас дос!

- Сұқбатыңызға рақмет!

0
0
841

Осы тақырып бойынша

Отандық кино ұлттық мүддені насихаттай ала ма? - Yvision.kz