Орталық Оразбегімен мақтанады
Жастар бастамаларын дамыту орталығы қызметкерлері жеті қырлы, бір сырлылығымен мәлім. Қандай іс – шара болмасын біздің мекеменің жастары бар күш – жігерін салып, ел алдында өнерін паш етуден жалыққан емес.
Дәл сондай әріптестеріміздің бірі – Оразбек Бахатхан. «Жігітке жеті өнер де аз» - демекші біздің Оразбек жез таңдай әнші, көркем сөз оқуының шебері. Ол ән айтқанда құлағымыздың құрышын қандырып, мәнерлеп оқығанда жыр – дастандардың мәнін түбегейлі түсінесің.
Соңғы уақытта облыс пен республика көлемінде өткізіліп жүрген сайыстардың бәрінде біздің Оразбек қатысып қанжығасы майланып келіп жүр. Қыркүйек айында өткен облыстық Оралхан Бөкей оқуларында оқ бойы алға озып ендігі кезекте облысымыздың намысын республикада қорғамақшы. Бұл біз үшін де үлкен қуаныш әрі мақтаныш.
Жуырда біздің Оразбек тағы да сүйіншілеп хабарласты. Ақтөбе қаласында өткен республикалық Абай оқуларынан жүлделі үшінші орынға ие болып, облысымыздың намасын қорғап келді. Әділ қазы алқаларының қойған талаптарына сай Оразбек О. Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» прозасынан үзінді оқып, М. Шахановтың «Бақыт геометриясы» өлеңін тамаша жеткізіп берді. Әр аймақтан келген 15 өнерпаздың ішінен шығып жүлдеге іліну үшін де тынбай талмай еңбек ету керек. Бұл Оразбектің тағы бір қасиетін ашады. Ол бастаған ісін әр уақытта аяғына жеткізеді, сынға салса сынбайды, жарысқа түссе жеңіске жетпей тынбайды. Ендігі бізден тілек осы қасиетінен айнымай шалқар шабытымен бізді қуанта берсін.
Оразбекке шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілей отыра орталығымыздың және өңіріміздің атын алты асуға асыра берсін деген тілек қана айтамыз.
