«Ордабасы» ойыншылары қарсыластарының формасымен шықты
Шымкенттің «Ордабасы» командасының ойыншылары «Екібастұздың» формасын киіп, алаңға шықты.
Олар өздерінің негізгі формасын жолда жоғалтып алыпты. Айдың-күннің аманында киімдерінен айырылып қалған «Ордабасы» командасының әкімшлігі оларды ұрлап кетті деген уәж айтты. Дегенмен, бұл келеңсіз жайт ойынға кедергі болмады.
Белгіленген ойын кестесін бұзбас үшін «Ордабасы» футболшылары қарсыластарының ауыстырып киетін сары түсті формасын кисе, екібастұздықтар алаңға күрең түсті киіммен шықты. «Екісбастұз» футбол клубының директоры Виталий Спарышевтың айтуынша, футболда қызық оқиғалар көп болады, бірақ отандық футбол чемпионатының тарихында мұндай жағдай бірінші рет тіркелген. Дегенмен, бөтен команданың киімі «Ордабасының» ойынына әсер етпепті. Олар қарсыластарын 3:0 есебімен ұтты.

