ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
1

Оразаның рухани жағы мен ораза тұтушының тәртібі

Аллаһ Тағала Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі болсын) үмметіне ораза тұтуды бұйырып былай деген: «Әй, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға ораза тұту парыз етелгендей, сендерге де ол парыз етілді – әрине тақуа боласыңдар» (Бақара сүресі, 183-аят).

Құдыретті әрі Аса Дана Аллаһ Өз құлдарына бір үкімді әмір еткенде немесе парыз қылғанда, онда Ол әдетте тек бұйрықтын өзін ғана атап, оның даналығын баяндамай кетеді. Өйткені, Аллаһтың жалпы даналығы, Өз құлдарына оларды сынап, Оған бағынатындар мен бағынбайтындарды айқындайтын бір міндет жүктейтіні. Алайда, аталмыш аятта Аллаһ Құранда жиі кездесе бермейтін, бір нәрсені атап өтті. Ол - ораза тұту әмірінің даналығының түсіндірмесі: «әрине тақуа боласыңдар».

Бір күні Талқ ибн Хабиб айтқан: "Фитна (бүлік) туған кезде, оны тақуалықпен сөндіру керек". Одан: "Ал тақуалық деген не?" - деп сұрағанда, ол: "Тақуалық - бұл Аллаһтың нұры арқылы Аллаһтың сауабын үміт етіп, Аллаһқа бағыну. Тақуалық - Аллаһтың нұры арқылы Аллаһтан қорқып, Аллаһтың тыйымдарынан аулақ болу", - деді (Ибн әл-Мубәрак 1343, Ибн Әби Шәйба 30356).

Тура сол сияқты Са`ид ибн Джубайр да керемет сөздер айтты: "Расында, Аллаһтан қорқу дегеніміз – бұл сені мен күнәларыңның арасында тұратын нәрсе. Міне осы нағыз қорқу! Аллаһты еске алу (зикр) – бұл Аллаһқа бағыну. Сондықтан, кім Аллаһқа бой ұсынса, Аллаһқа бағынған болып саналады. Ал кімде-кім Аллаһқа бағынбаса, онда ол Құранды көп оқып, Аллаһты жиі мақтаса да, еске алушы боп есептелмейді" (Әбу Ну`айм "Әл-Хилья" 4/276).

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның міндеттілігінің даналығын түсіндіріп: «Өтірік айтып, өтірік бойынша амал ететіндердің, тамақтары мен суларын қалдырғандарына Аллаһ мұқтаж емес», - деді (әл-Бухари 1903).

Имам Әбу Бәкр ибн әл-`Араби айтқан: «Кімде-кім осы хадисте айтылғанды істейтін болса, оразасы үшін сауабын алмайды!» (Фатхул-Бәри 4/177).

Осы хадистен түсінетініміз, егер ораза тұтушы адам күнәлар жасауды, өтірік айтуды, балағаттауды доғармаса, онда Аллаһ ондай кісінің тамақ пен судан және әйелімен жақындасудан бас тартқанына көңіл бөлмейді (Қараңыз: “Итхафул-Кирам” 187).

Ораза тұту әміріндегі даналық, ол міндетті болса да, мүміндердің тек ұнамды, рұқсат етілген, игі заттардан тыйылулары ғана емес, бұл талап етілетін жалғыз нәрсе емес. Аллаһ Тағала Өзінің ораза тұту әмірін «әрине тақуа боласыңдар» - деген сөздермен аяқтайды.

Осыдан түсінетініміз, оразаның парыз етілгенінің даналығы, мұсылманның ораза кезінде, Аллаһ Тағалаға құлшылықтарын арттыру керектігінде, әрі оның, бұрынғысына қарағанда бойұсынғыш болу және жаманның барлығын қалдыру керектігінде.

Ораза тұтып жүрсе де, жаман нәрселерді қалдырмаған адам, қаланы қиратып, зәулім сарай соғып жатқан адам секілді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан: «Ораза тұтушы аштықтан басқа ештеңеге қол жеткізбеуі мүмкін» (Ибн Мәджаһ 1690. Хадистің сенімділігін шейх әл-Әлбәни).

Сондықтан, ораза – бұл тек ішіп-жеуден тыйылу емес, оған қоса бұл балағаттау, ғайбаттау, өтірік айту және т.с.с. тыйым салынған істерден бас тарту болып саналады. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ораза – бұл жәй ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ораза – бос сөздер мен балағаттаудан тыйылу!» (Ибн Хузәйма, Ибн Хиббан, әл-Хәким. Хадис сахих. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 1082).

Әрбір мұсылман оразаны бұзатын істер, бұл тек бәріне мәлім болған, ішіп-жеу мен жыныстық қатынас жасау сияқты дене амалдар ғана емес екенін білуге міндетті. Оразаның мәнісі бұлардан тыйылуда ғана емес. Сондықтан да, кейбір ғалымдар оразаны бұзатын нәрселерді екі топқа бөледі. Рамазан кезінде адамдарға уағыз айтатын көптеген дағуатшылар, оразаны бұзатын нәрселер туралы айтып жатқанда, тек іжіп-жеу және жақындасу сияқты, заңдық нормалар жайында ғана сөз қозғайды. Бірақ олар оразаны бұзатын екінші топқа да басты назар аударулары қажет.

Ал енді оразасын тек ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан тыйылумен ғана шектейтін, әрі Рамазаннан бұрын бойында болған бұзық тәртібінде қасарысып тұрып алатын адамға келер болсақ, онда бұл Раббымыз: «әрине тақуа боласыңдар», - деп нұсқаған, осы айда заңдастырылған құлшылықтың дана мағынасына сай келетін ораза болып саналмайды.

Сондықтан да, біз мұсылман бауырларымызға оразаны құнсыз ететін істердің басқа да тобына, ішкі дүниеге де көңіл бөлулерін еске салып, кеңес береміз. Бұл туралы уағыздаушылар мен адамдарды тура жолға салуды қалайтын адамдар өте сирек айтады. Онда ораза бұзатын істердің осы тобын мүлдем білмейтін қарапайым адамдар жайында не айтса болады?!

Әрбір мұсылман пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тіл бәлелеріне қатысты көптеген өсиеттерін есте тұтып жүруі қажет. Жаман немесе пайдасы жоқ нәрселерді айтқаннан гөрі, үндемеген абзал, әсіресе осы ұлы айда. Му`аз ибн Джәбәлдан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Үндемей жүре берсең, игілікте боласың. Ал сөйлей бастасаң, онда бұл не сенің пайдаң үшін болады, не саған қарсы айналады» (әт-Табарни “әл-Кәбир” 2/73. Хадис сахих).

Ораза тұтушы осы айда Аллаһқа құлшылық етуде және Оған бойұсынуда қаттырақ тырысу керек. Адамдар келтіретін зәбіріне төзіп, ешкіммен ұрысып-керіспей, дауысын көтермеу керек. Егер ораза тұтушыға біреу ұрысатын болса, онда ол барынша шыдап былай жауап қайтару керек: «Менің ауызым берік!» /Инни соимун!/ Бұл туралы мына хадисте айтылған: «Сендерден ешкім ораза күні жаман сөздер айтпасын, дауысын көтермесін. Ал егер де біреу онымен ұрысатын болса немесе жанжал туғызғысы келетін болса, онда ол: «Расында, менің ауызым берік!» - деп айтсын» (әл-Бухари 1904, Муслим 1151).

Сол сияқты, адам күнәлардан аулақ болып, оның ішінде тыйым салынған нәрселерге қарамай, көздерін төмен түсіріп жүру керек. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан: «Қиямет Күні үш адамның көздері Отты көрмейді: Аллаһтан қорқып жылаған көздер, Аллаһ жолында күзетші болған адамның көздері және Аллаһтың тыйым салғанын көргенде, төмен қараған адамның көздері» (Ибн ‘Асәкир “әт-Тәрих” 1/297. Хадис хасан. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-Сахиха” 2673).

Ибн Мас`удтан пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны хабарланады: «Шын мәнінде, ораза – бұл аманат (сеніп тапсырылған зат). Сондықтан, әркім оған сеніп тапсырылған нәрсеге ие болсын!» (әл-Хараити “Мәкәримул-ахләқ”. Хафиз әл-‘Ирақи хадистің иснадын хасан деген. Қараңыз: “Тахридж әл-Ихья” 1/354).