Оразаға ниет ету туралы
Ораза тұтып жатқанда, мұсылман адам Аллаһтың әміріне бағынамын және Оған жақындаймын деген ниетке ие болу керек. Ал ораза денсаулыққа пайдалы екені үшін ғана немесе барлығы тұта бастағандары үшін ғана, немесе оны адамдар мақтасын деген оймен ауызын бекіткен адамның оразасы есептелмейді. Оразалары қабыл болмайтынымен бірге, олар тағы бұл үшін азапталады. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Көзбояушылықпен (рия жасап) құлшылық еткен ада, ширк (көпқұдайшылық) етті», - деп айтты (Ахмад 4/126. Хадис хасан).
Тағы да Әбу Умама әл-Баһили (оған Аллаһ разы болсын) жеткізген хадисте, пайғамбар (оған Аллаһтың иглігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, Аллаһ тек Оның жүзіне жақындау ойымен, ықыласты түрде жасалған істерді ғана қабылдайды» (Ән-Нәсаи 3140, Шейх әл-Әлбәни сахих деген).
Ораза тұту үшін қашан ниет етіп қою керек?
Ораза дұрыс болу үшін біз Рамазанның әр түні таң атқанға дейін жүрегімізде ораза тұтуға деген ниетімізді бекітіп қоюымыз қажет. Әрі бұл ең күшті пікір болып саналады, себебі ол сенімді хадистерге негізделген.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Хафсадан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Таң атқанға дейін жүрегінде ораза тұтуға деген ниетін бекітпеген адамның оразасы жоқ» (Әбу Дәуд, Ибн Мәджаһ, әт-Тирмизи, ән-Нәсаи. Хадистің сенімділігін әд-Дарақутни, Ибн Хузайма, Ибн Хиббан, әл-Хаким, Ибн Хазм, әл-Хаттаби және әл-Әлбәни секілді имамдар растаған. Қараңыз: “Тухфатул-аһуази” 2/80, “Ируәул-ғалил” 914).
Дәл осыны `Айша мен Ибн `Умар да айтқан (Мәлик 1/288, әд-Дарақутни 2/172. Екі иснад та сенімді болып табылады).
Имам әл-Бағауи айтқан: «Бұл хадис ғалымдардың көпшілігі ұстанған пікірге (таң атқанға дейін ниет бекітіп кою) нұсқайды. Өйткені, күнделікті ораза өзінің ниетін талап ететін жеке құлшылық болып табылады» (Қараңыз: “Шарху-Ссунна” 3/476. Тағы да қараңыз: “Раддул-мухтар” 2/87 және “Шархул-кәбир” 1/521).
Имам ибн Хузайма: «Қосымшасынан басқа оразаға, түнде-ақ ниет бекітіп қою міндетті болып есептеледі», - деп айтқан (Қараңыз: “Сахих Ибн Хузәйма” 3/198).
Шейх Сыддық Хасан Хан былай айтқан: «Әр күнге жеке ниет ету міндетті болып саналады» (“Раудәту-нәдийя” 1/539).
Таң атқанға дейін бір себептермен ниетін бекітіп ала алмаған адамның оразасы жайлы
Егер адам таң атқанға дейін ниетін бекіту керегін білмеген, ұмытып қалған болса немесе ұйықтап қалса, онда оның оразасы дұрыс болады. Себебі, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Аллаһ мен үшін үмметіме қателесіп, ұмытып және де мәжбүрленіп істегендерін кешіреді», - деп айтқан (Ибн Мәджаһ 2045, әл-Байхақи 7/356, әт-Тахауи 2/56. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әз-Заһаби, имам ән-Нәуауи, хафиз Ибн Раджаб, шейх әл-Әлбәни. Тағы да қараңыз «Ируаул-ғалил» 83).
Ниетті қалай бекіту керек
Ниет – бұл жүректің ісі, әрі ол түннің кез-келген сәтінде етіле береді, тіпті бұл тура таң атудың алдында болса да. Имам ән-Нәуәуи айтқан: «Ниетсіз ораза есептелмейді, ал ниеттің орны – жүректе!» (Қараңыз: “Раудату-тталибин” 2/350).
Ал енді көп адамдар жасайтын ниетті тілмен айту мәселесіне келер болсақ, онда бұл дінге енгізілген жаңалық болып табылады, өйткені бұлай пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабалары да және имамдардың біреуі де істемеген.
Шейхул-Ислам ибн Тәймийя айтқан: «Ниетті сырттай айту – бұл бидғат (діни жаңалық), әрі ертең Рамазан күндерінің бірі болатынын білетін және ораза тұтқысы келетін әрбір адам ниетін бекітуге міндетті» (“Мәджму’ул-фәтауа” 25/215).
