Орал қаласындағы «Туған елге тағзым» зерттеу-экспедициясының алтыншы күні
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті - еліміздің Батыс өңіріндегі ірі жоғары оқу орындарының бірі. Бұл жоғарғы оқу орны ел болашағы - білікті мамандарды тәрбиелеуде көп жылдар бойы үлкен қызмет атқарып келеді. Екі жыл бұрын 50 жылдығын тойлаған жоғарғы білім ордасы бүгінде 35 мамандық бойынша бакалаврлар, 2 мамандық бойынша жоғары арнайы және 24 мамандық бойынша магистрлерді, 4 мамандық бойынша докторантураға дайындау жұмыстарын жүргізеді. Бүгін біз Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны ат басын бұрған едік. 
Аграрлық-техникалық университетке оқу сапарында біз бекіре балықтарының популяциясын өсіру үрдісін зерттеп және Ғылыми Зерттеу Орталығында инжиниринг пен ресурс үнемдеу бөлімінде тәжірибелер жүргіздік.





Ал бағдарлама бойынша сапарымыз Шаруалар соғысының басшысы - Емельян Пугачев үй-мұражайына саяхат жасаумен өз жалғасын тапты.
Бұл соғыс - Е.Пугачев бастаған Ресейде 1773-75 жылы болған шаруалар көтерілісі. 1773 жылы қыркүйекте ол жинаған астыртын қол Елек, Татищев, Сақмар бекіністерін алды. 5 қазанда көтерілісшілер Орынборды қоршады. Көтерілісшілер саны 25 мыңға жетіп, 86 зеңбірегі болды. Олар патша үкіметі жіберген жазалаушы жасақтарды бірінен кейін бірін талқандады. 1774 жылы көтеріліс Оңтүстік Урал, Қазан губерниясының шығыс бөлігін, Батыс Сібірді, Батыс Қазақстанды қамтыды. Екатерина II көтерілісті басуға 20 мыңға тарта жаяу әскер мен атты әскер полктерін жұмсады. КөтерілісшілердіңЦарицынға жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Осы жерде көптеген Дон казактары мен қалмақтар тарап кетті. Пугачев Волга сыртына қашты, бірақ көп ұзамай қолға түсті. 1775 жылы Мәскеуге әкелініп, дарға асылды. Көтерілісшілер қатал жазаланды. 1775 жылы жазда көтеріліс толық басылды. Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары қатысқан бұл көтеріліс қазақ халқының Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарының басталуына ықпал етті. Бұл соғыс қазақ халқының өміріне айтарлықтай әсер етіп, Ресей үкіметінің болашақтағы отаршылдық саясатына қарсы күресіне негіз қалады. Үй-музейде осындай секілді көптеген танымдық мәліметтермен танысып, сол кездегі қолданылған заттар мен соғыс қарулары, көтеріліс басшысы қолданған жеке заттармен таныстық. 

