Қорғаныс министрлігінде Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті
Бүгін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сәкен Жасұзақов депутаттарға әскери білім мен әскери ғылымды дамытудың жағдайы мен перспективалары туралы айтып берді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери кадрларды дайындаудың тұрақты жүйесі қалыптасты. Әскери білім жүйесі әскери ғылымның даму тәжірибесіне негізделген. Әскери өнердің теориясы мен тәжірибесін игерудің нақты әдістемесі жүйеленді.
Отырыс барысында депутаттар әскери кадрларды және жоғары әскери оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамын даярлау, олардың оқу-материалдық базасын нығайту, әскери-техникалық әзірлемелерге мемлекеттік тапсырысты жетілдіру мәселелерін, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде әскери білім жүйесін мектептердегі бастапқы әскери даярлықтан бастап жоғары білімге дейін жетілдіру, ғылыми мекемелердің қазіргі заманғы материалдық-техникалық базасын құру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ еліміздің қолданыстағы заңнамасын одан әрі жетілдіру арқылы Қазақстан Республикасындағы әскери білім мен ғылым процесін бұдан әрі дамыту қажеттігін атап көрсетті.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысына ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, ҚР Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарының, ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер комитетінің өкілдері қатысты.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
