Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Омыртқааралық диск жарығымен өмір сүру және де оның алдын алу

Сәлем, құрметті оқырман! Менің есімім Ануар және менде I4-I5 пен I5-S1 омыртқаларының арасында (бел маңы) екі омыртқааралық жарықтар (орысша грыжа) бар. Атауы қорқынышты естілсе де, іс жүзінде ол үлкен мәселе емес. Бул блогта мен өз оқиғамды баяндап, әркімде туындауы мүмкін жағдайдың алдын алуға көмектесетін тәжірибеммен бөліссем деймін.

Әңгімемді екі жарықтың пайла болуының баяндаумен бастайын. Оқиға ағымдағы жылдың наурыз айында оқудағы емтихандар аяқталысымен орын алды. Ол кезде мен кроссфитпен шұғылданатынмын және негізгі салмақты ауыр атлетикаға түсірдім. Оның ішінде - бітімге түсу, жұлқи көтеру және зіл темірмен жүрелеу. Әлбетте, алдыма еш шек қоймаған 20 жасар мен жаттығу залында үнемі үлкен салмақтарды көтеруге тырыстым. Күндердің бір күнінде белімнің маңайында сыздататын ауруды сезіп, жайсыздық әсерінен не отыра, не жата алмадым. Мәселенің түйткілін шешу үшін невропатолог маманның қабылдауына жазылып, белдегі аурудың себептерін іздей бастадым. Ғаламтор арқаға суық тиіп қалуы, жүйкенің шымыр етуі мүмкін дейді, ең қауіпті жағдайда ол протрузия немесе жарық болуы мүмкін еді. Өзімді жақсы сезінгендіктен аталған екі аурудың менде туындауы мүмкін болатыны жайлы мүлдем ойыма алмадым, себебі олар негізінде егде адамдар мен ауыр физикалық еңбекпен айналысатын жұмысшыларда ғана жиі кездеседі. Невропатолог менде протрузия болуы мүмкін деп күдіктенген соң мен Павлодарға келген бойда бел маңына МРТ жасадым. Нәтижесі мені де, ата-анамды да елең еткізді, МРТ суреті бел жанында екі ірі жарықты көрсетті.

Дәрігерлер менің әр істе мұқият болу керектігім жайлы айтып, артық қозғалыс жасап, күш салмауға кеңес берді, тек қарапайым қимылдарды орындауға рұқсат етілді. Оған қоса, ауырсынуды басу үшін бауыр мен басқа органдарға кері әсерін тигізетін дәрі мен курстарды тағайындады. Олар пайдаға аспаған соң екі апта бойы жабығып жүрдім де, кейін жинақталып, барлығын өз бетіммен шешуге бел будым. Мәселені өз қолыма алмасам, жағдай одан әрі ушығып кетуі мүмкін деген байламға келген мен омыртқамды, дене бітімімді нығайтып, қалыпқа келтіру үшін жүзумен белсенді айналысып, деңгейде тұру жаттығуларын жасаумен болдым. Араға ұзақ уақыт салмай, жасалған жұмыстың оң нәтижесі білініп, бүгінгі таңда өзімді жақсы сезінудемін және ауру нышандары мені мүлдем мазаламайды.

Протрузия кез-келген адамда туындауы мүмкін, сондықтан оның алдын-алу үшін келесі жаттығуларды жасаған жөн болады: омыртқааралық дискілерді жеңілдету үшін аяқ саусақтарын жерге тигізіп, белтемірге тартылу және Mckenzie’s lower back stretch (төмендегі суретте көрсетілген) деп аталатын жаттығуды күнде орындап,кроль жүзумен айналысқанмын Егер ауру пайда болса, ол омыртқа жүйкесіне қысым түсіріп, аяқта сезіле бастайды, сондықтан жоғарыда аталған қимылдардың арқасында жарық ішке қарай кері тартылады.

Қорытындылай келсек, бұл диагноздан қорқудың еш қажеті жоқ, тек өзіңді қолға алып, денсаулығыңа мұқият болуыңыз керек. Жаттығу залында ауыр салмақты құралдарды көтеру тартымды көрінгенмен, адамның физикалық жай-күйіне кері әсер беруі мүмкін. Егер бел маңында аз да болса ауру туындаса, оның өз бетімен жазылуын күтпей дәрігерге жүгінген жөн. Өйткені аурудың сезілуі - болашақ қатердің белгісі. Аман-сау жүріңіздер, бұл блог сіздерге пайдалы болар деген үміттемін!

0
0
1333

Осы тақырып бойынша

Омыртқааралық диск жарығымен өмір сүру және де оның алдын алу - Yvision.kz