Олжас Соғымбай: "Мемлекет басшысының мәлімдемесі хақында бірер сөз"
Дегенмен де, мемлекет басшысының жедел қабылдаған нақты шешімдерінің арқасында әлемді әуреге салған пандемияның алдын алу бойынша бірқатар нақты іс-шаралар қабылданды. Әрине, алғашында төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер енгізілгенде, тұрғындар тарапынан түсініспеушіліктер туындағаны рас. Бірақ осындай қиын қыстау күнде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тәртіпке бағыну арқылы ғана ауруды ауыздықтауға болатынын біз түсіндік.
Төтенше жағдай салдарынан уақытша табысынан айырылған жандарға әлеуметтік төлем тағайындалуы және банктердегі несиелік қарыздардың кейінге шегерілуі, бұның барлығы біз үшін, яғни елдің игілігі үшін жасалып жатқан игі іс деп санаймын.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі мәлімдемесінде осындай сын сағатта өмірін қауіпке тігіп, қызметін адал атқарып жүрген ақ халатты абзал жандардан бастап, вирусты жеңу жолында жұдырықтай жұмыла жұмыс жасап жүрген жандарға алғыс айтқаны көңіл қуантады. Мысалы, елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап Семей қаласында 100-ге жуық волонтер әр түрлі қайырымдылық бағыттағы акциялар ұйымдастыру арқылы 1000-ға жуық отбасыға көмек көрсетті. Мемлекеттік басшысының жарлығына сәйкес төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылатынын ескере отырып, аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын айтқым келеді.
Президентіміздің «Береке басы бірлікте» деген сөзі мәлімдеменің мәнін ашып, мағынасын келтіріп тұрғандай. Олай болса, осы орайда отандастарды бірлікке шақыра отыра, қаситетті Рамазан айында сабыр сақтап, індеттен сәуір айының соңына қарай тәуір болып, мамыр айында мамыражай күн кешейік. Келе жатқан 1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болғай!
Соғымбаев Олжас Амангелдіұлы - Семей қаласы жастар ресурстық орталығының директоры
